№6003-26-00-2к/1145
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 25 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар Н.Б.Ормаханов, А.К.Есдаулетов, прокурор Л.Жоламанованың, талап қоюшының өкілі Т.Т.Ахметовтың,
жауапкер Дауылкөл ауылдық округі әкімі С.Зайыровтың қатысуларымен, ашық сот отырысында бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Нурбол Аманкосович Тогизбаевтың жауапкерлер Қармақшы ауданы Дауылкөл ауылдық округі әкіміне, «Дауылкөл ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне тәртіптік жаза қолдану туралы өкімдердің заңсыздығын танып, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру және бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қоюы бойынша Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қазандағы қаулысына жауапкер Дауылкөл ауылдық округі әкімінің кассациялық шағымымен түскен электрондық азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Н.А.Тогизбаев сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда өзіне қатысты Қармақшы ауданы Дауылкөл ауылдық округі әкімінің (бұдан әрі -әкім) 2025 жылғы 18 сәуірдегі №19-ө/жқ өкімімен (бұдан әрі - №19-ө/жқ өкім) «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаның күші жойылғанын және 2025 жылғы 22 сәуірдегі №20-ө/жқ өкімімен (бұдан әрі - №20-ө/жқ өкім) мемлекеттік қызметтен босатылғанын, яғни жауапкерлер тарапынан бір теріс қылық үшін екі рет тәртіптік жаза қолданылғанын, қызметтік тергеп-тексеру заң талаптарын бұза отырып жүргізілгенін, тәртіптік жаза қолдану мерзімі өткізіліп алынғанын көрсетіп, аталған өкімдерді заңсыз деп танып, күшін жоюды, бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды және лажсыз бос жүрген уақыты үшін жалақы өндіруді сұраған.
Қармақшы аудандық сотының 2025 жылғы 10 шілдедегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының интернет желісі арқылы букмекерлік кеңселерде бәс тіккені анықталғанын, бұл «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12бабында көзделген шектеулерді бұзу болып табылатынын, ал мемлекеттік қызметшінің мұндай шектеулерді сақтамауы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі -Заң) 61-бабы 1- тармағының 8) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметті тоқтатуға негіз болатынын көрсеткен. Сондай-ақ әкімнің №19-ө/жқ өкімімен бұрын қолданылған «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаның күшін жоюы «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 3-тармағына
сәйкес жүзеге асырылғанын, ал қызметтік тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Президентінің 2015 жылдың 29 желтоқсанындағы № 152 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының (бұдан әрі – Қағида) талаптарына сай жүргізілгенін көрсетіп, даулы өкімдерді заңсыз деп тануға негіздер жоқ деген тұжырымға келген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертілген.
Шешімнің талап қоюшыны атқаратын мемлекеттік лауазымынан босату туралы №20-ө/жқ өкімді заңсыз деп тану, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру және жалақы өндіру туралы талаптарды қанағаттандырудан бас тарту бөлігінің күші жойылып, осы бөлікте жаңа шешім қабылданған.
Апелляциялық сот әкімнің №20-ө/жқ өкімін заңсыз деп танып, күшін жойған, Н.А.Тогизбаевты «Дауылкөл ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас маманы қызметіне қайта орналастырған және оның пайдасына бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 1 515 412 теңге жалақы өндірген.
Апелляциялық сот тәртіптік жаза қолдану мерзімі бұзылғанын, қызметтік тергеп-тексеру Қағиданың 45-тармағында белгіленген бес жұмыс күні ішінде тағайындалмағанын, сондай-ақ талап қоюшыға бір теріс қылық үшін бастапқыда «ескерту» түріндегі жаза қолданылып, кейін сол әрекет үшін қайтадан жұмыстан босату түріндегі жаза қолданылғанын көрсеткен.
Жауапкер Қармақшы ауданы, Дауылкөл ауылдық округінің әкімі кассациялық шағымында апелляциялық сот қаулысы заңсыз екенін, себебі әкімнің №19-ө/жқ өкімі заңды қабылданғанын, тәртіптік теріс қылық анықталған күн ретінде тәртіптік комиссияның 2025 жылғы 18 сәуірдегі ұсынымы есептелуге тиіс екенін, сондықтан 2025 жылғы 22 сәуірдегі жұмыстан босату туралы өкім бір айлық мерзім шегінде қабылданғанын, сонымен қатар талап қоюшының букмекерлік кеңседе бәс тіккені толық дәлелденгенін, мемлекеттік қызметші ретінде заңда белгіленген шектеулерді бұзғаны үшін оны қызметтен босату заңды болғанын, ал қызметтік тергептексеруді тағайындау мерзіміне қатысты бұзушылықтар формальды сипатта болып, қабылданған шешімнің заңдылығына әсер етпейтінін көрсетіп, сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, тараптардың түсініктерін, прокурордың сот қаулысын күшінде, шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актілерінің күшін жоюға негіз болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Н.А.Тогизбаев Дауылкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметіне 2024 жылғы 31 мамырдағы №299-ө/жқ өкімімен тағайындалған.
Қармақшы ауданы прокуратурасының 2025 жылғы 25 ақпандағы заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсынысы Дауылкөл ауылдық округі әкімдігіне 2025 жылғы 3 наурызда тіркелген. Аталған ұсыныста талап қоюшының букмекерлік кеңсесінде интернет желісі арқылы бірнеше рет бәс тіккені көрсетілген.
Осы ұсыныс негізінде әкімнің 2025 жылғы 5 наурыздағы №1-ө/жқ өкімімен талап қоюшыға «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.
Кейін, әкімнің 2025 жылғы 27 наурыздағы №10-ө/жқ өкімімен талап қоюшыға қатысты қызметтік тергеп-тексеру тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының (бұдан әрі – Қағида) 45-тармағына сәйкес, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тәртіптік теріс қылықтары бойынша қызметтік тергеп-тексеру мемлекеттік әкімшілік қызметшіні лауазымға тағайындау және лауазымынан босату құқығы бар лауазымды адамға жасалған теріс қылық туралы мәлімет келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тағайындалуға тиіс.
Демек, қызметтік тергеп-тексеру 2025 жылғы 3 наурызда тіркелген прокуратура ұсынысынан кейін бес жұмыс күні ішінде емес, тек 2025 жылғы 27 наурызда тағайындалған.
Апелляциялық сот бұл мән-жайды дұрыс бағалап, Қағиданың 45тармағының талаптары бұзылған деген негізді тұжырымға келген.
Жауапкердің аталған мерзім бұзушылығы формальды сипатта болды деген уәжімен кассациялық сот келіспейді.
Себебі қызметтік тергеп-тексеруді тағайындау мерзімі мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауаптылыққа тартылуы кезінде құқықтық айқындық пен рәсімдік кепілдіктерді қамтамасыз етуге бағытталған арнайы норма болып табылады.
Сондықтан мұндай талаптардың сақталмауы тәртіптік өндірістің заңдылығына тікелей әсер етеді.
Заңның 45-бабының 1) тармақшасына сәйкес тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.
Іс құжаттарына сәйкес прокуратура ұсынысы Дауылкөл ауылдық округі әкімдігіне 2025 жылғы 3 наурызда келіп түскен және дәл осы күннен бастап жауапкерге талап қоюшының тәртіптік теріс қылығы туралы белгілі болған.
Бұған қоса, осы мәліметтердің негізінде талап қоюшыға 2025 жылғы 5 наурызда «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.
Бұл өз кезегінде жауапкердің 2025 жылғы 5 наурызға дейін талап қоюшының тәртіптік теріс қылығы туралы хабардар болғанын білдіреді.
Осыған қарамастан талап қоюшыны мемлекеттік қызметтен босату туралы №20-ө/жқ өкім тек 2025 жылғы 22 сәуірде қабылданған.
Апелляциялық сот дұрыс көрсеткендей, бұл тәртіптік жаза қолданудың бір айлық мерзімін өткізіп алу болып табылады.
Жауапкердің тәртіптік теріс қылық анықталған күн ретінде 2025 жылғы 18 сәуірдегі тәртіптік комиссия ұсынымының күні есептелуі тиіс деген уәждері негізсіз.
Қағиданың 71-1-тармағына сәйкес уәкілетті адамға мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылық жасағаны жөнінде белгілі болған күн тәртіптік теріс қылықтың анықталған күні болып саналады.
Іс бойынша мұндай мәліметтер жауапкерге прокуратура ұсынысы келіп түскен кезде белгілі болған және сол негізде талап қоюшыға бастапқы тәртіптік жаза қолданылған.
Сондықтан теріс қылық анықталған күнді кейінгі тәртіптік комиссия ұсынымымен байланыстыру заң талаптарына қайшы келеді.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 12-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды.
Ал Заңның 61-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулерді сақтамауы мемлекеттік қызметті тоқтатуға негіз болып табылады.
Кассациялық сот талап қоюшының букмекерлік кеңселерде бәс тіккені жөніндегі мән-жайлар іс құжаттарымен расталатынын назарға алады.
Алайда тәртіптік жауаптылықты қолдану кезінде арнайы заңдарда белгіленген рәсімдік кепілдіктер мен мерзімдер қатаң сақталуға тиіс.
Мемлекеттік қызмет саласындағы тәртіптік өндіріс жария-құқықтық сипатқа ие болғандықтан, уәкілетті орган тәртіптік жазаны тек заңда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде ғана қолдануға құқылы. Тәртіптік жауаптылық мәселелері материалдық және процестік құқық нормаларының жиынтығымен реттеледі және олардың сақталмауы қабылданған актінің заңсыздығына әкеп соғады. Апелляциялық сот талап қоюшыны жұмысқа қайта орналастыру және бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы мәселені де заң талаптарына сай шешкен.
Еңбек кодексінің 161-бабының 1-тармағына сәйкес бұрынғы жұмысына қайта алынған жұмыскерге бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін, бірақ алты айдан аспайтын кезеңге жалақы төленеді.
Іс құжаттарындағы анықтамаларға сәйкес апелляциялық сот талап қоюшының пайдасына 1 515 412 теңге жалақыны негізді өндірген.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер апелляциялық соттың тұжырымдарын жоққа шығармайды, сот актісінің заңсыздығын көрсететін жаңа мән-жайлар мен дәлелдер келтірілмеген.
Сондықтан апелляциялық сатыдағы сот қаулысын күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қазандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Джаппарова
Судьялар
А.Есдаулетов
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.