ВС РК - Постановление от 09.12.2024 по делу 6001-24-00-3Г/6022(2) (Гражданское)

6001-24-00-3г/6022(2)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 9 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Ж. Бектұрғанов

талап қоюшы Канат Есенбекович Камилаевтың жауапкер «ҚТЖ-жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Батыс филиалы Қызылорда қосалқы бөлімшесінің Қызылорда пайдалану локомотив депосының (бұдан әрі - Қызылорда пайдалану локомотив депосы) еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын заңсыз деп танып, оның күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру және лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024жылғы 19 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының өкілі С. Абдигаппаровтың келтірген өтінішхатын алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

К. Камилаев сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 15 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Қызылорда локомотив пайдалану депосының 2024 жылғы 9 ақпандағы № 26 ТГЭ-дисц еңбек шартын бұзу туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Талап қоюшы К. Камилаев жауапкер Қызылорда локомотив пайдалану депосы басшысының өндірістік жөніндегі орынбасары қызметіне жұмысқа қайта орналастырылған.

Жауапкер Қызылорда локомотив пайдалану депосынан талап қоюшы Канат Есенбекович Камилаевтың пайдасына лажсыз бос жүрген уақытына 4 080 661 теңге жалақысы өндірілген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімінің күші жойылған. Талап қоюшы К. Камилаевтың жауапкер Қызылорда пайдалану локомотив депосының еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жоюды, жұмысқа қайта орналастыру және лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіруді сұраған талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.

Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 16 қазандағы ұйғарымымен Қызылорда пайдалану локомотив депосының сот шешімінің орындалуын бұру туралы арызы қанағаттандырылған. Қызылорда қалалық

сотының 2024 жылғы 15 шілдедегі шішімнің орындалуы бұрылған. Талап қоюшы К. Камилаевтан жауапкер Қызылорда пайдалану локомотив депосының пайдасына 2 362 488 теңге өндірілген.

Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Іс құжаттарынан анықталғандай, К. Камилаев Қызылорда локомотив пайдалану депосы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

2023 жылғы 12 желтоқсанда жауапкер Қызылорда локомотив пайдалану депосының ТД-6 Шиелі айналым депосында ТЭЗЗА-0065 тепловозын тазалау жұмыстарын жүргізу барысында құлау салдарынан ауыр дене жарақатын алып, қайтыс болған.

Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы № 176-и/к бұйрығымен құрылған арнайы тергептексеру комиссиясының еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеруінің 2024 жылғы 9 қаңтардағы актісінде жазатайым оқиғаның себептері ретінде зардап шегушінің өрескел абайсыздығы, жұмыс жүргізудің дұрыс ұйымдастырылмауы, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмеуі немесе қолданбауы көрсетілген.

Аталған актіге сәйкес комиссия, Қызылорда пайдалану локомотив депосының жұмыскері М. Жакиповпен болған жазатайым оқиға жұмыс уақыты ішінде жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша әрекеттер жасау кезінде болған деген тұжырымға келген. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 186-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сай бұл жазатайым оқиға еңбек қызметімен байланысты деп дәрежеленген.

Жазатайым оқиға себептерін ескере отырып, зардап шегуші жұмыскердің кінәсі 30 %, жұмыс берушінің кінәсі 70 % болып белгіленген.

Ал актінің жазатайым оқиғаның өндіріспен байланысы туралы және еңбек заңнамасының бұзылуына жол берген адамдар туралы қорытындысында зардап шегуші М. Жакипов машинист көмекшісі ретінде қауіпсіздік нұсқаулығының талаптарын сақтамай, өз денсаулығының қауіпсіздігін бұзуға ықпал ететітін әрекет жасаған, депоның өндірістік қауіпсіздік және экология секторының сектор бастығы А. Жиенбаевтың тарапынан жұмысты төсемінің бетінен 3 метр биіктікте орындау үшін М. Жакиповке өзін-өзі сақтандыру ілмегі берілмеген, депо басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары К. Камилаевтың тарапынан еңбек міндеттерін жұмыс барысында қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік техникалық мәдениетін арттыру жөніндегі іс шаралар жүргізілмеген, депо машинисі А. Қадырбергеновтің тарапынан еңбек

міндеттерін жұмыс барысында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері мен нормаларының сақталуы тиісінше қадағаланбаған деген тұжырымға келген.

К. Камилаевтың тарапынан Қызылорда локомотив депосы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары ретінде еңбек міндеттерін жұмыс барысында қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік техникалық мәдениетін арттыру жөніндегі іс-шараларды жүргізілмей, Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 1), 4), 15) тармақшаларының, Қызылорда локомотив депосы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасарының лауазымдық нұсқаулығының 15-тармағының талабының бұзылғандығы көрсетілген.

Өз кезегінде тергеп-тексеру барысында жинақталған материалдар мен анықталған мән-жайлар негізінде жұмыс беруші тарапынан жұмыс орындары мен технологиялық процестерде кәсіптік тәуекелдерді болғызбау жөнінде шаралардың қолданылмауы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша жеткілікті дәрежеде бақыланбауы салдарынан М. Жакиповтың ауыр дене жарақатын алып, қайтыс болуына әкеп соқтырғаны және оның 2023 жылғы 13 желтоқсанда Қызылорда локомотив пайдалану депосының ТД-6 Шиелі айналым депосында ТЭ33А0065 тепловозының әйнегін тазалау жұмыстарын жүргізу барысында мұқият болмай, еңбек қауіпсіздігі шараларын сақтамау салдарынан өрескел абайсыздыққа жол берілгендігі анықталып, 2024 жылғы 9 қаңтарда жұмыс берушімен өндірістегі жазатайым оқиға туралы № 1 актісі рәсімделген.

К. Камилаевпен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен, депо басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқаруы барысында өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерді неғұрлым қауіпсіз түрлеріне ауыстыру арқылы оны барынша азайту және болғызбау жөніндегі шаралар қолданбағаны үшін, жұмыскерлерге қажетті санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасамай, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нормаларға сәйкес жұмыскерлердің арнайы киімі мен аяқ киімін беруді және жеке ұжымдық қорғаныш құралдарымен жабдықтауды қамтамасыз етпегені үшін, авариялық ахуалдың өршуін және жарақаттайтын факторлардың басқа адамдарға әсер етуін болғызбау жөніндегі шұғыл шараларды қабылдамағаны үшін, өзінің лауазымдық нұсқаулығының 15-тармағының 15.2 тармақшасын (өндірістің қоршаған ортаға зиянды әсерін болдырмау, ресурстарды ұқыпты пайдалану, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және техникалық мәдениетін арттыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге басшылық ету) бұзғаны үшін Еңбек кодексінің 64бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес бұзылған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, жұмыс беруші тарапынан К. Камилаевпен еңбек шартын бұзу тәртіптік жаза қолданудың тәртібі сақталмай жүргізілген, жұмыс беруші талап

қоюшымен еңбек шартын бұзу түріндегі қатаң жаза қолданған, жұмыс берушінің талап қоюшыға қатысты Еңбек кодексінің 64-бабында көзделген қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жазаны қолдануға құқығы болған деген тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, К. Камилаевтың тарапынан лауазымдық міндеттерін атқаруы барысында қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік техникалық мәдениетін арттыру жөніндегі іс шаралар жүргізілмей Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 1), 4), 15) тармақшаларының, лауазымдық нұсқаулығының 15.2-тармағының талаптары бұзылғандығы, аталған кемшіліктердің жұмыс орнында еңбек атқарып жатқан адамның өліміне алып келген аса ауыр сипаттағы жазатайым оқиғаның орын алуына себеп болғандығы өзінің дәлелін тапқанын, бұған дейін талап қоюшыға қатысты ескерту және сөгіс түріндегі тәртіптік жазалардың қолданғандығын, еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу түріндегі тәртіптік жаза қолдану жұмыс берушінің құқығы болып табылатынын ескере отырып, К. Камилаевтың талап қоюы қанағаттандырудан бас тартуға жатады деген қорытындыға келген.

Өтінішхат иесі өтінішхатта апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келіспей, жазатайым оқиға Шиелі стациясында локомотивке техникалық қызмет көрсету пунктінде орын алған. Аталған пунктке қауіпсіздік ережелеріне жауапты тұлға тергеп-тексеру актісінде мүлде көрсетілмеген. Әр нысан бойынша еңбек қауіпсіздігіне жауапты қызметкер бекітілу қажет екенін мәлімдеген. 2023 жылғы 7 сәуірдегі нұсқаулыққа сәйкес Шиелі станциясы локомотивке техникалық қызмет көрсету депосына жауапты тұлға ретінде Е. Өтегулов міндеттелген.

Аталған нұсқаулыққа сай депо басшысының эксплуатация жөніндегі орынбасары А. Жұбаназаровтың жауапкершілігі де қаралуы тиіс болған.

Өтінішхат иесінің пікірінше, машинист көмекшісі М. Жакипов өздігінен әрекет жасап, локомотивтің әйнегін нұсқаулыққа сәйкес келмесе де тазалауға кіріскен. "ҚТЖ" Ұлттық компаниясы" АҚ ВицеПрезидентінің 2010 жылғы 1 қазандағы № 633-ЦЗ бұйрығымен бекітілген "ТЭ33А сериялы тепловоздарды ТҚ-1 техникалық қызмет көрсету Ережесінің" 2-тармағына сәйкес ТЭ33А сериялы тепловоздарға ТҚ-1 техникалық қызмет көрсетуді Локомотивтерге техникалық қызмет көрсету пунктінің цехында, ТҚ-1 техникалық қызмет оның ішінде алдыңғы әйнектерді сүрту жүргізілмеуі тиіс болған.

2021 жылғы 2 ақпандағы депо басшысымен бекітілген «Шиелі айналым депосы бойынша тракциондық жолдарда маневрлік жұмыс жасау тәртібі, тепловоздарды қыздырып ұстау және жанар-жағар маймен жабдықтау жөніндегі жергілікті Нұсқаулықтың» 5-тармағына сай

тепловозды жанар-жағар маймен жабдықтау кезеңінде ТҚ-1 техникалық қызмет көрсету қарастырылмаған.

2023 жылғы 8 тамыздағы өндірістік процестер жөніндегі басқарушы директордың № 546-ЦЗ бұйрығымен бекітілген "Локомотив бригадасы туралы Ереженің" 54-тармағына сәйкес машинист көмекшісіне өзінің лауазымдық міндеттерін орындау үшін тартқыш жылжымалы құрамнан тек машинистің нұсқауы бойынша және онымен нұсқама жүргізілгеннен кейін ғана кетуге рұқсат етіледі. Тепловоз машинисі М. Қадырбергенов түсінігінде тепловоздан дизель отынымен қамтамасыз ету үшін өтінім беруге кеткенде, ол М. Жакиповқа тепловоздан шықпау керектігін айтқан. Осылайша М. Жакипов тепловоз машинисі А. Қадырбергеновтың нұсқамасын орындамай № 546-ЦЗ бұйрығының талаптарын бұзған.

2017 жылғы 12 қазандағы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» Басқарма төрағасымен бекітілген №980-ГП бұйрығы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ локомотив бригадаларының қозғалыс қауіпсіздігі жөнінде нұсқаулық өткізу және ұйымдастыру Ережесіне» сай депо кезекшісімен, кезекшіліктегі машинис-нұсқаушысымен, әр-бір сапар алдында локомотив бригадаларына қызметіне тікелей қатысты қозғалыс қауіпсіздігі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау материалдары бойынша журналға тіркей отыра нұсқама жүргізіледі. Нұсқама жүргізілу барысында депо кезекшісінің тарапынан машинист М. Жакиповтың арнайы аяқ киімінің кимегендігіне байланысты жұмыстан шектетілмеген. Аталған тергептексеру актісінде депо кезекшісінің кінәсі туралы мүлде көрсетілмеген.

Сонымен бірге өтінішхат иесі К. Камилаев тарапынан жыл сайын локомотив топтарының еңбек қауіпсіздігі, электр қауіпсіздігі бойынша білімі тексеріліп, бекітілген комиссия мүшелерінің қатысуымен сынақ қабылдап отырған. Локомотив топтарының барлығы өз уақытында жеке қорғану құралдарын және арнайы киімдерді пайдалану мерзіміне сәйкес қамтамасыз етіліп отырған. Бекітілген техникалық сабақ өту кестесіне сәйкес жұмысшылармен техникалық сабақ өткізіліп, тоқсан сайын сынақ қабылдаған. Еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша тексерістер жүргізіліп, анықталған кемшіліктермен талдау жасалып, шара қолданылып отырғанын атап көрсеткен.

Аппеляциялық сатыдағы сот тек Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының 2023 жылдың 13 желтоқсанындағы № 176-и/к бұйрығымен құрылған арнайы тергеп тексеру комиссиясының еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеруінің қорытындысын негізге ала отырып шешім қабылдаған.

Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық саты сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.

АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының өкілі С. Абдигаппаровтың келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья М.Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.