Қ А У Л Ы
2026 жылғы 29 қаңтар №6003-25-00-2к/1488(2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Ф.М.Танатованың және жауапкер өкілі А.М.Кульчиковтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Алмабек Жолдасбекович Тезекбаев (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер «R.O.I.» азаматтардың тұтынушы кооперативіне (бұдан әрі - Кооператив) шартты бұзу, кіріс және үлестік жарна сомасын өндіру және моральдық зиянды өтеу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 25 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Кооператив тарапынан шарт талаптары орындалмағанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттармен іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.
АПК-тің 279-бабының 5) тармақшасымен егер заңда өзгеше көзделмесе, тараптар арасында заңға сәйкес осы дауды төреліктің немесе «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының шешуіне беру туралы келісім жасалса сот талап қоюды қараусыз қалдыратыны бекітілген.
Анықталғаны, 2021 жылғы 26 наурызда тараптар арасында тұтынушы кооперативіне қатысу және жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату туралы №28289 келісім шарт (бұдан әрі - Шарт) және 2022 жылғы 17 тамызда Шартқа №1 қосымша келісім жасалған.
Шарттың және қосымша келісімнің шарттары бойынша талап қоюшы Кооператив мүшесі ретінде соңғының шотына Шарт бойынша көзделген кіріс және үлестік жарна төлеуге, ал Кооператив талап қоюшыға төлемдерді бөліп төлеу шартымен жылжымайтын мүлікті оны кепілге қойып сатып алуға пайызсыз нысаналы қарыз беруге міндеттелген.
Шарт бойынша талап қоюшы кооперативке кіріс және үлестік жарна ретінде 2 050 300 теңге төлеген.
Талап қоюшы Кооператив тарапынан Шарт талаптары орындалмауда деген негізбен Кооперативтен шығу, шартты бұзу және жарналарды қайтару туралы өтінішпен жүгінген, алайда одан жауап түспеуіне байланысты талап қоюшы осы талаппен сотқа жүгінген.
Шарттың 38-тармағына сәйкес дауларды келіссөздер жолымен шешу мүмкін болмаған жағдайда тараптар заңнамада көзделген келіспеушіліктерді сотқа дейін реттеу рәсімін іске асырғаннан кейін дауларды шешу Астана қаласы, Сауран көшесі, 17 (НП-5) мекен-жайы бойынша орналасқан Астана қаласының Төрелігіне беріледі.
Демек, тараптар арасында дауды төреліктің шешуіне беру туралы келісім жасалған, бүгінгі күні бұл келісім тараптармен өзгертілмеген.
Тараптар арасында жасалған төрелік келісім «Соттардың төрелік заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы №3 Нормативтік қаулысының 10, 11 және 15-тармақтарына сай келеді, себебі төрелік келісім тараптар қол қойған Шартта төрелік ескертпе арқылы жасалған, онда төрелікті дараландыруға мүмкіндік беретін мәліметтер қамтылған (төреліктің нақты атауы мен мекен-жай көрсетілген), төрелік бүгінгі күні қызмет атқаруда және дау қарыз шартына байланысты емес болған. Сонымен қатар, бұл дау «Төрелік туралы» Қазақстан Республикасы 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 488-V Заңының 8-бабының 8, 9, 10-тармақтарында көзделген төрелікке ведомстволық бағынысты емес даулардың тізбесіне кірмейді.
Бұл ретте АПК-тің 24-бабына сәйкес соттың ведомстволығына жататын, азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған дау (жанжал) тараптардың жазбаша келісімі бойынша төреліктің қарауына берілуі мүмкін екенін ескере отырып, бұл дау төреліктің шешілуіне берілуі тиіс.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысының күштері жойылып, талап қою қараусыз қалдырылуға, кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 6) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 25 сәуірдегі шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысының күштері жойылсын.
Талап қоюшы Алмабек Жолдасбекович Тезекбаевтың жауапкер «R.O.I.» азаматтардың тұтынушы кооперативіне шартты бұзу, кіріс және үлестік жарна сомасын өндіру және моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы қараусыз қалдырылсын.
Талап қоюшы Алмабек Жолдасбекович Тезекбаевтың кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.