№6003-25-00-2к/4273
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 9 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы Е.М.Тауасаровтың, жауапкер өкілі Б.Ш.Байдаулетовтың қатысуымен,
бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 сәуірдегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Ердаулет Мухамбетжанович Тауасаровтың жауапкер жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасының Түркістан облысындағы филиалы, Түркістан жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтарын заңсыз деп танып күшін жою жайлы электрондық азаматтық ісін қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Е.М.Тауасаров сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда заңсыздығына байланысты жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасының Түркістан облысындағы филиалы, Түркістан жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының (бұдан әрі - Палата) жоспардан тыс бақылау жүргізу туралы 2024 жылғы 19 маусымдағы №02-30/19 бұйрығының және өзіне тәртіптік жаза қолдану туралы 2024 жылғы 23 тамыздағы №02-06/23-08/18, 13 қыркүйектегі №02-06/13-09/13 бұйрықтарының күшін жоюды сұраған.
Түркістан қалалық сотының 2025 жылғы 27 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына бірінші саты сотының жоспардан тыс бақылау жүргізу туралы бұйрықты даулауға талап қою мерзімінің өтіп кеткені және тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтарды қабылдауда заң талаптарының бұзылуы орын алмағаны жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.
Апелляциялық сатыдағы соттың 2025 жылғы 30 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгертілген, даулы 2024 жылғы 13 қыркүйектегі №02-06/13-09/13 бұйрықтың күші жойылып, шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот шешімінің өзгертілуіне, бір мезгілде жүргізілген екі тексерудің қорытындысымен екі бөлек тәртіптік жаза қолданудың заңсыз деп танылуы негіз болған.
Жауапкердің кассациялық шағымы, апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық құқық нормаларының бұзылуына, тәртіптік жазаның Ереженің талаптарына сәйкес қолданылуына негізделіп, осы сот актісінің күшін жою сұралған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Кассациялық сотпен АПК-тің 449-бабының 1-бөлігінің талабы бойынша істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде, тек iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде апелляциялық сатыдағы сот қаулысының заңдылығы тексерілді.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының (бұдан әрі - Заң) 170-бабының 1-тармағының талабына сәйкес, Қазақстан Республикасы заңнамасының, Жеке сот орындаушыларының кәсіптік ар-намыс кодексінің және Республикалық палата жарғысының талаптарын бұзғаны үшін жеке сот орындаушысына тәртіптік жауаптылықтың мынадай түрлері қолданылады:1) ескерту; 2) сөгіс; 3) қатаң сөгіс; 4) уәкілетті органға жеке сот орындаушысының лицензиясынан айыру туралы ұсыну бере отырып, Республикалық палата мүшелігінен шығару.
Жеке сот орындаушысының тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін бір ғана тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.
Іс құжаттарына қарағанда, Әділет департаментімен жеке сот орындаушысы Е.М.Тауасаровтың қызметіне тексеру 2024 жылғы 24 маусым мен 3 шілде аралығында, Палатамен жоспардан тыс бақылау 2024 жылғы 24 маусым мен 5 шілде аралығында жүргізілген.
Жүргізілген тексеру мен жоспардан тыс бақылаудың қорытындысымен анықталған бұзушылықтардың түрі тектес, олар Заңның 39-бабында көзделген атқарушылық құжатты орындау мерзімінің бұзылуына қатысты болған.
Е.М.Тауасаровпен одан кейін теріс қылық жасауды жалғастыру орын алмаған, жаңа теріс қылықтары анықталмаған.
Аталған мән-жайлар іс құжаттарымен расталған және тараптармен дауланбаған.
Алайда, оған қарамастан 2024 жылғы 27 маусымда анықталған бұзушылықтардың қаралуы қорытындысымен Е.М.Тауасаровқа «сөгіс», оған дейін 24 маусымда анықталған бұзушылықтардың қаралуы қорытындысымен «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазасы қолданылған.
Қазақстан Республикасы жеке сот орындаушылар Республикалық палатасы Президиумының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі отырысында бекітілген жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілігі туралы Ережесінің 2- бөлігінің 2.10-тармағының талабы бойынша, жеке сот орындаушысында өтелмеген тәртіптік жаза болған кезде оған ұқсас немесе онша қатаң тәртіптік жаза қолдануға болмайды, қатаңдықтың өсуі бойынша немесе теріс қылықтың
ауырлығына сәйкес келетін өзге де неғұрлым қатаң тәртіптік жаза қолданылады.
Бір мезгілде жүргізілген екі тексерудің қорытындысымен анықталған бір тектес бұзушылықтарды, жауапкермен екі бөлек қаралып, ол бойынша неғұрлым қатаң тәртіптік жаза қолдануға негіз болмаған.
Осы мән-жайларға байланысты кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіседі, себебі соттың тұжырымдары жанжақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.
Соттың тұжырымдарымен бір тараптың келіспеуі өздігінен дауланған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды.
Осы мән-жайларға байланысты кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармағын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 сәуірдегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар А.Есдаулетов
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.