ВС РК - Постановление от 12.12.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1303 (Административное)

6001-24-00-6ап/1303

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 12 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нурбаев, Ж.Б.Ермагамбетова болып, жауапкер өкілі Б.А. Шералиевтің қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ныгмет Калдыбекович Ажибековтың жауапкер Түркістан облысы Жетісай ауданы әкімінің аппаратына 2007 жылғы 6 наурыздағы №1-272 шешімін жарамсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2024 жылғы 18 қаңтардағы ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы ұйғарымына талап қоюшы Н.К. Ажибековтың кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Н.К.Ажибеков жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, негіздемесінде, жауапкердің шешімімен Түркістан облысы Жетісай қаласы Әйтеке би көшесі № 13 тұрғын үйге мүдделі тұлға Р.К.Ажибековтың меншік құқығын заңсыз алғанын көрсеткен.

Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2024 жылғы 18 қаңтардағы ұйғарымымен талап қоюшының сотқа жүгіну мерзімі өтіп кетуіне байланысты талап арыз кері қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Сот алқасы жауапкер өкілі Б.А.Шердалиевтің кассациялық шағымға келтірген қарсылық уәждерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Төменгі саты соттары талап арызды қайтару туралы шешім қабылдағанда талап қоюшы Н.К. Ажибеков өзінің осы дау бойынша құқығының бұзылғанын 2023 жылдың қараша айында мұрағаттың берген хатынан белгілі болғанымен, сотқа 2024 жылдың қаңтар айында жүгінгенін және 2016 жылғы 13 сәуірдегі Мақтарал аудандық сотының тұрғын үйден шығару туралы шешімі бойынша дауланып отырған рақымшылық жасау жөніндегі комиссияның 2007 жылғы 6 наурыздағы шешімі жан-жақты зерттелеп, тиісті құқықтық баға берілгенін негізге алып, талап қоюшы сотқа жүгіну мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алған деп тұжырымдаған.

Сот алқасы төменгі сатыдағы соттардың тұжырымдарын заңды әрі негізді деп санайды.

ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жарияқұқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің 136-бабының 5-бөлігіне сәйкес, құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданының мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 06 наурыздағы № 1-272 шешімімен Жетісай қаласы Әйтеке би көшесі № 13 тұрғын үй және жер телімі Рахмет Қалдыбекович. Ажибековтың атына рәсімдеу үшін рақымшылық жарияланғаны жөнінде талап қоюшы Н.К.Ажибековке аудандық мұрағаттың 2023 жылғы 06 қарашада берген хатынан білгілі болған.

Алайда, талап қоюшы Н.К.Ажибеков сотқа аталған талап арызбен 2024 жылдың 3 қаңтарында жүгінген, яғни заңда қарастырылған бір айлық мерзімді дәлелді себептерсіз өткізіп алған.

Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал аудандық сотының 2016 жылғы 13 сәуірдегі шешімінде талап қоюшы Н.К.Ажибековтың даулаған рақымшылық жасау жөніндегі комиссиясының шешімі туралы жанжақты зеттеліп, тиісті құқықтық баға берілгені байқалады.

Демек, талап қоюшыға аталған комиссияның шешімі азаматтық іс шеңберінде белгілі болғаны байқалады. ӘРПК-нің 136-бабы 8-тармағына сәйкес талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.

Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, талап қоюшы Н.К.Ажибеков сотқа талап арыз беру мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп сот алқасы санайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы талап қоюшының кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2024 жылғы 18 қаңтардағы ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы ұйғарымы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Ныгмет Калдыбекович Ажибековтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Г.К. Нурбаев Ж.Б.Ермагамбетова

Судьялар

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.