ВС РК - Постановление от 27.10.2022 по делу 6001-22-00-6ап/739 (Административное)

6001-22-00-6ап/739

2022 жылғы 27 қазан

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Ж.Б.Ермагамбетова, Г.К.Нұрбаев,

талап қоюшы А[...],

жауапкер Ж[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы А[...] жауапкер Н[...]-Сұлтан қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Ж[...] №176/18-71-1230, №136/18-71-1230 атқарушылық іс жүргізу бойынша қабылдаған атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларының күшін жоюды міндеттеу туралы талап қою арызымен түскен әкімшілік ісі бойынша,

Н[...]-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 ақпандағы шешіміне, Н[...]-Сұлтан қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 наурыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

А[...] сотқа жауапкер Н[...]-Сұлтан қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Ж[...] №176/18-71-1230, №136/18-71-1230 атқарушылық іс жүргізу бойынша қабылдаған атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларының күшін жоюды міндеттеу туралы талап қою арызымен жүгінген. Н[...]-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 ақпандағы шешімімен әкімшілік талап қою арызы қанағаттандырылған.

Н[...]-Сұлтан қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер жеке сот орындаушы Ж[...] кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспей, борышкердің жаңа тұрғылықты жері бойынша сот орындаушысына атқару парағын ұсынған кезде басқа сот орындаушыларының бұрын қолданған мәжбүрлеу шараларын өндірісінде осы атқару парағы орындалып жатқан сот орындаушысы күшін жоятынын, бұл ереже өндіріп алуышының мүдделерін қорғау үшін көзделгенін, өйткені атқару парағын басқа сот орындаушысына беру кезінде мүлік пен қаражат иеліктен шығарылуы мүмкін екенін, бұл өз кезегінде борышкердің сот актісін орындаудан жалтару мүмкіндігіне әкеп соғатынын, сол арқылы өндіріп алушының мүдделеріне нұқсан келтірілетінін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған. Талап қоюшы А[...] сот актілерінің заңды негізде қабылданғанын көрсетіп, өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Жауапкер Ж[...] кассациялық шағымда көрсетілген негіздер бойынша сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Сот алқасы тараптардың пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп келесі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларымен айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-тармағына сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Аталған іс бойынша мұндай негіздер анықталмады.

Іс материалдарынан анықталғандай, жауапкер жеке сот орындаушысы (бұдан әрі - ЖСО) Ж[...] өндірісінде талап қоюшы А[...] өндіріп алушы «ЛФK[...]» ЖШС пайдасына 212 895 тенге өндіру бойынша 2018 жылдың 2 ақпан айындағы № 136/18-711230 атқарушылық іс, және «ЛАK[...]» пайдасына 187 503 тенге өндіру бойынша 2018 жылдың 6 ақпан айындағы №176/18-71-1230 атқарушылық іс орындауда болған.

Атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкер тиісті түрде хабарландырылған және борышкердің есеп айырысу шоттарына тыйым салу түріндегі мәжбүрлеу шаралары жүзеге асырылған.

2021 жылдың 2 желтоқсан айында борышкердің атқарушылық өндіріс бойынша «ЛФK[...]» ЖШС-не берешек соммасы 106 000 теңге, «ЛАK[...]» ЖШС-не берешек соммасы 94 000 теңгені құраған.

2021 жылдың 27 желтоқсанында аталған атқарушылық құжаттар өндіріп алушының өтініші бойынша қайтарылып, атқарушылық іс жүргізу аяқталған.

Бірінші сатыдағы соттың 2022 жылғы 2 ақпандағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылып, ЖСО №176/18-71-1230, №136/1871-1230 орындау өндірістері бойынша қабылдаған атқарушылық құжаттардың орындаулын қамтамасыз ету жөніндегі шараларының күшін жою міндеттелген.

Апелляциялық саты бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Сот алқасы жергілікті соттардың көрсетілген тұжырымдарымен төменде көрсетілген негіздермен келіседі. «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі -Заң) 48 бабы 1 тармағы 1) тармақшасына сай өндiрiп алу жүргiзiлмеген немесе толық көлемде жүргiзiлмеген атқарушылық құжат сот орындаушысының қаулысы бойынша өндiрiп алушының арызы бойынша қайтарылады.

Ал аталған баптың 6 тармағы 1) тармақшасында мәжбүрлеп орындату шараларының күші егер өндіріп алушы орындау бойынша іс жүзінде келтірілген шығыстарды өтесе және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жүргізілсе, осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда күші жойылуға жатады деп көрсетілген.

Анықталғандай, өндіріп алушының арызы бойынша атқарушылық құжаттар қайтарылған, ЖСО өзінің қызметі үшін және жұмсалған шығындарды өндіріп алушыдан өтеу туралы қаулы шығармаған.

Осыған байланысты жергілікті соттармен ЖСО мәжбүрлеп орындату шарасын алып тастаудан бас тартуына негіз болмаған және онымен Заңның 48-бабы 6-тармағы 1) тармақшасының талаптары бұзылған деп негізді танылып, талап қою қанағаттандырылған. ӘРПК-нің 132 бабы талаптарына сәйкес ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіде талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, ол әкімшілік актінің толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою талабымен дау айту туралы талап қою беруге құқылы.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, алқа жергілікті соттардың сот актілері заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды, сондықтан жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.

Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Н[...]-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 ақпандағы шешімі, Н[...]-Сұлтан қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 наурыздағы қаулысы өзгеріссіз, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Дуйсенбаев

Судьялар Ж.Ермагамбетова

Көшірмесі дұрыс

Г.Нұрбаев Г.Нұрбаев

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.