КСАД РК - Постановление от 02.07.2026 по делу 6003-26-00-4к/553 (Административное)

ҚАУЛЫ

№ 6003-26-00-4к/553

02 шілде 2026 жыл Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамындағылар: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев, судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева,

жауапкердің өкілдері Е[...], Д[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында Б[...] (бұдан әрі-талап қоюшы) «Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-жауапкер), «Гір және армспорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігін тарта отырып(бұдан әрімүдделі тұлға, федерация), гір спортынан 2023 жылғы әлем чемпионатында екінші орын алғаны үшін ақшалай көтермелеулерді төлеуден 2025 жылғы 20 ақпандағы бас тартуды заңсыз деп тану және ақшалай көтермелеуді өндіру туралы қолайлы әкімшілік актіні қабылдауға міндеттеу жөніндегі талап қоюы бойынша қозғалған әкімшілік ісін,

Павлодар облысының № 2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 26 мамырдағы шешіміне, Павлодар облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 тамыздағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа талап арыз түсіріп, онда жауапкерге қарсы жоғарыдағы талаппен жүгінген. Оның пікірінше, 2023 жылғы әлем чемпионатына, халықаралық хаттамаға сәйкес, 20-дан астам елдің өкілдері қатысқан, онда ол гір көтеруден екінші орынды иеленген, сондықтан жауапкердің оған төлемді өтеуден бас тартуы заңға сай келмейді.

Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 26 мамырдағы шешімімен және оны өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сот алқасының сол жылғы 26 тамыздағы қаулысымен аталған талап қою қанағаттандырылған.

Сот жауапкердің 2025 жылғы 20 ақпандағы талап қоюшыға гір спортынан 2023 жылғы әлем чемпионатында екінші орын алғаны үшін ақшалай көтермелеуді төлеуден бас тартуын заңсыз деп танып, оны сот шешімі заңды күшіне енгеннен соң бір ай мерзімде талап қоюшыға ақшалай көтермелеуді өтеу туралы қолайлы әкімшілік акті қабылдауға міндеттеген. Сонымен қатар, шешімде іс бойынша сот шығындарының тағдыры шешіліп, оның болашақта орындалмау салдары түсіндірілген.

Төменгі сатыдағы сот актілерімен келіспеген жауапкер кассациялық шағым мен қосымша түсіріп, онда қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Іс бойынша талап қоюшы мен мүдделі тұлға, сот отырысының белгіленген уақтысы мен орны туралы алдын ала хабардар етіле тұра, оған қатыспады, әрі істің қаралуын кейінге шегеруді сұрамады. Мұндай жағдайда кассациялық сот істі аталған тұлғаларсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды, әрі олардың сот отырысына қатыспауы істі толық, объективті, әрі жан-жақты қарауға кедергі емес. Бұл тұжырым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі-ӘРПК) 115 бабының бірінші бөлігіне және Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 445 бабы үшінші бөлігіне қайшы келмейді.

Жауапкер өкілдерінің кассациялдық шағым мен оның қосымшасын қолдаған пікірлерін тыңдап, туындаған даудың мән-жайын, қабылданған сот актілерінің заңдылығын тексеріп, шағымның және оның қосымшасының уәждерін бағалап, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, АПК қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.

ӘРПК-ның 5 бабының бесінші бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті - жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Бұл міндетті төменгі сатыдағы соттар қамтамасыз еткен, олар Қазақстан Республикасында қолданысқа ие материалдық және процестік құқық нормаларының талаптарын басшылыққа ала отырып, тараптардың әрекеттерін заң шеңберінде бағалаған. Жергілікті соттардың анықтауынша, талап қоюшы гір спортының ардагері ретінде, 2023 жылдың 07-12 қыркүйегінде Өзбекстан Республикасының Хива қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, жарыс хаттамаларына сәйкес, гір көтеруден 2-arms Jerk спорттық дисциплинасында екінші орынға ие болған. Осыған орай, ол 2025 жылы 31 қаңтарда жауапкерге арызбен жүгініп, әлем чемпионатында екінші орын алғаны үшін ақшалай көтермелеуді төлеуге байланысты барлық құжаттарды мүдделі тұлға (федерацияға) тапсыруды сұраған.

Алайда, жауапкер өзінің мерзімі көрсетілмеген алдын ала шешімінде және де кейін жолдаған, 2025 жылдың 20 ақпанындағы №ЖТ-2025-00330175 жауабында ақшалай сияқылық төлемді өтеуге мүмкіндік жоқ деп талап қоюшы өкілінің (А[...]) атына жазбаша хабарлаған. Себебі ретінде, олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша кемiнде 20 елдің (спорттық дисциплина немесе әрбiр салмақ санаты бойынша) өкiлдерi қатысқан жағдайда ғана ақшалай сыйақы №156 санды Министрдің бұйрығына сәйкес төленеді деп көрсеткен, ал аталған әлем чемпионатында 2-arms Jerk спорттық дисциплинада, 73 келі салмақ дәрежесінде тек 2 ел (Қазақстан, Ресей) қатысқан.

Туындаған дауды қарау барысында жергілікті соттар халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушыларға және спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелеріне ақшалай көтермелеуді төлеу және оны қайтару туралы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі міндетін атқарушының 2023 жылғы 28 шiлдедегi №204 бұйрығымен бекітілген Қағидаларға сілтеме жасаған.

Ал, осындай ақшалай көтермелеудің нақты мөлшерін бекіту Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің сол жылғы 27 маусымдағы №156 бұйрығының негізінде жүзеге асырылады. Осы бұйрық бойынша, халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушыларға және спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының мүшелеріне ақшалай көтермелеудің мөлшеріне байланысты, олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша кемiнде 20 елдің (спорттық дисциплина немесе әрбiр салмақ санаты бойынша) өкiлдерi қатысқан жағдайда, 2-ші орын алғаны үшін 1800 АҚШ доллары беріледі.

Қаралып отырған жағдайда, аталған әлем чемпионатында 2-arms Jerk спорттық дисциплинада, 73 келі салмақ дәрежесінде тек 2 ел ғана қатысқан деген жауапкердің тұжырымы сотта ешбір дәлелмен расталмады.

Керісінше, осы халықаралық чемпионаттың хаттамасы бойынша, оған 20-дан астам елдің өкілдері қатынасқан.

Бұл жағдай Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының заңды күшіне енген 2024 жылғы 23 шілдедегі №7194-2400-4/1966 шешімімен де дәл анықталған. Атап айтқанда, соттың осы шешіміне сәйкес, 2023 жылғы 07-12 қыркүйекте Өзбекстан Республикасының Хива қаласында өткен гір көтеруден әлем чемпионатында 2-arms Jerk спорттық дисциплинасына 22 елдің өкілдері қатысқан.

ӘРПК-нің 119 бабының талабынан туындайтыны, әкімшілік іс бойынша заңды күшіне енген соттың шешімі анықталған мән-жайларға да, өздері шығарылған адамға қатысты оларды құқықтық бағалауға да қатысты барлық әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті. Бұл ереже соттың шешімі мен басқа да сот актілерін аппеляциялық және кассациялық тәртіптермен тексеруге, күшін жоюға және өзгертуге кедергі келтірмейді.

Әкімшілік іс бойынша заңды күшіне енген соттың шешімі іс үшін маңызы бар фактілерді және дәлелдемелерсіз анықталатын нақты деректерді анықтау кезінде кез келген сот және орган үшін міндетті болады.

Жауапкердің өз уәждерінде келтірген №156 бұйрығына келсек, онда спорттық дисциплина немесе әрбiр салмақ санаты бойынша өкiлдерi қатысқан кезде ақшалай көтермелеу өтелеуі қажет. Бұл тұста бұйрықтың осы аталған екі бірдей шарты емес, бір шартының өзі де талап қоюшыға қатысты толықтай жеткілікті болған. Бастысы әлем чемпионатында 20-дан астам елдің қатысуы қамтамасыз етілген.

ӘРПК-нің 12 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі.

ӘРПК-нің 13 бабының бірінші бөлігі бойынша, әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады.

Осы орайда, жоғарыдағы заң нормаларында көзделген сенім құқығын қорғау қағидасы бойынша әкімшілік органның кінәсінен жасалған заңсыз әрекеттерден әкімшілік процеске қатысушы үшін ауыр зардаптардың туындауына жол берілмеуі тиіс.

Төменгі сатыдағы соттар өздерінің осы іспен шығарған шешімінде, талап қоюшы мен жауапкердің кейбір уәждеріне лайықты құқықтық баға бере білген және ол бағамен кассациялық сот та келіседі, сондықтан оларды қазіргі қаулыда қайталап көрсетудің қажеттілігі жоқ.

Іс бойынша шығарылған шешімдер әділеттілік принципіне сүйене отырып қабылданған.

Жоғарыда айтылған мән-жайларды ескере отырып, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысын заңды деп тауып, сол себепті оларды бұзуға немесе өзгертуге ешбір негіз анықталмады деп санайды.

Жауапкердің кассациялық шағымы мен оның қосымшасының уәждері бұрын да жария етілуіне байланысты төменгі соттардың зертеуінен өтіп, тиісті құқықтық бағаға ие болған. Ескерер жәйт, шағымның бүкіл мәтінінде Б[...] талап қоюшы деп атаудың орнына, шағым иесі оны ұдайы «талапкер» деп көрсетіп, процессуалдық заңдылықпен мүлдем көзделмеген қате сөзді қолданған.

Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер бұл шағым иесінен кассациялық сотқа қазіргі кезде де ұсынылмады. Ардагер-спортшыларға ақшалай көтермелеу төлеу көзделмеген деген пікір заң тұрғысындағы ешбір нақты дәлелдермен бекітілмеген, оның үстіне, жергілікті соттардың сілтеме жасаған сот актісінің бұзылғандығы немесе өзгертілгені жөнінде қандай да бір ақпарат кассатор тарапынан ұсынылмады.

Осы орайда, іс бойынша шығарылған сот актілері күшінде, ал жауапкердің кассациялық шағымы – толықтай қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Павлодар облысының № 2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 26 мамырдағы шешімі, Павлодар облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 тамыздағы қаулысы – күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы - қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е.М. Нұралиев

Судьялар

Л.С. Кудекова

Ш.С. Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.