№6003-25-00-2к/1649
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 10 қараша Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.А.Рамазанова, Г.М.Даулеткалиева,
талап қоюшы Ж.М.Жусуповтың және оның өкілі З.К.Кожабергенованың, жауапкердің өкілі С.К.Нурмухаметовтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Жеткерген Муратович Жусуповтың жауапкер «Байтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамына еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына еңбек ақы өндіру туралы талап қоюы бойынша Байқоныр қалалық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Ж.М.Жусупов сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Байқоныр қалалық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдын әрі – Еңбек кодексі) 52-бабында еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері көрсетілген.
Анықталғаны Ж.М.Жусупов «Байтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны акционерлік қоғамының «Байқоңыр» кешеніндегі филиалына 2016 жылғы 1 маусымдағы №91-л/ф бұйрықпен «Протон» ҒЗК жұмысын қамтамасыз ету үшін ұшырту кешеніне арналған арнайы техникалық жүйелерді есептеу слесары» болып жұмысқа қабылданған.
Жауапкердің 2023 жылғы 8 маусымдағы №98-л/ф бұйрығымен Ж.М.Жусупов «Зенит-М» ТК және СК ҒЗК ПО термостаттау жүйелерін пайдалану және сынау бөлімінің СК-да термостаттау жүйелерін пайдалану тобының 6-разрядты қоңдырғылары мен жабдықтарын сынау жөніндегі слесарь-механик» қызметіне ауыстырылған.
Жауапкердің 2024 жылғы 9 желтоқсандағы №199-л/ф бұйрығымен Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде талап қоюшымен арадағы еңбек шарты бұзылған.
Ж.М.Жусупов қызметтен шығарылуымен келіспей, сотқа жүгінген.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы №1 нормативтік қаулысының (әрі қарай – нормативтік қаулы) 30-тармағын басшылыққа алып, талап қоюшы Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 13) тармақшасымен емес 12) тармақшасы негізінде талап қоюшымен арадағы еңбек шарты бұзылған дұрыс деп тұжырымдап, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Кассациялық сот соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімімен келіседі. Бірақ Еңбек кодексінің 52-бабының 1- тармағының 12) тармақшасымен емес, даулы бұйрық бойынша 52-бабының 1- тармағының 13) тармақшасы негізінде талап қоюшымен арадағы еңбек шарты дұрыс бұзылған деген төмендегі негіздермен қорытындыға келеді.
Нормативтік қаулының 25-тармағына сәйкес Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында көзделген негіз бойынша ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға тікелей қызмет көрсететін қызметкерлерге қатысты, сондай-ақ өзінің қызмет бабын өзі немесе басқа адамдар үшін материалдық немесе өзге де пайда алу үшін жұмыс берушінің мүдделеріне қарамастан өз мүддесінде немесе үшінші тұлға мүддесінде пайдаланатын жұмыскерлерге қатысты, егер бұл әрекеттер немесе әрекетсіздік жұмыс берушінің тарапынан оған деген сенімнің жоғалуына негіз болса, еңбек шартын бұзуға жол беріледі.
Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы бойынша еңбек шартын бұзу тәртіптік жаза түрі болып табылмайды. Осы негіз бойынша еңбек шартын бұзу үшін ішкі тергеп-тексеруді жүргізу тәртібі жұмыс берушінің актісімен регламенттелуге жатады, еңбек дауын қарау кезінде сот оның сақталуын тексеруге тиіс.
Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы бойынша еңбек шартын бұзу туралы бұйрық шығаруға жұмыскердің кінәлілік әрекеттер немесе әрекетсіздік жасағанын растайтын негіздемелер көрсетілген ішкі тергеп-тексеру қорытындысы негіз болған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, даулы бұйрықтың негізінде 2016 жылғы 1 маусымда тараптар арасында №91-ф еңбек шарты жасалынған.
Еңбек шарттың 7.2, 7.3-тармақтарына сәйкес жұмыскердің кінәсі болған жағдайда материалдық жауаптылыққа тартылатындығы көзделген.
Сонымен қатар, «Байтерек» БК» АҚ-ның басқарма төрағасымен бекітілген «Байқоңыр ғарыш айлағының «Зенит-М» ҒЗК аумағында және обьектілерінде (42, 42РП, 43, 45 алаңдарда және алаңаралық аумақта) өткізу және объектішілік режимдер туралы нұсқаулықтың» (әрі қарай-Нұсқаулық) 1.6-тармағының екінші абзацында, кәсіпорынның барлық қызметкерлеріне, бөгде адамдарға ұйымдар мен келушілерге объектінің аумағында табылған белгісіз/күдікті заттарды түрту (орын ауыстыру, тексеру және т.б.) тыйым салынатынын көрсетілген.
Алайда талап қоюшы материалдық жауапты тұлға бола тұра және Нұсқаулықтағы тыйымға қарамастан 2024 жылғы 27 қарашада «Зенит-М» ҒЗК 45 алаңынан жалпы салмағы 3 килограмм 300 граммды құрайтынын түрлітүсті металл болып табылатын мемлекеттік мүлікті ұрлаған.
Осы аталған оқиға бойынша Байқоңыр қаласының 26 гарнизондық әскери сотының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысымен талап қоюшы Ресей Федерациясының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 7.27бабының 1-бөлігімен, яғни бөтеннің мүлкін ұсақ мөлшерде ұрлағандығы үшін кінәлі деп танылып, оған 1 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалған. Қаулы 2025 жылғы 8 сәуірде заңды күшіне енген.
Қызметтік тергеп-тексерудің 2024 жылғы 4 желтоқсандағы қорытындысымен «Байқоңыр ғарыш айлағының «Зенит-М» ҒЗК аумағындағы 45 алаңда 2024 жылғы 27 қарашада орын алған оқиға бойынша жауапкер Ж.М.Жусуповқа қатысты материалдарды тәртіптік комиссияға беруге шешім қабылданған.
Филиалдың тәртіптік комиссиясының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы №1 хаттамасы бойынша жұмыс беруші тарапынан сенімнің жоғалуына байланысты еңбек шартын бұзуға ұсыныс берілген.
Даулы бұйрықпен Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде талап қоюшымен арадағы еңбек шарты бұзылған.
Талап қоюшы аталған бұйрықпен келіспей, Филиалдың келісу комиссиясына шағыммен жүгініп, комиссиясының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешімімен шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.
Демек тараптар арасындағы еңбек шарт Еңбек кодексінің 52-бабының 1- тармағының 13) тармақшасы негізінде заңды түрде бұзылған, өйткені талап қоюшы материалдық жауапты тұлға бола тұра және Нұсқаулықтың 1.6тармағының талаптарына қарамастан жұмыс берушінің мүддесіне қарсы әрекеттер жасап, соңғының оған деген сенімнің жоғалуына жол берген.
Сондықтан талап қоюшының шағымда нормативтік қаулының 19тармағына сілтеме жасап, еңбек шарты заңсыз бұзылған деген уәжін кассациялық сот негізсіз деп санайды, себебі еңбек шарт Еңбек кодексінің 52-
бабының 1-тармағының 12) тармақшасы емес, 13) тармақшасы негізінде заңды түрде бұзылған.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, кассациялық шағымда көрсетілген уәждер соттармен жан-жақты зерттеліп, тиісті баға берілген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ. Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 мамырдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Н.Ормаханов
А.Рамазанова
Г.Даулеткалиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.