Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 22.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3595 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/3595

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 22 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов талап қоюшы Ш[...], жауапкер Н[...] және оның өкілі Д[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Ш[...] жауапкер Н[...] мүліктік залал мен моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық іс бойынша Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Ш[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда жол-көлік оқиғасы жылқы малының түнгі уақытта иесіз қалып, тас жол бойына шығып кетуінен орын алғанын көрсетіп, келтірілген мүліктік зиянның өтемі 2 404 893 теңгені және 3 000 000 теңге моральдық зиянды жауапкер Н[...] өндіруді сұраған.

Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы шешімімен талап қанағаттандырудан бас тартылған.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, мүліктік зиянның өтемін өндіруден бас тарту жайлы бөлігінің күші жойылып, осы бөлікте талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа сот актісі шығарылған. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына 2 404 893 теңге мүліктік зиянның өтемі, мүлікті бағалау бойынша 65 000 теңге сот шығыны және 25 895 теңге баж өндірілген. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер шағымында апелляциялық сатыдағы сот азаматтық істі қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамай, істің нақты мән-жайларына сай келмейтін түйіндер мен тұжырымдар жасап, заңсыз шешім қабылдағандықтан, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тындап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Бірінші сатыдағы сот А[...] қатысты қылмыстық теріс қылық ісі бойынша іс жүргізу соңғының кінәсіздігіне байланысты емес, жәбірленушінің оған шағымы болмауына байланысты тоқтатылғанын, жылқы малының иесі Н[...] қылмыстық теріс қылық ісі тіркелмегенін, соңғының қайтыс болуына байланысты қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық ісі қозғалмағанын ескеріп, жауапкер Н[...] да заңсыз ісәрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен талап қоюшының мүліктік немесе мүліктік емес игіліктері мен құқықтарына зиян келтірілген деуге жеткілікті негіз жоқ деп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымымен келіспей, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодекстің (әрі қарай - АК) 917бабының 1-тармағын және «Соттардың Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің Ерекше бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 7 нормативтік қаулысының 26-тармағын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды ішінара қанағаттандырған.

Іс құжаттарынан анықталғаны «Nissan Tilda» маркалы, мемлекеттік белгісі [...] автокөлігінің (бұдан әрі - автокөлік) иесі Ш[...] болып табылады.

2024 жылғы 23 сәуірде шамамен сағат 03.00-де Доссор-Бейнеу тас жолының 158 шақырым тұсында А[...] өзінің басқаруындағы автокөлікпен бір бас жылқы малын қағып кетіп, жол-көлік оқиғасын жасаған. Нәтижесінде автокөліктің жолаушылары жасөспірімдер А[...] мен У[...] әр-түрлі дене жарақатымен Жылыой аудандық орталық ауруханада қаралып, талап қоюшының әкесі Ш[...] дене жарақатымен аталған ауруханаға түскен.

Осы факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (осыдан кейін - ҚК) 345-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің біріңғай тізіліміне тіркелген.

А[...] қатысты қылмыстық теріс қылық ісі Жылыой аудандық полиция бөлімінің 2024 жылғы 11 мамырдағы қаулысымен жәбірленуші Ш[...] шағым жазудан бас тартуына байланысты тоқтатылған.

Жылыой аудандық ветеринариялық стансасының 2024 жылғы 29 сәуірдегі жауабы және жауапкермен ұсынылған ветеринариялық паспорт бойынша аталған жылқы малы Н[...] атына тіркелген. Н[...] 2023 жылғы 30 қазанда, яғни жол оқиғаға дейін қайтыс болған.

Атырау облысы, [...] әкімдігінің 2008 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен Жылыой ауданы, Төлес учаскесінің оңтүстік – батыс бөлігінен 1000,0 га жайылым жер тілімі (бұдан әрі - жер тілімі) «Ж[...]» шаруа қожалығына (басшысы Н[...]) уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқымен берілген.

2024 жылғы 12 наурыздағы заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік бойынша Н[...] жер телімі мен Жылыой ауданы, Майкөмген селосы, Б[...] көшесі, №[...] үйден тұратын мұраны қызы Н[...] қабылдаған.

2024 жылғы 24 сәуірде автокөлікті және оқиға орнын қарау хаттамалары жасақталып, сызба сызылып, жол-көлік оқиғасы орын алған аймаққа жақын маңда «мал айдау» белгісі орнатылмағаны, яғни жылқы малының иесінің жануарларды қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі Жол жүрісі қағидаларының 24-тарауының 176-тармағында жүктелген міндетті орындамауынан болғандығы анықталған.

«ЭАE[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2024 жылғы 18 шілдедегі бағалау есебі бойынша зақымданған автокөліктің қалпына келтіру құны 2 404 893 теңгені құрайды. Жылқы иесі Н[...] қайтыс болуына байланысты соңғыны Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай - ӘҚБтК) 408-бабымен жауапкершілікке тартуға негіз болмағандықтан іс құжаттар жинақтау ісіне жолданған.

Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандырғанда АК-нің 1038,1040,1072-баптарын дұрыс басшылыққа алып, заң бойынша мұраға құқық туралы куәлікке сәйкес Н[...] мұрагер болып табылатынын, мұралық мүліктер ретінде жер телімі мен тұрғын үйден тұратынын, басқа мұрагерлер жауапкердің пайдасына мұрадан бас тартқанын ескеріп, талап қоюшының мүлкіне келтірілген зиянның өтемі мұра қабылдаған жауапкерден өндірілуге жатады деген негізді тұжырымға келген.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюды ішінара қанағаттандыру шешімін заңды әрі негізді деп санайды.

Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актісінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актісінің күшін жоюға негіз жоқ.

Сол себепті, сот апелляциялық сатыдағы сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысы өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Г.Джаппарова

А.Есдаулетов

Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.