Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 08.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/1210 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 8 мамыр №6003-26-00-2к/1210 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Қадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшының өкілі Н[...],

жауапкердің өкілі Х[...],

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкер «A[...]» акционерлік қоғамына қойған қарыз шарты бойынша міндеттемелерді үшінші тұлғаға аудару туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының № 2 сотының 2025 жылғы 18 қарашадағы шешіміне және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2026 жылғы 27 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшы талап қоюында 2024 жылғы тамызда С[...] аукционнан арзан бағаға автокөліктер сатылатынын есітіп, 4 000 000 теңгеге «КИА - Серато» маркалы автокөлігін сатып алуға келісіп, «A[...]» акционерлік қоғамынан (бұдан әрі - Банк) 4 500 000 теңге несие алып, оның 4 000 000 теңгесін С[...] қолма қол бергенін, алайда ол автокөлікті алып бермей, алаяқтық жасағаны үшін сот үкімімен сотталғанын көрсетіп, қарыз көлік құралын алу үшін үшінші тұлғаға берілгендіктен қарыз шарты бойынша міндеттемелерді үшінші тұлға С[...] аударып, өзін Банк алдындағы міндеттемелерден босатуды сұраған.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші саты сотының шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.

Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкерлердің өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 8-бабының 4,5 тармақтарына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер -

бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс. Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды.

Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi.

АК-нің 712 - бабының 1 - бөлігіне сәйкес заем шарты бойынша бiр тарап (заем берушi) басқа тараптың (заемшының) меншiгiне (шаруашылық жүргiзуiне, оралымды басқаруына) ақша немесе тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды бередi, ал осы Кодексте немесе шартта көзделген жағдайларда оларды беруге мiндеттенедi, ал заемшы заем берушіге дәл осындай ақша сомасын немесе осы тектегi және сападағы заттардың тең мөлшерiн уақытында қайтаруға мiндеттенедi.

2024 жылғы 10 тамызда К[...] пен Банк арасында №EM24940009133212 қарыз шарты жасалып, талап қоюшы 4 461 923 теңге қарыз алған. Талап қоюшының Банктен қарызды өз еркімен заң талаптарына сай рәсімдеп алғаны, қарыз шарты оның арызына сай жасалғаны даусыз анықталған.

2024 жылғы 24 қарашадағы сот үкімімен үшінші тұлға С[...] Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1, 4 тармақтарымен кінәлі деп танылып, 3 жыл бас бостандығынан айыру түріне жазаланған. Қылмыстық іс аясында талап қоюшы жәбірленуші ретінде танылып, оның пайдасына С[...] 4 000 000 теңге залал өндірілген.

Сот үкіміне сай талап қоюшының үшінші тұлғаның алдауында болғаны осы екі тұлғаның арасындағы автокөлік сатып алу туралы келісіміне қатысты екені анықталған, ал, олардың арасындағы қатынасқа Банктің қатысы анықталмаған және банктік қарыз шартына қатысты мәселе қаралмаған.

Демек, талап қоюшы мен Банк арасындағы қатынас осы несие шартымен шектеледі, талап қоюшының қарызды алғаннан кейін өз қалауымен билік етіп, үшінші тұлғаға аудару әрекетіне Банктің қатысы жоқ, сондықтан талап қоюшыны Банк алдындағы жауаптылықтан босатып, бұл жауаптылықты үшінші тұлғаға аударуға негіз жоқ.

Кез-келген тұлғаның басқа тұлғаға зиян келтiру мүмкіндігін туындатып, құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмеуі тиіс.

Төменгі сатыдағы соттармен іс бойынша маңызы бар дәлелдемелер істі қарау барысында тексерілген, оларға төменгі сатыдағы соттармен дұрыс баға берілген, оларға қатысты тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған. Шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ. Касациялық шағым қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының № 2 сотының 2025 жылғы 18 қарашадағы шешімі және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2026 жылғы 27 қаңтардағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Ғ.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

М.Қадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.