КСАД РК - Постановление от 16.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/295 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 16 қыркүйек 6003-25-00-4к/295 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық

соты, құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшы өкілдері Б.А.Алимбековтің, А.А.Амантаеваның

қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Нурлайым Жаксыбековна Умбетованың жауапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, 2024 жылғы 10 қазандағы тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп тану, кезегін қалпына келтіру туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 ақпандағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Н.Ж.Умбетова сотқа жауапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 10 қазандағы тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп тану, кезегін қалпына келтіру туралы талап қою мерзімін дәлелді себептерге байланысты өткізіп алғандықтан, талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатпен жүгінген.

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 ақпандағы ұйғарымымен талап қоюды қалпына келтіру туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартылып, әкімшілік талап арыз қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған жауапкер кассациялық саты сотының отырысына келмеді, бұл жағдай Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі мәні бойынша жауапкерсіз қарауға кедергі келтірмейді. Кассациялық сот, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК – нің 169 – бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, дау келтіріліп отырған тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімі 2024 жылы 10 тамызда қабылданып, Н.Умбетоваға сол жылдың 31 қазанында берілгені істі қарау барысында өз дәлелін тапқан.

Ал, талап қоюшы заңда көрсетілген мерзімді сақтамай, сотқа талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішпен тек екі жарым айдан кейін - 2025 жылдың 21 қаңтарында жүгінген.

Істің мұндай тұрғысында, Н.Умбетованың жеке шағымында көрсеткен уәждері сотпен негізге алынбағаны дұрыс, талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішінде ол қандайда бір дәлелді себепті төменгі сатыдағы соттарға ұсынбаған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі сатыдағы соттармен талқыланып, оларға қолданыстағы заң нормаларының талабына сай дұрыс құқықтық баға берілген.

Төменгі сатыдағы соттармен заңды және негізді шешім қабылданған, ұйғарымда көрсетілген сот тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келеді, шешім қабылдау барысында процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған.

Демек, бірінші сатыдағы сот талап қоюшының талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішін негізді қанағаттандырусыз қалдырып, талап арызды ӘРПК-тің 136-бабының 8-бөлігіне сай дұрыс кері қайтарған.

Кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерін заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.

Сондықтан, іс бойынша қабылданған төменгі сатыдағы сот актілерінің күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 ақпандағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы осы іс бойынша ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылсын.

Талап қоюшы Нурлайым Жаксыбековна Умбетованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Е. Нұралиев Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.