КСАД РК - Постановление от 07.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/17 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 7 тамыз 6003-25-00-4к/17 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева,

жауапкердің өкілі Е.С.Маткаримовтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Арабзада Мохаммад Алидің жауапкер «Шымкент қаласының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 13 маусымдағы №230 азаматтықты жоғалту туралы қорытындыны заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 қазандағы шешіміне, Шымкент қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына түскен талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Арабзада Мохаммад Али сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда жеңілдетілген тәртіппен өзінің азаматтығы мен ұлты туралы деректер ұсынып, Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанын, алайда Департамент азаматтықты жоғалту туралы қорытындысын негізсіз қабылдағанын көрсеткен.

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 қазандағы шешімімен Арабзада Мохаммад Алидің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған .

Талап қоюшының өкілі өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот отырысына талап қоюшының өкілі келмеді, өзінің арызында істі оның қатысуынсыз қарауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі, оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Кассациялық сот, жауапкер өкілінің шағым уәждерімен келіспеген түсінігін тыңдап, әкімшілік іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, келесі тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы Арабзада Мохаммед Али 1971 жылғы 1 қаңтарда Ауғанстан Ислам Республикасының Балх қаласында туылған. 2016 жылғы 25 қаңтарда G1-90 – жеке мақсаттағы визамен Қазақстан Республикасының аумағына келген, сол жылғы 15 ақпанда Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға өтініш берген.

«Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаменті» мемлекеттік мекемесінің (қазіргі уақытта «Шымкент қаласының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесі) 2016 жылғы 25 сәуірдегі қорытындысымен талап қоюшыға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берілген.

Сол себепті, талап қоюшы 2016 жылғы 4 шілдеде Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға өтініш берген.

Жауапкердің 2017 жылғы 31 мамырдағы қорытындысымен талап қоюшыға жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығы берілген.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы түскен Қазақстан Республикасының Ауғанстан Ислам Республикасындағы Елшілігінің 2024 жылғы 28 ақпандағы №22-22/0/12298-И хабарламасында Ауғанстан Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес талап қоюшының ұлты ауған, ана тілі өзбек және ресми түрде Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтығынан шықпағаны көрсетілген.

Осыған байланысты, жауапкер талап қоюшының Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқанын тіркеп, оны 2024 жылғы 13 маусымдағы №230 қорытындысымен бекіткен.

Талап қоюшының талаптарын қанағаттандырудан бас тарқан төменгі соттар талап қоюшы жеңілдетілген тәртіппен өзінің азаматтығы мен ұлты туралы жалған деректер ұсынғанын, сондықтан оның азаматтығын жоғалтқаны тіркелгенін шешімдерінде негізге алған.

Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың тұжырымдарымен келіседі, олар материалдық құқық нормалары мен істін мән-жайларына дұрыс негізделген.

Жоғарыда айтылғандай, Арабзада Мохаммад Али, 01.01.1971 жылы Ауғанстан Ислам Республикасының Балх қаласында туылған, Қазақстан Республикасының аумағына 2016 жылғы 25 қаңтарда G1-90 «жеке мақсаттағы» визасымен кірген.

2016 жылғы 15 ақпандағы Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға өтініш білдірген, өтінішпен бірге Ауғанстан Ислам Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Ақпараттық және статистика басқармасының» №3593566 санды мәліметін сәйкес ұлты қазақ, ана тілі қазақша деген нотариальдық аудармасын ұсынған.

"Халықтың көші-қоны туралы" Қақақстан Республикасы Заңының 49-бабы 4-тармағының талаптарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 26 қарашадағы №1185 қаулысына сәйкес 1320 АЕК сомасында ақша болуы туралы Қазақстан Республикасының банкінен анықтама ұсынылмаған жағдайда Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылуы мүмкін).

Осыны орындаудан талап қоюшы босатылған.

2016 жылғы 25 сәуірдегі Шымкент қаласы полиция департаментінің қорытындысымен оған Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берілген.

Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының «Азаматтық туралы» заңының 16-1 бабына сәйкес 2016 жылғы 4 шілдеде Қазақстан Республикасының азаматтығын, жеңілдетілген түрде алуға өтініш білдірген.

Өтінішпен бірге Қазақстан Республикасы Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 2024 жылғы 28 маусымдағы №2420 санды «Оралман куәлігінің» көшірмесін және Ауғанстан Ислам Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Ақпараттық және статистика басқармасының» №3593566 санды мәліметіне сәйкес ұлты қазақ, ана тілі қазақша деген нотариалдық аударма ұсынған.

Арабзада Мохаммад Алиге Қазақстан Республикасының азаматтығы 2017 жылы 31 мамырда берілген.

Алайда, Қазақстан Республикасы СІМ Консулдық қызметі департаментінен келіп түскен хатына сәйкес, Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Кабул қаласындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің 28.02.2024 жылғы шығыс №22-22/0/12298-И санды хатында «Ауғанстанның Ақпараттық және статистика басқармасының мәліметі бойынша Арабзада Мохаммад Алидің ұлты өзбек және Ауғанстан Ислам Әмірлігінің азаматтығынан шықпағаны» туралы көрсетілген.

Шымкент қаласы полиция департаментінің 13.06.2024 жылғы қорытындысымен Арабзада Мохаммад Алидің Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы тіркелді.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру туралы өтінішхат (өтініш) Заңның 17-бабында көзделген негіздер болған кезде қабылданбайтынын ескере отырып, Ауғанстан Ислам Әмірлігінің азаматы Арабзада Мохаммад Алиге Қазақстан Республикасының азаматтығын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ-деген тұжырымға бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар дұрыс келген.

Істің мұндай тұрғысында, төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал талап қоюшы тарапынан сотттардың тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды. Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 қазандағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Нұралиев Судьялар

Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.