КСАД РК - Постановление от 11.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/193 (Административное)

1

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 11 тамыз № 6399-2500-4а/193 іс Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:

төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев,

судьялар Р.М. Айнакулова, Н.М. Кабдрахманова,

талап қоюшы С.Е.Балтогаев, жауапкердің өкілі Ә.Ә. Мынжасаров, мүдделі тұлға Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкілі Ш.С. Хамитованың қатысуларымен ашық сот отырысында Сагидолла Еленович Балтогаевтың жауапкер Орал қаласының әкіміне дау айту туралы әкімшілік талап қоюы бойынша Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 26 қырқүйек 2024 жылғы шешіміне, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2025 жылғы 23 қантардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы С.Е. Балтогаев табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап щеккендерге келтірілген зиянның өтелетіні көрсетілгенін, алайда қалалық комиссия бұл жағдайларға назар аудармай, оған үйінің шығынын өтеуден негізсіз бас тартқанын көрсетіп, комиссияның 2024 жылғы 29 мамырдағы № 2 хаттамалық шешімін заңсыз деп тануды және су басқан тұрғын үй орнына басқа үй беруді немесе үй алуға қаражат бөлуді мендеттеуді сұрайды. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 26 қырқүйек 2024 жылғы шешімімен С.Е. Балтогаевтің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қантардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 26 наурыздағы № 7 шешімімен Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 28 наурыздағы № 177-ө және 2024 жылғы 29 наурыздағы № 178-ө өкімдерімен Орал қаласы аумағында төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және Орал қаласы аумағындағы су тасқыны орын алуына байланысты келтірілген материалдық шығынын есептеу жөніндегі қалалық комиссиялар құрылды.

С.Е.Балтогаев 2024 жылғы 15 сәуірде Орал қаласы әкімшілігіне төтенше жағдай салдарынан өзінің меншігіндегі жанұясымен тұрып келген Орал қаласы, «Автодорожник» бағбандық серіктестігі, Стандартная көшесі, № 12А саяжай құрылысына келтірілген материалдық зиянды өтеу және тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы өтінішпен жүгінген.

2024 жылғы 29 мамырдағы Орал қаласы бойынша төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссиясының № 2 хаттамалық шешімімен С.Е.Балтогаевқа меншік құқығында өзге тұрғынжайы болуына байланысты тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.

«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188 Заңының 58 бабына сәйкес, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлармен жеке тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян (нұқсан) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, зардап шеккендердің ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шекте өтеледі.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы №1222 қаулысымен бекітілген төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру Қағидаларының 3-тармағының 4-бөлігіне сәйкес тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй), сондай-ақ уақытша (маусымдық) тұруға арналған, қираған немесе Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында басқа тұрғынжайы жоқ меншік иелерінің тұруы үшін жарамсыз болып қалған құрылыс.

Тұрғынжайдың мұндай ұғымы тек осы Қағидаларда арнайы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарға пайдаланылады, яғни үй алу үшін Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында басқа тұрғынжайы жоқ болуы туралы шарт міндетті түрде сақталуы тиіс.

Алайда «Азаматтарға арналған Үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» АЕҚ мәліметіне сәйкес, С.Е.Балтогаевтың жеке меншігінде Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, Болат Ербосынов көшесі, 652 үй тіркелген. Бұл тұрғын үйге талап қоюшының меншіктік құқығы 2010 жылғы 12 қарашадағы аяқталған құрылысты қабылдау туралы акт негізінде пайда болған, мемлекеттік тіркеуге алынған, тұруға жарамды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1358 қаулысымен бекітілген табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу Қағидаларының 2-ші тармағына сәйкес табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезіндегі жекелеген жағдайларда тұрғынжайға уақытша (маусымдық) тұруға арналған, қираған немесе тұруға жарамсыз болып қалған құрылыс, төтенше жағдай жарияланған кезде меншік құқығында басқа тұрғынжайы жоқ меншік иелері жатады.

Мұндай жағдайда жауапкер даулы әкімшілік актіні қабылдағанда ӘРПК - нің 7 бабында бекітілген заңдылық қағидатын сақтағаны туралы соттардың тұжырымдары дұрыс.

ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.

Аталғандар негізінде, кассациялық сатыдағы сот жергілікті соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді.

ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 26 қырқүйек 2024 жылғы шешімі, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қантардағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшы С.Е. Балтогаевтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Тулеев

Судьялар

Р. Айнакулова

Н. Кабдрахманова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.