ҚАУЛЫ
2026 жылғы 6 қаңтар №6003-25-00-2к/3777 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева,
мүдделі тұлға Р.Б.Узакбаевтың, оның өкілі адвокат А.Т.Тулебаевтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы
арыз беруші Маңғыстау облысы Полиция Департаментінің көші-қон қызмет басқармасы халықтың көші қон сұрақтары бойынша уәкілетті органның (бұдан әрі - Басқарма) мүдделі тұлға Ринат Бисенбаевич Узакбаевты Қазақстан Республикасының шегiнен тыс шығарып жiберу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі мүдделі тұлға өкілінің Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі шешіміне берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Басқарма аталған арызбен сотқа жүгініп, Р.Б.Узакбаевты Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберуді сұраған.
Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі шешімімен арыз қанағаттандырылып, Р.Б.Узакбаев Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарылған.
Мүдделі тұлғаның өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот шешімімен келіспей, оның күшін жойып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Істің қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген арызданушының өкілі кассациялық соттың отырысына белгісіз себептермен қатыспады және байлынысқа шықпады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 450-бабының 2-бөлігіне сай, істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген кассациялық шағым берген адамның, прокурордың болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Сондықтан кассациялық сот азаматтық істі арызданушының өкілінің қатысуынсыз қарады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Бірінші сатыдағы сотпен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Қазақстан Республикасының «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 3-бабына сәйкес егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе,
Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады. Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер заң мен сот алдында тең болады, оларды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мәнжайлар бойынша ешқандай кемсітуге болмайды.
Заңның 28-бабында шетелдік мына жағдайларда: егер оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетiн болса; егер бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса; егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса; егер Қазақстан Республикасының азаматымен некеге тұруы оны Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалдыру үшiн негiз болып табылып, заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен неке заңсыз деп танылған жағдайда Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге шығарып жіберілуі мүмкiн екендігі қарастырылған.
Мүдделі тұлға Р.Б.Узакбаев 1992 жылғы 27 тамызда туған, Өзбекстан Республикасының азаматы, ұлты қарақалпақ оған 2023 жылғы 19 шілдеде Қазақстан Республикасының шетелдіктің тұруына ықтиярхаты берілген.
2024 жылғы 9 қыркүйекте көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылыс жайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 610-бабының 1- бөлігімен Р.Б.Узакбаев кінәлі деп танылып, айыппұл жазасы берілген.
Сондай-ақ, 2024 жылғы 22 желтоқсанда тіркеу, рұқсат беру, хабарлама жіберу мiндеттi болған жағдайларда, тiркеусiз, рұқсатсыз, сол сияқты хабарлама жібермей кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу, сондайақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асырғаны үшін ӘҚБтК-нің 463бабының 1-бөлігімен Р.Б.Узакбаев кінәлі деп танылып, айыппұл салынған. Шетел азаматымен айыппұлдар толық төленген.
Басқарма Р.Б.Узакбаевтың өзінің іс-әрекетімен Қазақстан Республикасының заңдарын бұзғанын көрсетіп, оны Қазақстан Республикасының шегiнен тыс шығарып жiберуді сұраған.
Бірінші сатыдағы сот Басқарманың арызын қанағаттандырғанда Р.Б.Узакбаевтың бір жыл ішінде екі рет Қазақстан Республикасының заңдарын бұзып, әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын, тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз такси қызметін жүзеге асырғанын, жол-көлік оқиғасына жол бергенін, Қазақстан Республикасы аумағында 2015 жылдан бері, ұзақ уақыт азаматтық алуға әрекеттер жасамағанын негізге алған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы №4 «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қараудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 14 тармағында азаматтық іс жүргізу тәртібімен шығарып жіберу туралы шешім шығару кезінде соттар шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жасаған құқық бұзушылығын ескеруі қажет екендігі түсіндірілген. Кассациялық сот істі қарау барысында Р.Б.Узакбаевтың жол-көлік оқиғасы бойынша ӘҚБтК-нің 610 бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершіліке тартылуы оны Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге шығарып жіберуге негіздердің бірі бола алмайды деген тұжырымға келді. Себебі, ол аталған жол-көлік оқиғасын қасақана, әдейі жасамаған, мұндай бұзушылық жасауға ниеті болмаған, яғни оның әрекеті абайсызда жасалған әрекет болып табылады.
Р.Б.Узакбаевтың бұл әрекеттері жәбірленушіге материалдық шығын келтіруге, сондай-ақ оның өміріне немесе денсаулығына зиян келтіруге бағытталмаған.
Кассациялық сотта Р.Б.Узакбаев ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлінде көзделген, яғни салық органына тіркелмей ақылы жолаушы тасымалымен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуын оның шетел азаматы болғандықтан дара кәсіпкер ретінде уақтылы тіркеле алмағанымен, отбасын асырау мақсатымен жолаушы тасымалымен уақытша айналысуға мәжбүр болғанымен түсіндірді. Демек, оның бұл әрекеттері де адамдардың өміріне қауіпті емес және де қаскөйлікпен жасалынған құқық бұзушылыққа жатпайды.
Бірінші сатыдағы соттың Р.Б.Узакбаевтың ұзақ уақыт бойы Казақстан Республикасының азаматтығын алуға әрекеттенбеген деген уәжі негізсіз. Өйткені, 2023 жылғы 19 шілдеде Р.Б.Узакбаевқа Қазақстан Республикасының шетелдіктің тұруына ықтиярхаты берілген.
Сонымен қатар кассациялық сот 2023 жылғы 28 шілдеде Р.Б.Узакбаев Қазақстан Республикасының азаматшасы Ж.Р.Аминовамен заңды некеге тұрып, өз отбасын құрғанын, жұбайымен бірге пәтер жалдап тұрып жатқанын, қазіргі кезде Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға ниетті екенін, кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында 2025 жылғы 12 қыркүйекте «Ринат 92» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашқанын назарға алады.
Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот бірінші сатыдағы соттың шетел азаматы Р.Б.Узакбаевтың Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге шығарып жіберу туралы тұжырымдарын ерте жасалынған деп таниды. Сондықтан сот шешімінің күші жойылып, Басқарманың мүдделі тұлға Р.Б.Узакбаевты Қазақстан Республикасының шегiнен тыс шығарып жiберу туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі шешімінің күші жойылсын.
Маңғыстау облысы Полиция Департаментінің көші-қон қызмет басқармасы халықтың көші-қон сұрақтары бойынша уәкілетті органның мүдделі тұлға Ринат Бисенбаевич Узакбаевты Қазақстан Республикасының шегiнен тыс шығарып жiберу туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.