ВС РК - Постановление от 25.01.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1940 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 25 қаңтар №6001-23-00-6ап/1940 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып, талап қоюшылар И[...], И[...], мүдделі тұлға К[...] өкілі – Ж[...]

қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар И[...], И[...] жауапкер Шымкент қаласының әкіміне 2021 жылғы 14 қаңтардағы №19 қаулыны заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшылар И[...], И[...] келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар И[...], И[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 ақпандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымымен сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызы қараусыз қайтарылған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138–бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сай, сот алқасы талап қою арызын беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартып, талап қою арызын қайтарған.

Қассациялық шағымда талап қоюшылар И[...], И[...] апелляциялық саты сотының сот актісінің күшін жоюды, бірінші сатыдағы сот шешімін қайта қалпына келтіруді сұраған.

Мүдделі тұлға К[...] өкілі - Ж[...] кассациялық шағымның уәждерімен келіспей, іс бойынша қабылданған апелляциялық саты сотының ұйғарымын өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

Талап қоюшылар кассациялық шағымды қолдаған пікірін және мүделлі тұлғаның өкілінің қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, шағым уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Апелляциялық алқа соты тарапынан мұндай кемшіліктер орын алған.

Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 43-бабына сәйкес жер теліміне меншік құқығын табыстау қала әкімдігінің өз құзіреті шегінде жүзеге асырады, осы Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес, жер учаскесін беру немесе жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешім жер комиссияның қорытындысы негізінде қабылданады.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Шымкент қаласы, [...] іргелес 0,0410 га жер телімі бос жатқанын, талап қоюшылардың жерді беру туралы өтінішіне Шымкент қаласының әкімдігі жер телімі стадион аумағында орналасқан деген себептермен бермеген. Бірақ, Шымкент қаласының әкімдігінің 2018 жылғы 3 қаңтардағы №10 қаулысымен аталған даулы жер телімі мүдделі тұлға К[...] 2 жылға жалға берілген.

2021 жылы 14 қаңтарда №19 қаулысымен даулы жер телімі К[...] қайта ұзақ мерзімге 5 жылға жалға берілгені анықталған.

Талап қоюшылар шағымды қарайтын Шымкент қаласы әкімдігінің ресми жауабын 2022 жылы 19 шілдесінде алып, бір ай мерзімінде 2022 жылы 27 шілдесінде сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 ақпандағы шешімімен Шымкент қаласы әкімінің 2021 жылғы 14 қантардағы №19 қаулысының К[...] 0,0410 га жер учаскесіне уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы бөлігі заңсыз деп танылған.

Апелляциялық сатыдағы сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіспей, ӘРПК-нің 136 бабының бесінші бөлігіне сай, құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделі әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктермей сотқа талап қоюды беруге құқылы. Талап қоюшылар И[...], И[...] Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес әкімшілік рәсемге қатысушы болып табылмайды, себебі даулы қаулы мүдделі тұлға К[...] қатысты қабылданғанымен негіздеген.

Апелляциялық саты сотының мұндай тұжырымдарын заңды әрі негізді деп санауға болмайды. Іс құжаттарына қарағанда, стадион құрылысы үшін жоспарланған жер учаскесі талап қоюшы И[...] пен К[...] тұрғын үйлерінің ортасында орналасқан.

Даулы жер телімін талап қоюшылар 2017, 2018, 2020, 2022 жылдары сұрағаны және жер телімін беруден бас тартылғаны іс құжаттармен дәлелденген.

2018 жылғы 3 қаңтарда Шымкент қаласының әкімдігінің №10 қаулысымен даулы жердің алаңы 0,0410га К[...] 2 жылға көгалдандыру мақсатында берген. 2021 жылы 14 қаңтардағы №19 қаулысымен даулы жер телімі К[...] қайта 5 жылға берілген. И[...] және И[...] әкімшілік рәсімге қатысушы болып табылады, себебі олар даулы жер учаскесіне иелік етуге К[...] сияқты үміткер болған.

Сондықтан апелляциялық саты сотының талап қоюшыларға сотқа талап қоюдың тиым салынған мерзімін қолдануы қате болып табылады.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот актісінің күші жойылуға жатады.

Дау апелляциялық саты сотымен мәні бойынша қаралмағандықтын, іс сол сотқа жаңадан қарауға, ал қассациялық шағымдары ішінара қанағаттандыруға жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымының күші жойылсын, іс аппеляциялық сатыға қайта қарауға жолдансын.

Талап қоюшылар И[...], И[...] кассациялық шағымдары ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар Е. Өмірәлиев

Ғ. Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.