ВС РК - Постановление от 01.04.2024 по делу 6001-24-00-6ап/2565 (Административное)

6001-24-00-6ап/2565

ҚАУЛЫ

2025 жылы 15 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (сот алқасы) құрамында:

төрағалық етуші - алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермағамбетова болып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры

С[...],

жауапкердің өкілі [...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «A[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер «Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Салық органы, Басқарма) қатысты камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарламаларды заңсыз деп танып, күшін жою талабы бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 1 сәуірдегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 шілдедегі қаулысының жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Серіктестік жоғарыда аталған талап қою арызымен Басқармаға қатысты сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 1 сәуірдегі сот шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған. 2023 жылғы 29 қарашадағы №331EV300021, №331EV300022 және 2023 жылғы 30 қарашадағы №331EV400016 хабарламалары заңсыз деп танылып, күші жойылған. Талап қоюшының пайдасына сот шығындары қайтарылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған. Басқарма кассациялық шағымында жергілікті соттар іс бойынша шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, Басқарманың камералдық бақылау нәтижелері бойынша қалыптастырылған 29.11.2023 жылғы №3310EV300022 және 30.11.2023 жылғы №3310EV400016 хабарламаларын күшінде қалдыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі - сот алқасы) отырысына талап қоюшы мен мүдделі тұлғалардың өкілдері келмеді және сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс бойынша тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот мұндай заң бұзушылықтарға жол берген. Істің мән-жайы дауланған сот актілерінде толық көрсетілген.

Жергілікті соттар дауды шеше және 2023 жылғы 29 қарашадағы хабарламаларды заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап арыздың бөлігін қанағаттандыра отырып, Салық кодексінің 48-бабы 9-тармағының 5) тармақшасын басшылыққа ала, оларды берудің ескіру мерзімі өтіп кеткен деген дұрыс қорытындыға келді.

Алқа апелляциялық сатыдағы соттың қорытындыларымен Салық кодексінің 48-бабының нормаларын сөзбе-сөз түсіндіруіне байланысты келіседі.

Салық кодексінің 48-бабының 9-тармағының ережелеріне сәйкес талап қою мерзімі ұзартылады:

  1. салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есепке жазу және (немесе) олардың есептелген сомасын қайта қарау бөлігінде салық төлеуші (салық агенті) осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі күнтізбелік бір жылға жетпей өтетін кезеңдегі қосымша салықтық есептілікті ұсынған жағдайда - күнтізбелік бір жылға;
  2. анықталған бұзушылықтар бөлігінде, талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін жіберілген және табыс етілген, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалғанға дейін.

Осылайша, заң шығарушымен салық төлеуші камералдық бақылау туралы хабарлама бойынша қосымша есептілікті ұсынған кезде арнайы талап қою мерзімін белгілеген.

Салық кодексінің 48-бабы 9-тармағының 1) тармақшасының ережелері салық есептілігінің барлық түрлеріне, оның ішінде камералдық бақылау туралы хабарламаны орындау бойынша тапсырылғандарға сәйкес қолданылады деген жауапкердің кассациялық шағымының уәждерін есепке алуға болмайды.

Сонымен, Салық кодексінің 206-бабының 3-тармағында салық есептілігінің мынадай түрлері көзделген:

  1. қосымша салықтық есептілік - осы өзгерістер және (немесе) толықтырулар қатысты болатын салықтық кезең үшін бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде ұсынылатын салықтық есептілік;

  2. хабарлама бойынша қосымша салықтық есептілік - салық органы камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды анықтаған салықтық кезең үшін бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген кезде ұсынылатын салықтық есептілік.

Алайда, Салық кодексінің 48-бабы 9-тармағының 1) тармақшасында қосымша салық есептілігі бойынша ғана айтылған, бірақ, норманың мазмұнында «хабарлама бойынша қосымша салық есептілігі» бойынша қарастырылмаған.

Жоғарыда көрсетілгеннен, салық органының камералық бақылау хабарламасы бойынша қосымша декларацияны тапсырған кезден бастап бір жылдық талап қою мерзімін есептеуінің дұрыс емес екендігі көрінеді. «Хабарлама бойынша қосымша» нысанындағы салық есептілігін табыс ету кезінде Салық кодексінің 48-бабы 9-тармағы 1) тармақшасының ережелері қолданылмайды.

Бұл ретте Салық кодексінің 48-бабы 9-тармағының 5) тармақшасынан талап қоюдың ескіру мерзімі салық органдарының камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы орындалғанға дейін ұзартылатыны көрінеді.

Талап қоюшы 2019 жылдың 4 тоқсаны үшін камералдық бақылау хабарламаларын орындау мақсатында ҚҚС бойынша қосымша есептерді 2022 жылғы 9 қарашада және 2023 жылғы 13 ақпанда тапсырған, бұл талап қою мерзімін хабарламаларға «орындалды» деген мәртебесі берілгенге дейін ұзартады, бірақ жауапкер мәлімдегендей бір жылға емес.

Демек, 2019 жылдың 3-ші және 4-ші тоқсандары үшін ҚҚС бойынша 2023 жылғы 29 қарашадағы хабарламалар талап қою мерзімінен тыс шығарылған.

Соттар 2023 жылғы 30 қарашадағы №331EV400016 хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жоя отырып, Салық кодексінің 114-бабының 2- тармағының 10) тармақшасында белгіленген хабарламаны беру мерзімін жауапкердің өткізіп алғаны туралы қорытындыға келген.

Сонымен бірге, соттар бұл мерзімді талап қоюшымен «Б[...]» ЖШСнің арасындағы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы 2023 жылғы 17 қазандағы Жоғарғы Соттың қаулысы жарияланған сәттен бастап есептеген.

Алқа жергілікті соттардың сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап есептеуін қате деп санайды.

Салық кодексінің 114-бабының 2-тармағы 10) тармақшасының сөзбесөз мазмұнынан хабарламаны беру мерзімі салық есептілігінде бұзушылықтар анықталған күннен бастап есептелуге тиіс екендігі көрінеді. Салық кодексінің 95-бабында камералық бақылауды жүргізу тәртібі мен мерзімдері белгіленген.

Жауапкердің камералық бақылауды белгіленген мерзімде жүргізгені, 2023 жылғы 23 қарашадағы №16064 хатымен бірге, жоғарыда көрсетілген Жоғарғы Соттың қаулысымен алғаннан кейін, хабарлама Кодексте белгіленген он күндік мерзімде берілгені анықталды.

Жоғарыда айтылғандардан, алқа жауапкер бірінші сатыдағы сотта Салық кодексінің 114-бабында белгіленген хабарламаны беру мерзімін сақтағанын дәлелдеді деп есептейді.

Сондықтан даулы хабарлама заңды және негізді болып табылады.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар бойынша сот алқасы, «Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 30 қарашадағы №3310EV400016 хабарламасы күшінде қалдырылып, жергілікті соттармен қабылданған сот актілері өзгертілуге, ал жауапкердің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға жатады деп есептейді.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 1 сәуірдегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 шілдедегі қаулысы өзгертілсін.

Сот актілерінің 2023 жылғы 30 қарашадағы № 3310EV400016 камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарламаны заңсыз деп тану және күшін жою туралы бөлігінің күшін жойып, бұл бөлікте талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдансын.

Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.

Сотқа талап арыз берген кезде төленген талап қоюшының пайдасына өндірілген мемлекеттік баж сомасы 55 380 теңгеден 34 500 (отыз төрт мың бес жүз) теңгеге дейін қысқартылсын.

Жауапкер «Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағарық етуші Судьялар

Ғ. Әлжанов Б. Нажмиденов

Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.