Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/667 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 17 қыркүйек №6003-25-00-2к/667 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар А.А.Бакытжанова, Ч.И.Майшыбаев, талап қоюшының өкілі С[...],

жауапкердің өкілі С[...],

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкер «ҚРМК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берген сату-сатып алу және жылжымайтын мүлікті кепілге беру туралы келісім шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Түркістан облысы Мақтаарал аудандық сотының 2024 жылғы 7 қазандағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының өкілі С[...] келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

2022 жылы 10 ақпанда талап қоюшы Б[...] өзінің азаматтық некедегі жолдасы К[...] өзінің өкілеттілігін атқаруға нотариус арқылы куәлендірген сенімхат берген (№791 реестр).

2022 жылы 11 ақпанда талап қоюшы Б[...] өзіне меншік құқығымен тиесілі болған Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Нұрсәт мөлтекауданы, №[...] үй, №[...] пәтерге қатысты заңда көрсетілген әрекеттері жасауға, оның ішінде кепілге өткізуге К[...] сенімхат берген. (№793 реестр).

2022 жылы 11 ақпанда К[...] осы сенімхат арқылы жеке кәсіпкер (ИП) «Б[...] А.Б.» (басшысы Б[...]) атынан «ҚРМК[...]» ЖШС-мен №50191 алдын-ала қаржыландыру арқылы мақта шикізатын сатып алу-сату шартын жасаған. Шарттың әрекет ету мерзімі 2022 жылғы 31 желотоқсанға дейін белгіленген.

Осы келісім шартқа сай «ҚРМК[...]» ЖШСнен (басшысы А[...]) жеке кәсіпкер (ИП) «Б[...] А.Б.» (басшысы Б[...]) атына К[...] 59 633 995 теңге алдын ала қаржыландыру алған, осы қаржыны алғаны жөнінде К[...] 2022 жылы 11 ақпандағы «ҚРМК[...]» ЖШС-нің №1200000060 шығыс кассалық ордеріне (расходный кассовый ордер) қолын қойған.

Осы келісім шартты қамтамасыз ету мақсатында К[...] пен «ҚРМК[...]» ЖШС-і арасында Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Нұрсәт мөлтекауданы, №[...] үй [...] пәтерді кепілге беру туралы 2022 жылы 11 ақпандағы №50191 келісім шарты жасалған.

Талап қоюшы Б[...] талап қоюында жоғарыда аталған мәмілелер заңсыз жасалғанын, ол мәмілелерге өзінің қол қоймағанын көрсетіп, соттан осы

мәмілелерді жарамсыз деп тануды сұраған.

Мақтаарал аудандық сотының 2024 жылғы 7 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымында талап қоюшының өкілі сот актілерінде істің мән-жайына дұрыс баға берілмегенін, қолдануға жататын заңдар қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.

Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкердің өкілінің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп және шағымның уәждерін тексеріп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438 бабының 5 бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қаралып отырған іс бойынша мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 157 - бабының 2 - тармағына сәйкес, мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылуы мүмкін.

АК-тің 167-бабының 1, 2 - тармақтарына сәйкес, бір адамның (сенім білдірушінің) өз атынан өкілдік етуі үшін екінші адамға (сенім білдірген) берген жазбаша уәкілдігі сенімхат деп танылады.

Мүлікке билік жасауға және нотариаттық куәландыруын талап ететін мәмілелер жасауға берілетін сенімхатты, егер заң құжаттарында өзгеше белгіленбесе, нотариат куәландыруға тиіс.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2022 жылғы 10 ақпандағы Б[...] К[...] берген сенімхаттары нотариуспен рәсімделген, сенімхаттарда Б[...] олардың мазмұнымен толық танысып, қолын қойғаны көрсетілген, осы сенімхаттар арқылы Б[...] К[...] өз атынан келісім шарттар жасауға, қаражаттарын төлеуге және алуға өкілеттік берген, яғни мәмілелердің жасалуына өзінің еркін білдірген. Өз кезегінде К[...] осы сенімхаттар негізінде дауланып шарттарды жасаған, осы шарттардың іс жүзінде жасалғанын, ол шарттарға қойылған қолын және шарттар бойынша 59 633 995 теңге қаражатты алғанын сотта К[...] растаған. Осы әрекеттер талап қоюшының еркінен тыс, алдау жолымен немесе

қандайда бір қысым көрсету арқылы жасалғаны сотта анықталмаған, сенімхаттардың күші жойылмаған, жарамсыз деп танылмаған. Осы шарттар бойынша міндеттемесін орындамағаны үшін 2023 жылы 24 шілдеде нотариус арқылы Б[...] «ҚРМК[...]» ЖШС-нің пайдасына 59 633 995 теңге қарызын өндіру туралы атқару парағы жазылған, осы атқару парағы негізінде жеке сот орындаушысымен атқару өндірісі қозғалып, орындау барысында.

Мұндай жағдайда кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың мәмілелерді жарамсыз деп тануға АК-тің 158-160-баптарында көзделген негіздер жоқ екені туралы тұжырымын дұрыс деп санайды, сондықтан талап қоюдың қанағаттандырудан бас тартылғаны орынды.

АПК-нің 438-бабының 5 бөлігіне сәйкес заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға себеп болатын елеулі бұзушылықтарға АПК-нің 427-бабының төртінші бөлігінде санамаланған процестік құқық нормаларын бұзушылықтарды жатқызылады. Материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы, егер соның салдарынан заңсыз сот актiсi шығарылған болса ғана елеулі бұзушылыққа жатқызылуы мүмкін. Соттың істі қарау кезінде АПК-нің 427-бабының төртінші бөлігімен қамтылмайтын немесе соттың материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын куәландырмайтын қателіктерін формальды пайымдаулар деп түсіну қажет. Мәні бойынша дұрыс сот актісін формальды пайымдаулар бойынша кассациялық тәртіппен қайта қарауға жол берілмейді. Кассациялық шағымда мұндай негіздер жоқ, онда іс бойынша дәлелдерді қайта бағалау жөнінде ғана көрсетілген. Демек, сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарауға негіз жоқ. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысы Мақтаарал аудандық сотының 2024 жылғы 7 қазандағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қаңтардағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын, кассациялық шағым қанағаттандырудан бас тартылсын.

Төрағалық етуші судья Ғ.Бастаубаев Судьялар А.Бақытжанова

Ч.Майшыбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.