Қ А У Л Ы
2026 жылғы 12 наурыз №6003-25-00-2к/5079 (2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Ш.Ш.Байжановтың, жауапкерлер Ә.Көпішевтың және К.С.Оспанованың, олардың өкілі С.Б.Уразбаевтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Иген Асқар (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкерлер «Өнер» баспасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Cеріктестік) және Оспанова Қарлығаш Садировнаға шартты бұзу, қарыз сомасы мен айыппұл өндіру туралы электрондық азаматтық істі Серіктестіктің Алматы қаласы Алмалы ауданы №2 аудандық сотының 2025 жылғы 26 наурыздағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкерлер шарт бойынша міндеттемелерін орындамағанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, талап қоюшы мен Серіктестік арасында 2023 жылғы 31 қантарда №31/23 кітап басып шығару туралы шарт (бұдан әрі - даулы шарт) бұзылған, Серіктестіктен талап қоюшының пайдасына 5 000 000 теңге қарыз сомасы және 51 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген, талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, істі қайта қарауға жолдауды сұраған.
Сонымен қатар, Cеріктестік сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру жөнінде арызбен жүгініп, бұл мерзім дер кезінде баж салығы төленбеуіне байланысты өтіп кеткенімен негіздеген.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді қарап, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағымның және оны беру мерзімін қалпына келтіру жөніндегі арыздың уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 126-бабының 2-бөлігінде егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін екені бекітілген.
АПК-тің 436-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым апелляциялық сатыдағы соттың қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап алты ай iшiнде берілуі мүмкін.
Алқа қаулысы 2025 жылғы 4 маусымда шығарылған, жауапкер кассациялық шағыммен мерзімі өтпей тұрып сотқа бірінші рет 2025 жылғы 28
қарашада жүгінген, шағым қайтарылған соң екінші рет 2025 жылғы 10 желтоқсанда жүгініп отыр.
Бұл ретте кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілуге жатады, өйткені жауапкермен бұл мерзімнің өткізіп алуының дәлелді себептері ұсынылған.
АПК-тің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 382, 683-баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мәнжайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Даулы шарттың талаптарына сәйкес талап қоюшы Серіктестікке «Дортуыл шежіресі» атты қазақ тіліндегі кітапты 1 500 данада басып шығаруды тапсырған, шарттың жалпы сомасы 7 000 000 теңге құрайды, соманың 50% тапсырыс беруші шартқа тараптар қол қойғаннан кейін алдын ала төлеуге және «Кітапты басуға рұқсат» деп қол қойғаннан кейін шарт сомасының қалған 50% екі жұмыс күні ішінде төлеуі тиіс, баспа осы кітаптың толық таралымын тапсырыс берушіге тапсырудың соңғы мерзімі 2023 жылғы 25 мамыр.
Даулы шарт талаптарын орындау мақсатында осы шарт жасалған күні, яғни 2023 жылғы 31 қаңтарда талап қоюшы сол кезде Серіктестіктің директоры орынбасары қызметін атқарған жауапкер Қ.С.Оспановаға қолма қол 3 500 000 теңге тапсырған, соңғысы бұл қаржыны алғаны жөнінде қолхат жазып берген.
Одан кейін, жауапкер Қ.С.Оспановамен 2024 жылғы 8 маусымда жазылған қолхатта талап қоюшыдан 7 000 000 теңге және кітаптің толық таралымын 2024 жылғы 20 маусымда тапсыруға міндеттеме алғаны көрсетілген. Алайда, жауапкерлер тарапынан аталған кітап шығарылмауына байланысты талап қоюшы осы талаппен сотқа жүгінген.
Сотта жауапкер Қ.С.Оспановамен талап қоюшыға 2 000 000 теңге қайтарылғаны және тараптар арасында айыппұл төлеуге негіз болатын АК-тің 353-бабының 1-тармағында көзделгендей ақшалай міндеттемелер болмағаны, тек ғана кітап шығару түріндегі қызмет көрсету жөнінде келісім жасалғаны анықталған.
Кассациялық шағымның даулы шартқа Серіктестік директоры қол қоймаған деген уәжі негізсіз болып табылады, себебі оған Серіктестіктің мөрі
басылған, қаржыны Серіктестіктің қызметкері алып, тиісінше талап қоюшымен келіссөздер жүргізген және Серіктестіктің атынан міндеттемелер алған.
Одан бөлек, даулы шарт Серіктестік тарапынан дауланбаған және жарамсыз деп танылмаған, тиісінше АК-тің 362-бабына сай борышқордың мiндеттемесiн орындау жөнiндегi лауазымды адамдарының немесе өзге қызметкерлерiнiң әрекеттерi борышқордың әрекеттерi болып есептеледi, борышқор бұл әрекеттер үшiн, егер олар мiндеттеменi орындамауға немесе тиiстi дәрежеде орындамауға әкелiп соқтырса, жауап бередi.
Даулы шарттың 3.7-тармағында осы шарт 2023 жылғы 25 мамырға дейін өзінің заңды күшін сақтайтыны белгіленген, алайда қолхатқа қарағанда тараптар арасында даулы шарт бойынша қаржы төлеу түріндегі әрекеттер 2024 жылғы 8 маусымға дейін жүзеге асырылған, яғни талап қоюшы сотқа жүгінген кезеңде даулы шарттың орындалу мерзімі аяқталмаған.
Жауапкер Қ.С.Оспанованың ақшаның барлығын өзі алғаны, сол себепті ақша өзінен өндірілуге жататыны, талапты мойындайтыны туралы уәждері заңға қайшы болғандықтан және талап қоюшының заңды мүдделерін бұзатындықтан АПК-тің 48-бабының 2-бөлігінің негізінде қабылдануға жатпайды.
Істің мұндай тұрғысында, яғни жауапкерлер өздерінің міндеттемелерін орындамағанын ескере отырып, талап қою ішінара қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағымның басқа уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Жауапкер «Өнер» баспасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сот актілеріне кассациялық тәртіппен шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін. Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысы күшінде, жауапкер «Өнер» баспасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев Судьялар М.Кадырова Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.