Қ А У Л Ы
2026 жылғы 2 сәуір №6003-25-00-2к/5718 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы Г.З.Зиябекованың және оның өкілі Р.А.Досхановтың, жеке нотариус Е.Н.Амирхановтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Гулнур Зиябеккызы Зиябекованың (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкерлер Оралбек Зиябекович Жеткеровке, Дінмұхаммед Оралбекұлы Зиябекке сыйға тарту шарттарын және сенімхатты жарамсыз деп тану туралы электрондық азаматтық істі үшінші тұлға жеке нотариус Ербулат Назирханович Амирхановтың (бұдан әрі - нотариус) Түркістан облысы Төлеби аудандық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы жеке ұйғарымы (бұдан әрі - жеке ұйғарым) мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 қарашадағы ұйғарымына (бұдан әрі - алқа ұйғарымы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкерлер заңсыз мәмілелер жасағанымен негіздеген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Түркістан облысы Төлеби аудандық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімімен талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырылып, нотариуспен куәландырылған 7 мәміле және 1 сенімхат жарамсыз деп танылған.
Сонымен бірге, сотпен нотариус тарапынан мәмілелер мен сенімхатты куәландыру нотариаттық іс-әрекеттерін жасауда заң талаптарын бұзушылыққа жол беру фактісі бойынша Шымкент қаласының нотариаттық палатасының назарына жеткізіліп, тиісті шара көру туралы жеке ұйғарым шығарылған.
Алқа ұйғарымымен жеке ұйғарым өзгеріссіз қалдырылған.
Нотариус кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, жеке ұйғарым мен алқа ұйғарымының күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Істің мән-жайларына сәйкес 2023 жылдың 29-31 қазан күндері К.Жеткерова өзіне тиесілі бір қатар жылжымайтын мүліктерін жауапкер О.З.Жеткеровке нотариалды түрде сыйға тартқан.
Сонымен қатар, 2023 жылғы 29 қазандағы №15949 тізілімдегі нотариалды куәландырылған сенімхатқа сәйкес К.Жеткерова мемлекеттік және уәкілетті органдарда өзінің мүддесін білдіруге, арыздар беруге, өзінің атынан сатып алу-сату, сыйға тарту шарттарына қол қою өкілеттігін жауапкер Д.Зиябекке өкілдік берген.
Қайтыс болу туралы куәлікке сәйкес К.Жеткерова 2023 жылғы 10 желтоқсанда қайтыс болған.
Соттар нотариуспен даулы сыйға тарту шарттарын куәландыру түріндегі нотариаттық іс-әрекеттерді жасау барысында «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының бірнеше рет өрескел бұзылуына жол бергенін анықтаған.
Атып көрсеткенде, сыйға беруші К.Жеткеровамен мәміле жасалған кезде оның ауруханада емделіп жатқаны, нотариаттық іс-әрекет ауруханада емделу орнында жасалғаны, ал сыйға тарту шартының куәландыру жазбасында нотариаттық әрекет жасалған уақыты көрсетілмегені, нотариаттық іс-әрекеттің жасалған орны жазылмағаны бекітілген.
Бірінші сатыдағы сот ұйғарымы негізінде жүргізілген 2025 жылғы 25 ақпандағы №1211/222 сот-психиатриялық-психологиялық сараптама қорытындысына сәйкес К.Жеткерованың 2023 жылғы 29-31 қазандағы сыйға тарту шарттарын, сенімхатты жасау кезінде «Аралас аурулар шарттаған тұлға мен мінез-құлықтың органикалық бұзылуы, интеллектуалды-мнестикалық функцияларының айқын төмендеуімен» түріндегі созылмалы психикалық аурумен ауырғаны, бұл аурумен 2023 жылдың шілде айынан ауырғаны, мәмілелердің әрбірін жасау бойынша өзінің әрекеттерінің іс жүзіндегі сипаты мен мәнін ұғына алмағаны және оларға ие бола алмағаны, өз бетінше дербес өзінің азаматтық және процессуалдық құқықтары мен міндеттерін тиісінше орындай алмағаны, мәмілелерді жасау кезінде өзінің мінез-құлқын, әрекеттерін (әрекетсіздігін) ерікті басқару қабілетін шектейтін, қиындататын және мүмкіндік бермейтін «Аралас аурулар шарттаған тұлға мен мінезқұлықтың органикалық бұзылуы, интеллектуалды-мнестикалық функцияларының айқын төмендеуімен» түріндегі созылмалы психикалық ауру жағдайында болғаны жөнінде тұжырым жасалған.
Нотариус К.Жеткерованың денсаулығына, әрекет қабілеттігіне жете назар аудармай, құжатқа қол қоя алмайтынын, құжатқа қол қоятын тұлға А.К.Ибрагимованың қатысқанын көрсете отырып, қол қоюшы тұлға мәмілелерге өзінің аты-жөнін жазып, қол қоюдың орнына К.Жеткерованың аты-жөнін жазуына жол берген.
Сонымен қатар, нотариуспен К.Жеткерованың атынан мүлікті иеліктен шығару туралы 2023 жылғы 29 қазандағы №15949 тізілім бойынша
куәландырылған сенімхат жоғарыда аталған заң талаптарына сай келмейтіні анықталған.
Істің мұндай тұрғысында, яғни нотариус өзінің міндеттемелерін тиісті түрде орындамағанын, соның салдарынан тараптар арасында дау туындағанын ескере отырып, бірінші сатыдағы сотпен жеке ұйғарым АПК-тің 270-бабының 1-бөлігіне сай заңды әрі негізді шығарылған.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Жеке ұйғарым өзгеріссіз қалдырған алқа ұйғарымы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 қарашадағы ұйғарымы күшінде, үшінші тұлға жеке нотариус Ербулат Назирханович Амирхановтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.