3пп-95-23
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 14 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Т.Ә. Молдахметова,
судьялар С.А.Жармұхамбетова, Е.Т.Максюта,
талап қоюшының өкілдері С[...], Ш[...], жауапкердің өкілдері А[...], Р[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «А[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 26 сәуірдегі шешіміне, Нұр-Сұлтан қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 маусымдағы қаулысына келтірген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемелекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) сотқа талап қою арызымен жүгініп, жауапкер «А[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануды сұраған.
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 26 сәуірдегі шешімімен Басқарманың талап қоюы қанағаттандырылған. Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының 2022 жылғы 29 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымында іс бойынша қабылданған сот актілері құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділікті бұзуына байланысты оны қайта қарау мәселесі қойылған.
Сот алқасы жауапкердің өкілдерінің ұсынымды қолдаған түсінігін, талап қоюшының өкілдерінің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, ұсынымның уәждерін талқылай отырып, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабы 6-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Аталған іс бойынша қабылданған сот актілері соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділік талаптарын бұзады.
АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың, ұсынудың немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Іс материалдарынан анықталғандай, Басқармамен ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы электронды конкурс жарияланған.
Конкурстық құжаттаманың талаптарымен 1-4 қосымшасында әлеуетті өнім беруші өзінің штатында бірінші жауапкершілік деңгейдегі объектілер бойынша техникалық қадағалауды жүзеге асыратын аттестатталған сарапшының болуы туралы талаптары көрсетілген.
Серіктестік сарапшы ретінде К[...] көрсеткен.
Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 2022 жылғы 28 ақпандағы хатымен облыстың, қала және аудан әкімінің аппараттарына әлеуетті өнім беруші Серіктестікпен техникалық кадағалау бойынша аттесталған сарапшы ретінде ұсынылған К[...] ЖБ № 0051015 «Өнеркәсіптік және азаматтык кұрылыс» мамандығы бойынша дипломы Қазақ мемлекеттік сәулет-кұрылыс академиясының хатына сәйкес берілмегендігі туралы хабарланған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар жауапкермен конкурсқа қатысу барысында ұсынған ақпараты жалған, анық емес, сол себепті талап қою қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келген.
Жергілікті соттардың мұндай тұжырымымен келісуге болмайды, өйткені олар материалдық және процестік нормаларын дұрыс қолданбауға негізделген, соттардың құқық нормаларын түсіндірудегі және қолданудағы біркелкілігін бұзады.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (әрі қарай - Заң) 11-бабына сәйкес, біліктілік талаптарына және (немесе) конкурстық баға ұсыныстарына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер осы Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізіледі.
Заңның 12-бабының 4-тармағының 1) тармақшасына сай, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім беруші немесе өнім берушілердің тізбесін білдіреді.
Іс материалдарына қарағанда, Серіктестік тарапынан мәліметтерді қасақана бұрмалау бойынша іс-әрекеттер орын алмаған, Серіктестік барлық конкурстарда жеңімпаз болмаған, тек қатысушы ретінде ғана болған, К[...] ешқандай хаттамаларға, актілерге басқа да құжаттарға қол қоймаған.
Еңбек ресурсында біліктілік талап бойынша тапсырушы 3 сарапшы сұраған, ал Серіктестік тарапынан барлық конкурстарда К[...] басқа 13 сарапшы, барлығы жарамды жоғарғы білім беру туралы дипломдарын ұсынып отырған.
К[...] Серіктестікке жұмысқа қабылдаған кезде жоғарғы білім беру туралы дипломы (мөрмен бекітілген) мен «Сараптамалық және инжинирингтік қызметтер бойынша осы қызметті жүзеге асыруға құқылы сарапшы» аттестатын ұсынған. Ал сарапшы аттестатын, бақылау жөніндегі мемлекеттік мекеме жоғарғы білім беру туралы дипломы негізінде беріледі.
Анықталғандай, аттестатты алу кезінде К[...] «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы уәкілетті органға мемлекеттік қызметті көрсету үшін аттестациядан өту мақсатында қажетті құжаттарды ұсынғанда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 27 қарашадағы № 114 бұйрығымен бекітілген «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстарын және инжирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау қағидаларын бекіту туралы қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) № 1 қосымшасына сәйкес құжаттардың толық пакетін, соның ішінде жоғары білім туралы дипломының электрондық көшірмесін тіркеген. Аттестаттаудан өткеннен кейін К[...] Қағидаларға сәйкес тиісті аттестатпен куәландырылып, осы қызметті жүзеге асыру құқығымен сараптамалық және инжинирингтік қызметтер бойынша сарапшы мәртебесі берілген.
Серіктестік К[...] жұмысқа алғанда оның дипломына қатысты мәліметтерді білмеген.
Жауапкердің тарапынан көрсетілетін қызметтердің әлеуетті өнім берушісі ретіндегі біліктілік талаптары бойынша анық емес ақпаратты үшінші тұлғаның кінәсінен табыс еткен. Қазіргі кезде Серіктестіктің кінәлі қызметкері жұмыстан шығарылған.
Алайда, жергілікті соттар заң талаптарын бұзып, талап қоюды қанағаттандыру туралы заңсыз шешім қабылдаған. Істің бұл тұрғысында сот актілерінің күші жойылып, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады. Серіктестік өтініш берген кезде төлеген мемлекеттік баж «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) 108-бабының 4-тармағына сәйкес қайтарылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 26 сәуірдегі шешімінің, Нұр-Сұлтан қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 маусымдағы қаулысынын күші жойылып, жаңа шешім қабылдансын.
Талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «А[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Мемлекет пайдасынан «А[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 3 257 (үш мың екі жүз елу жеті) теңге көлемінде мемлекеттік баж қайтарылсын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Т. Молдахметова
С. Жармұхамбетова
Судьялар
Е. Максюта
Көшірмесі дұрыс. Судья
С. Жармухамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.