№6001-24-00-6ап/602
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 22 тамыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Ш.Т.Даниярова,
мүдделі тұлға «Ая-Хан оқу клиникалық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Ғ.А.Алмаханның қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Сауле Уразбековна Нургалиеваның жауапкерлер Қызылорда қаласының әкіміне, «Қызылорда қаласының ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 2022 жылғы 27 қыркүйектегі №952 қаулыны заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 23 тамыздағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысына мүдделі тұлға «Ая-Хан оқу клиникалық орталығы» ЖШС-нің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 23 тамыздағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Қызылорда қаласы әкімінің 2022 жылғы 27 қыркүйектегі № 952 қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Осы соттың 2023 жылғы 21 желтоқсандағы жеке ұйғарымымен әкімшілік істі қарау барысында анықталған заң бұзушылықтар туралы Қызылорда облысы әкімінің назарына жеткізілген.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымда жергілікті соттар іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағым бойынша тараптың пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге жергілікті соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, талап қоюшыға Қызылорда қаласы әкімінің 2014 жылғы 16 қыркүйектегі № 2349 және 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 3136 санды қаулылары негізінде, Қызылорда қаласы, Астана даңғылы 2 А мекен жайынан кәсіпкерлік қызмет жасау үшін жер учаскесі табысталған.
Кәсіпкерлік қызмет жасау үшін жер телімінің көлемін ұлғайту мақсатында, талап қоюшы Қызылорда қаласы, Астана даңғылы мекенжайдағы жер учаскесіне қосымша көлемі – 220 шаршы метр болатын жер учаскесін табыстау үшін Қызылорда қаласы әкімінің атына арызбен жүгінген.
Нәтижесімен С.Нургалиеваға жер комиссиясының 2021 жылғы 20 қыркүйектегі №1606 хаттамалық шешімімен жер учаскесін беруден бас тартылған.
Сондай-ақ, «Ая-Хан оқу клиникалық орталығы» ЖШС-нің тарапынан дәл осы Қызылорда қаласы, Астана даңғылы №2 мекенжайдағы коммерциялық мақсаттар үшін жер учаскесіне қосымша жер учаскесін табыстауды сұраған. Жер комиссиясының 2021 жылғы 20 қыркүйектегі № 1564 хаттамалық шешімімен «Ая-Хан оқу клиникалық орталығы» ЖШС-не даулы жер учаскесін беруден бас тартылған.
Осыдан кейін, «Ая-Хан оқу клиникалық орталығы» ЖШС-ні даулы жер учаскесін сұрап, қайта жүгінген. 2022 жылы 21 сәуірдегі жер комиссиясының № 3705 хаттамалық шешімімен «Ая-Хан оқу клиникалық орталығы» ЖШС-не даулы жер учаскесін беруге оң қорытынды қабылданған.
Осыған қоса, 2022 жылғы 28 шілдеде жер комиссиясының № 731 оң қорытынды хаттамалық шешімімен даулы жер учаскесі С.Нұрғалиеваға да табысталған.
2023 жылғы 27 қыркүйекте Қызылорда қаласы әкімдігінің № 952 санды қаулысымен «Ая-Хан оқу клиникалық орталығы» ЖШС-не даулы жер учаскесі табысталған. Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырып, жер комиссиясымен талап қоюшыға да, мүдделі тұлғаға да даулы жер учаскесін беру туралы оң қорытынды шешімдері қабылданғаны, демек, әкімшілік рәсімге қатысушының әділ теңгерімі қамтамасыз етілмеген деген дұрыс тұжырымға келген.
Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын жасау Қағидаларының 13-тармағының 10) тармақшасына сай мемлекеттік органдармен, үшінші тұлғалармен келісу схемасын (жоспарын) келісуді тапсырыс беруші қамтамасыз етеді.
Алайда, талап қоюшы даулы жер учаскесіне қатысты жерге орналастыру жобасының 10-қосымшасында өзінің қолы қойылғаны емес екендігін көрсеткен.
Бұл жағдайда, сот алқасы соттардың жер комиссиясының отырысы заң талаптарына сәйкес өтпегені туралы тұжырымы заңды деп санайды.
Қабылданған шешімнің негіздері мен уәждері қолдануға жататын заңның нақты нормаларын келтіре отырып, сот актілерінде толығымен баяндалған.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 23 тамыздағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлға «Ая-Хан оқу клиникалық орталығы» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Ғ. Әлжанов
Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.