ВС РК - Постановление от 14.12.2018 по делу 6001-18-00-6КГ/23 (Об административном правонарушении)

6кг-23-18

Қ А У Л Ы

2018 жылғы 14 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А. Қыдырбаева,

судьялар Н. Жолдасбеков, М. Балкен,

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаментінің прокуроры Т[...],

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті» мемлекеттік мекемесінің өкілі Ә[...] 2018 жылғы 7 желтоқсандағы сенімхаты негізінде, Қызылорда облысы, [...] әкімдігі «Қармақшы аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі А[...] 2018 жылғы 13 желтоқсандағы сенімхаты негізінде,

«Қармақшы аудандық білім бөлімінің Е[...] атындағы №27 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ж[...],

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қызылорда облысы Қармақшы аудандық сотының 2018 жылғы 31 мамырдағы және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 12 шілдедегі қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығымен келіп түскен

«Қармақшы аудандық білім бөлімінің Е[...] атындағы №27 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

2018 жылғы 31 мамырда шығарылған Қызылорда облысы Қармақшы аудандық сотының қаулысымен әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты «Қармақшы аудандық білім бөлімінің Е[...] атындағы №27 орта мектебі» КММ-не (бұдан әрі - мектеп) қатысты ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы сот ісін жүргізу тоқтатылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 12 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың актісі өзгеріссіз, аудан прокурорының апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды ұсынады.

Наразылықтың дәлелдерін қолдаған Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Ә[...], мектептің директоры Ж[...] қарсылықтарын, Қызылорда облысы Қармақшы аудандық соты және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулыларының күшін жою арқылы және істі қайта қарауға тиіс деп пайымдаған прокурордың қорытындысын тыңдап, алқа келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 840-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіздер болып табылады.

Іс құжаттарына сәйкес, Қармақшы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің (бұдан әрі - уәкілетті орган) 2017 жылғы 17 мамырдағы тексеруімен «Қызылорда облысының Қармақшы ауданы аумағында орналасқан №27 мектебі» КММ-нің 1, 2 ғимаратында орналасқан қазандықты бөлек тұрған орынға көшіру туралы 2018 жылғы 12 наурыздағы №11 ұйғарымын орындамаған.

Осыған байланысты 2018 жылғы 17 мамырда мектепке қатысты ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігімен хаттама толтырылып, іс құжаттары сотқа жолданған.

Сот, әкімшілік істі тоқтату негізі ретінде орта мектептің директоры Қармақшы аудандық білім бөлімінен кемшіліктерді жоюға қажетті қаражаттар бөлу жайлы сұранысхаттарын, сонымен қатар қаражат бөлінбегені туралы түсініктемелерін алған.

Алайда, соттың істе әкімшілік құқық бұзышылықтың құрамы жоқ деген тұжырымы негізсіз.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында іс бойынша іс жүргізуді тоқтату заңсыздықтың негіздемесі ретінде мектепті әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін іс материалдарында дәлелдемелердің болуы туралы дәлел келтірілген. Наразылық дәлелдерінің негізділігі мыналармен расталады.

«Азаматтық қорғау туралы» Заңның 3-бабына сәйкес азаматтық қорғаудың негізгі міндеттерінің бірі төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады.

Өрт қауіпсіздігі қағидаларының (Үкіметтің 2014 жылғы 9 қазандағы №1077 қаулысымен бекітілген) 17-тармағының 10-тармақшасына сәйкес, жылу шығаратын аппараттарды пайдалану шарттарын бұзуға, оларды осы мақсатқа бейімделмеген үй-жайларда (орындарда) орналастыруға жол берілмейді.

Уәкілетті орган тексерумен мектептің 1, 2 ғимаратында сұйық отынмен жылу шығаратын аппараттың (қазандық) ғимарат ішінде орналасқаны анықтаған және қазандықты бөлек тұрған ғимаратқа көшіру туралы №11 ұйғарым берген. Алайда, аталған ұйғарым мектептің тарапынан дауланбаған және орындалмаған.

«Соттардың ӘҚБтК-тің Ерекше бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Жоғарғы Соттың 2017 жылғы 6 қазандағы №7 Нормативтік қаулысының 15-тармағына сәйкес, соттар бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерге немесе олардың лауазымды адамдарына қатысты ӘҚБтК-нің 462-бабының үшінші бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған кезде заңды тұлғаларға қатысты мұндай істер тоқтатылуға жатпайды, өйткені ӘҚБтК 25-бабының бірінші бөлігіне сәйкес ӘҚБтК-да әкімшілік жауаптылық көзделген заңды тұлғаның заңға қарсы әрекеті немесе әрекетсіздігі әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады.

Бұл жәйт соттардың назарынан тыс қалған.

Сонымен қатар, ӘҚБтҚ-тің 822-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс бойынша қаулы заңды және негізделген болуға тиіс.

Алайда, сот бұл талаптарды сақтамаған, оның қаулысында қандай құқықтық нормаларға сүйене отырып, өндіріс тоқтатылғаны көрсетілмеген.

Жоғарыда айтылғандар сот істі қарау кезінде заңды сақтамағандығын және өрескел бұзғандығын білдіреді, осыған орай, ӘҚБтК-тің 839-бабы 1-бөлігінің 4-тармағы негізінде Қызылорда облысы Қармақшы аудандық соты және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулыларының күші жойылуға жатады. Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде ӘҚБтК-тің 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша «Қармақшы аудандық білім бөлімінің Е[...] атындағы №27 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қатысты қабылданған Қызылорда облысы

Қармақшы аудандық сотының 2018 жылғы 31 мамырдағы және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 12 шілдедегі қаулыларының күші жойылып, іс бойынша іс жүргізуді қайта қозғап, бірінші сатыдағы сотқа өзге құрамда қайта қарау үшін жолдансын.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

А. Қыдырбаева

Н. Жолдасбеков

М. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.