ВС РК - Постановление от 27.01.2022 по делу 6001-22-00-6ап/17 (Административное)

6001-22-00-6ап/17

ҚАУЛЫ

27 қантар 2022 жыл Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья - сот алқасының төрағасы Б[...] х анов, судьялар Е.Ж. Өміралиев, Д.А. Токмурзина болып,

талап қоюшы «TQG[...]» ЖШС-нің өкілі Д[...],

жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің өкілі Б[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «TQG[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – «TQG[...]» ЖШС-гі) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-не (бұдан әрі – Басқарма) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға дау айту туралы талап қою арызымен қозғалған әкімшілік іс бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 20 тамыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшы «TQG[...]» ЖШС-нің келтірген өтінішхатымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

«TQG[...]» ЖШС-гі сотқа талап қою арызымен жүгініп, онда Басқармамен 2021 жылғы 10 маусымдағы №5904Q7800028 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны (бұдан әрі – Хабарлама) заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған. Талабын «Ш[...]» және «M[...]» ЖШС-мен іс жүзінде мәмілелер орындалғанын және ақысы төленгенімен негіздеген.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 20 тамыздағы шешімімен талап қою арыз қанағаттандырудан бас тартылған. «TQG[...]» ЖШС-гі кассациялық шағымында істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелерге дұрыс баға бермегенін, материалдық

құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Жауапкер қарсы пікірінде кассациялық шағыммен келіспей, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Сот алқасы талап қоюшы «TQG[...]» ЖШС-нің өкілі Д[...] кассациялық шағымды, жауапкер Басқарманың өкілі Б[...] қарсы пікірді қолдаған түсініктемелерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, дау айтылған сот актілерінің күші төмендегі негіздерге байланысты жойылуға жатады деген қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Аталған істе осындай негіздер бар.

Істің мән-жайларына қарағанда, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі – МАЭС) 2020 жылғы 14 қазандағы шешімі негізінде «Ш[...]» ЖШС-нің 2020 жылғы 13 наурыздағы №1235-Е мемлекеттік тіркеуі жарамсыз деп танылған.

МАЭС-тің 2020 жылғы 10 қарашадағы шешімі негізінде «M[...]» ЖШС-нің 2020 жылғы 5 ақпандағы №609-Е мемлекеттік тіркеуі жарамсыз деп танылған.

Басқармамен «TQG[...]» ЖШС-нің атына камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы Хабарлама берілген.

Аталған Хабарламада уәкілетті органмен Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 264-бабының 2-тармағына сәйкес, жабдықтаушы болып келетін «Ш[...]» ЖШС-нің және «M[...]» ЖШС-нің сот шешімімен тіркеулері жарамсыз деп танылуына байланысты, мұндай өзара есеп-айырысулар бойынша шығындар шегерімге жатқызылмайтынын хабарлаған.

Бірінші сатыдағы сот, талап қою арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, Салық кодексінің 264-бабының 2-тармағына сүйенген. Осы баптың талаптарына сәйкес, сот тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің осындай салық төлеушіден іс жүзінде алынғанын анықтаған операцияларды қоспағанда, соттың заңды күшіне енген шешімімен анықталған, басшысы және (немесе) құрылтайшысы (қатысушысы) осындай заңды тұлғаны тіркеуге (қайта тіркеуге) және (немесе) оның қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыруға қатысты болмайтын салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған операциялар бойынша шығыстар шегерімге жатпайтын шығындар болып табылады.

Заңды күшіне енген сот шешімімен тіркеулері жарамсыз деп танылған «Ш[...]» ЖШС-нің және «M[...]» ЖШС-нің басшылары Б[...] және Т[...], көрсетілген заңды тұлғаларды тіркеуге және олардың қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыруға қатысы жоқ екендігі анықталған.

Соттың бұл шешімдерімен камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы дұрыс ресімделгендігін куәландырады. Ал, талап қоюшының жұмыс жасалғаны жөніндегі фотосуреттері жеткіліксіз дәлелдеме болып табылады деген бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен аппеляциялық сот алқасы келіскен.

Бірақ төменгі сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамай талапты қанағаттандырусыз қалдыру жайлы ертерек қорытындыға келген. Салық кодексінің 96-бабының 1-тармағына сай, камералдық бақылау нәтижелерi бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда тәуекел дәрежесі жоғары бұзушылықтар бойынша – анықталған бұзушылықтардың сипаттамалары қоса берiле отырып, камералдық бақылау нәтижелерi бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама ресiмделедi.

Басқарма тарапынан талап қоюшы «TQG[...]» ЖШС-не камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы берілген. Хабарлама беруге заңды күшіне енген соттың шешімі негізінде тіркелуі жарамсыз деп танылған салық төлеуші бойынша 1 сәуір 2018 жыл және 31 наурыз 2021 жыл аралығындағы салықтық есеп беру бойынша шығындарды КТС/ЖТС бойынша шегерімге құқысыз жатқызу болып табылған. Бұзушылық сомасы 6 060 714 теңге.

Яғни, жауапкер Басқармамен талап қоюшы «TQG[...]» ЖШС-нің

атына камералдық бақылау хабарламаны жіберуге құқылы болған.

Алайда, Салық төлеуші Салық кодексінің 96-бабының 5-тармағына сәйкес камералдық бақылау нәтижелері бойынша сотқа шағым берілген жағдайларда салық төлеуші заңды күшіне енген сот шешімі негізінде тіркелуі (қайта тіркелуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғадан және (немесе) дара кәсіпкерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын сотта дәлелдеуге құқылы.

Талап қоюшы «TQG[...]» ЖШС-гі істің бірінші сатыдағы сотта қаралған кезінде, «Ш[...]» ЖШС-мен және «M[...]» ЖШС-мен жасалған тауарларды сатып алу туралы келісім-шарттарды, шотфактураларды, шетке беруге арналған жүкқұжат, банк есеп шотына ақша жолданғандығын растайтын түбіректер, фото сүреттерді ұсынған.

Алайда, жергілікті соттар осы дәлелдемелердің барлығын зерттемей және баға бермей, тек фотосуреттерге ғана баға берген.

ӘРПК-нің 8-бабының 1-ші және 2-ші тармақтарына сәйкес сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Егер заңда тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті. ӘРПК-нің 16бабына сәйкес судья белсенді рөлін атқару міндетті.

Осы қағидалар бойынша, соттар теқ қана Салық кодексінің 264-бабының 2-тармағына қарамай, осы кодектің 96-бабының 5-тармағын пайдалану керек еді, яғни салықтөлеушінің дәлелдемелерін толық зерттеу керек еді.

Істі жаңадан қарағанда көрсетілген кемшіліктерді жойып, тараптардың ұсынған дәлеледемелерін толық зерттеп, оларға құқықтық баға беріп, анықталған мән-жайларға байланысты заңды шешім қабылдау қажет.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігін және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 20 тамыздағы шешімінің, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысының күші жойылып, іс Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарау үшін жолдансын.

«TQG[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар Е. Өміралиев

Д. Токмурзина

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.