№6003-26-00-2к/660 іс
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 5 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья А.К.Есдаулетов, судьялар Г.М.Даулеткалиева, Н.Б.Ормаханов болып,
«Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Х[...] қатысуымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 27 қаңтардағы шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы У[...] «Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне еңбек өтілі мен зейнетақы жарналарын аудару кезеңін растау және келтірілген залалды өндіру туралы электрондық азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
У[...] талап қоюында, өзінің еңбек өтілі мен зейнетақы жарналарын аудару кезеңін растауды, 2001 жылғы тамыз, 2002 жылғы сәуір, маусым, шілде, қыркүйек, қазан айларына және 2003 жылғы ақпан, наурыз, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, желтоқсан айларына уақытылы зейнетақы жарналарының аударылмауынан келген залалды өтеуді, «Құрылыс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында 2001 жылғы 25 наурыздан бастап 2003 жылғы 31 желтоқсанға дейін жетекші маман болып жұмыс жасағанын көрсеткен.
Істі қарауда У[...] 2025 жылғы 8 қаңтарда жауапкерді «Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне ауыстыру туралы арыз түскен.
Тіркеуші органның мәліметі бойынша «Құрылыс» мемлекеттік коммуналдық шаруашылығы 2001 жылғы 27 ақпанда мемлекеттік заңды тұлға ретінде тіркеліп, 2003 жылғы 10 қыркүйекте Атырау облысының құрылыс кешені басқармасының «Құрылыс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып қайта тіркеуден өткен.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 27 қаңтардағы шешімімен У[...] бұл талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Оған, іс бойынша талап қою мерзімінің өтіп кетуі негіз болған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында, соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуына және сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне байланысты, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.
«Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесі кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, талап қоюшының жасына байланысты зейнетақы төлемдері 2021 жылғы 12 қарашадан бастап ұсынылған құжаттарына сәйкес дұрыс тағайындалғандықтан, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Тараптар істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген, олардың болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушының пікірін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға соттармен жол берілмеген.
Тараптар арасында даудың туындауына негіз болған істің мән-жайлары шағым берілген сот актілерінде баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайталап басынан бастап көрсетуді қажет етпейді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 160-бабында сотқа жүгіну үшін жұмысқа қайта алу туралы даулардан басқа еңбек даулары бойынша жұмыскер, оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болған жұмыскер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл мерзімі белгіленген.
У[...] өзіне «Құрылыс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен зейнетақы жарналары ай-сайын уақытылы аударылмағандығы туралы 2021 жылғы 29 қазанда білгенін көрсеткен, дегенмен осы талап қоюмен сотқа тек 2024 жылғы 8 қарашада жүгінген. Сотта жауапкер талап қою мерзімі өтіп кеткені туралы мәлімдеп, талап қою мерзімін қолдануды сұраған.
Істі қарауда талап қою мерзiмiнiң өтуiн тоқтата тұру немесе оның өтуiндегi үзiлiс анықталмаған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 179бабының 3-тармағына сәйкес талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады. Осы мән-жайларға байланысты талап қою мерзімі өтіп кеткендіктен сотпен талап қоюдың ескіру мерзімі қолданылып, талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
АК-тің 9-бабының 1-тармағында азаматтық құқықтарды қорғау тәсілдері көзделген, сот бұзылған құқықты қорғауды оның бұзылған шегінде жүзеге асырады.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, У[...] жасына байланысты зейнетақы өзінің ұсынған құжаттары негізінде 2021 жылғы 12 қарашадан бастап тағайындалған. Зейнетақы төлемі І-топ мүгедектігіне байланысты төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысынан төмен болғандықтан, оның мөлшері күнкөріс деңгейінің ең жоғары мөлшеріне дейін жеткізілген.
С[...].У[...] еңбек өтілі өзгергенімен, оған төленетін зейнетақы төлемінің мөлшері өзгермейтіні анықталған.
Демек, жауапкердің кінәсінен оған төмен мөлшерде зейнетақы төлемі тағайындалмаған.
Апелляциялық сатыдағы сотпен сот шешімін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдауда аталған мән-жайларда ескерілген.
Процестік заңның талабына сәйкес мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды.
С[...] сот актілеріне өзгерістер енгізу не оның күшін жоюға заңда көзделген негіздер болмағандықтан, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 27 қаңтардағы шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.
Төрағалық етуші А.Есдаулетов
Судьялар Н.Ормаханов
Г.Даулеткалиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.