ҚАУЛЫ
2026 жылғы 22 қаңтар 6003-25-00-4к/2581 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев
судьялар Р.М.Айнақұлова, Ш.С.Манжуева
талап қоюшы А.Д.Отарбаеваның қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Отарбаева Алтынайдың жауапкер « Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Алматы облысы Іле аудандық тіркеу және жер қадастры бөліміне 2025 жылғы 28 шілдеде жүргізілген 2 чистотты GPS-апаратыменен өлшеу нәтижелерін және шекара бұзылғаны жөніндегі дәлелдерді іс материалдарына тіркеуді, бұл жаңадан анықталған мән-жайларды сот шешімін қабылдау кезінде ескеруді, жауапкер тараптың әрекеттеріне құқықтық баға беру туралы әкімшілік ісі бойынша,
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 тамыздағы ұйғарымына, Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі ұйғарымына түскен талап қоюшының кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 тамыздағы ұйғарымымен бұл талап әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындықтан, кері қайтарылған.
Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап қою арызын қайтадан қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдауды сұраған.
Жауапкердің өкілі сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот талап қоюшыны тындап, шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан белгілі болғанындай, талап қоюшының кейіннен нақтылап берген талаптарында ол жоғарыда көрсетілген 2025 жылғы 28 шілдеде жүргізілген 2 чистотты GPS-апаратыменен өлшеу нәтижелерін және шекара бұзылғаны жөніндегі дәлелдерді іс материалдарына тіркеуді, мұны жаңадан анықталған мән-жайларды сот шешімін қабылдау кезінде ескеруді және жауапкердің әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұраған.
Төменгі соттар талап қоюшының арызын кері қайтара отырып, берілген талап қою әкімшілік акт немесе әрекет (әрекетсіздік) болып танылмайтыны туралы тұжырым жасап, талап қоюшының талабы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деп уәждеген.
Себебі, өлшеу нәтижелерін және шекара бұзылғаны жөніндегі дәлелдерді іс материалдарына тіркеу және оны бұдан бұрын аталған жер учаскесіне қатысты азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралған істер бойынша жаңадан анықталған мән-жайлар ретінде қабылдау, бұл талап қоюшының процесстік іс-әрекеттеріне және бөлек талап қою тәртібен қаралуға жатады.
Осының негізінде, ӘРПК 138-бабы екінші бөлігінің 11)-тармақшасына сілтеме жасап, қойылған талап әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген тұжырымдамаға келген.
Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қорытындыларымен келіседі, олар материалдық құқық нормалары мен істің мән-жайларын дұрыс қолдануга негізделген.
ӘРПК-нің 102-бабы екінші бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
ӘРПК-нің 4-бабы бірінші бөлігі 9) - тармақшасына сәйкес, әкімшілік талап қою (талап қою) – жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап.
Әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібінде, әкімшілік актіге немесе әкімшілік органның әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым келтіріледі.
ӘРПК-нің төртінші бабының бірінші бөлігінің 4) - тармақшасына сәйкес, әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.
Анықталғандардың негізінде, берілген талап қою әкімшілік акт немесе әрекет (әрекетсіздік) болып танылмайтыны туралы, талап қоюшының талабы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындығы туралы деген тұжырымдамаға төмеңгі соттар дұрыс келген.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың ұйғарымдарын заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал оның осы тұжырымдармен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Іс бойынша қабылданған төменгі соттардың ұйғарымдарының күшін жоюға, сөйтіп талап қоюшының кассациялық шағымын қанағаттандыруға еш негіз жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1)- тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 тамыздағы ұйғарымы, Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Отарбаева Алтынай Дастановнаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Нұралиев Р.Айнақұлова
Судьялар
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.