ВС РК - Постановление от 24.05.2022 по делу 6001-22-00-6ап/299(3) (Административное)

6001-22-00-6ап/299(3) 6001-22-00-6ап/299(4)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 24 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья С.Ү.Баймаханов,

судьялар Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,

талап қоюшының өкілі Н[...],

жауапкердің өкілі Ж[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «БТ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі– «БТ[...]» ЖШС-гі) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қазынашылық комитеті, уәкілетті орган) бұйрықтың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 20 қазандағы шешімі мен жеке ұйғарымына , Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 қаңтардағы қаулысы мен ұйғарымына жауапкердің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«БТ[...]» ЖШС-гі жауапкер Қазынашылық комитетінің мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы 2021 жылғы 23 қыркүйектегі № 116969-09-21 бұйрығының (бұдан әрі - бұйрық) күшін жою жөнінде талап арызбен сотқа жүгінген.

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 20 қазандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, бұйрықтың күші жойылған.

Сонымен қатар, іс бойынша Қазынашылық комитетінің тарапынан орын алған заң бұзушылықтарға қатысты Қазақстан Республикасы Қаржы Министріне жеке ұйғарым шығарылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 қаңтардағы қаулысы мен ұғарымымен сот актілері күшінде қалдырылған.

Қазынашылық комитеті кассациялық шағымындарында іс бойынша соттар шешім мен жеке ұйғарым қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымдарды қолдаған, талап қоюшы өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы болып танылған «БТ[...]» ЖШС-гі 2021 жылғы 9 сәуірде тапсырыс берушімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, бірақ оның орындалуын қамтамасыз етуді 2021 жылдың 23 сәуіріне дейін енгізбеген.

Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 43-бабына, 44-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.

Бұл жағдайда Заңның 12-бабының 5-тармағына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.

Осыған байланысты Қазынашылық комитетінің 2021 жылғы 28 мамырдағы №109605-05-21 бұйрығымен «БТ[...]» ЖШС-гі мемлекеттік сатып алуға жозықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген. Алайда, Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 19 тамыздағы заңды күшіне енген шешімімен аталған бұйрықтың күші жойылған.

Б[...] комитетінің 2021 жылғы 23 қыркүйектегі № 116969-09-21 бұйрығымен «БТ[...]» ЖШС-гі алғашқы бұйрықтағы негіздермен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне қайта енгізілген.

Жергілікті соттар талапты қанағаттандырғанда Қазынашылық комитеті преюдициялық маңызы бар заңды күшіне енген сот актісінің болуына қарамастан, «БТ[...]» ЖШС-гін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне заңсыз енгізген деген негізді тұжырым жасаған.

Жауапкердің уәкілетті органға ұсынған мәліметтердің дұрыстығы үшін тапсырыс беруші жауапты болады, ал Қазынашылық комитеті ұсынған мәліметтерін қарау кезінде оның толтырылуының толықтығы мен дұрыстығын тексеруде форматты-логикалық бақылауды жүзеге асырады, демек оның дұрыстығына жауап бермейді деген уәждерін соттардың негізсіз деп бағалауы дұрыс болып табылады.

Себебі Заңның 12-баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.

Қазынашылық комитеті осы Заң нормасының мағынасына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу немесе енгізбеу жөнінде шешім қабылдауға құзыретті, яғни, уәкілетті орган аталған тізілімге енгізуге жеткілікті негіздердің бар немесе жоқ екендігін зерттеуге міндетті.

Жауапкер болса талап қоюшы «БТ[...]» ЖШС-гін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы шешімді жою туралы заңды күшіне енген сот актісі бола тұра, басқа негіздер болмаса да тізілімге қайта енгізген.

ӘРПК-нің 79-бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік акт заңды және негізделген болуға тиіс.

Даулы бұйрық бұл талаптарға сәйкес келмейді.

ӘРПК-нің 84-бабының екінші бөлігінде заңсыз әкімшілік актінің күші жойылуы мүмкіндігі көзделген.

Өз кезегінде соттардың даулы бұйрықтың күшін жоюы негізді болып табылады.

Қазынашылық комитетінің жоғарыда көрсетілген заңсыз әрекеттері «БТ[...]» ЖШС-нің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеліп соқтырған. Уәкілетті орган талап қоюшыны жосықсыз өнім берушілер тізіліміне енгізе отырып, кәсіпкерлік субъектісіне заң тұрғысында жол берілмейтін қолайсыз жағдайлар тудырған.

Сол себепті соттың жеке ұйғарым қабылдауы да орынды болып табылады.

Сот актілері материалдық және процессуалдық заңнама нормалары сақтала отырып қабылданғандықтан олардың күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 20 қазандағы шешімі мен жеке ұйғарымы , Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 қаңтардағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын. «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Қазынашылық комитеті» РММ-нің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

Көшірмесі дұрыс. Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.