№6003-25-00-2к/333
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 22 қыркүйек Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Рамазанова, А.А.Айкенова, прокурор А.С.Калмашовтың,
талап қоюшының өкілі Т.Э.Саитгалиевтың,
жауапкердің өкілі Н.Айтбаеваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Аскар Муратбаевич Желтауовтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрлігі Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі (Ақтау қаласы)» мемлекеттік мекемесіне қызметтен босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақысын және моральдық зиян өндіру туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық ісі бойынша қабылданған Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2024 жылғы 17 қазандағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
А.М.Желтауов сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2024 жылғы 17 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Талап қоюшы А.М.Желтауов 2015 жылғы 17 тамыздағы №206 бұйрықпен Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушысы ретінде жұмысқа қабылданған.
Іс құжаттарындағы қызметтік тексеріс қорытындысымен анықталғандай 2024 жылғы 22 сәуірде, шамамен сағат 09.30-да, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде А.Желтауов пен оның қарамағындағы өрт сөндіруші-құтқарушысы Б.Қалдыбаев арасында түсінбестік болып, арты төбелеске ұласқан. Нәтижесінде А.Желтауовтың денсаулығына орта дәрежедегі зиян келтірілген.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі-ҚК) 107-бабының 1-бөлігімен Б.Қалдыбаевқа қатысты басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндіріс тараптар А.М.Желтауов пен Б.Қалдыбаев өзара татуласуына байланысты тоқтатылған. 2024 жылғы 05 шілдеде тәртіптік комиссия А.М.Желтауовты қызметтік тәртіпті өрескел бұзып, қызметкердің қызметтік міндеттерін орындамағаны үшін теріс қылықпен азаматтық қорғау органынан босату туралы шешім қабылдаған.
2024 жылғы 05 шілдедегі №123 бұйрықпен А.М.Желтауов Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының 80-бабының 1- тармағының 12) және 13) тармақшаларымен азаматтық қорғау органдарынан шығарылған.
А.М.Желтауов, қызметтен шығарылуымен келіспей, сотқа жүгінген.
«Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 қаңтардағы № 81 Жарлығының талаптары мен Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және соттар дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды қанағаттандырудан негізді түрде бас тартқан.
Себебі талап қоюшы Жаңаөзен қаласы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі бола тұра, аталған Заң нормаларының талаптарын бұзып, заңмен белгіленген шектеулерді сақтамай, өз қызметтік міндеттерін атқару барысында әдепсіз мінез-құлық жағдайларының орын алуына жол беріп, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды, сондай-ақ қызмет өткеруге байланысты
талаптарды мүлтіксіз сақтауға, моральдық-психологиялық төзімді, ұстамды болуға, субординацияны сақтауға, әріптестерімен ізеттілік қарым-қатынаста болуға, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен зейінділік танытуы көзделген әдеп талаптарын және қызметтік тәртіпті өрескел бұзып, азаматтық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасаған.
Соттардың бұл тұжырымдары іс құжаттарындағы қызметтік тергеу қорытындысымен, осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысындағы тараптардың, куәлердің көрсетулерімен, оқиға барысы жазылған аудио-бейнежазбамен бекітілген. Оқиға барысы жазылған аудиобейнежазбамен талап қоюшы А.М.Желтауовтың тарапынан азаматтық қорғау қызметкеріне тән емес теріс қылықтың жасалғаны дәлелденген.
Жоғарыда аталған негіздерде соттар талап қоюшының талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы заңды шешім қабылдаған.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ. Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н.Ормаханов
Судьялар
А.Рамазанова
А.Айкенова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.