Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 07.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4404 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4404

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 7 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор А.Кадылбековтың,

талап қоюшының өкілі А.О.Ыскактың, жауапкер Н.А.Мырзабаеваның, жауапкер «Түркістан қаласының әкімдігінің жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесі өкілі Б.С.Баймахановтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкерлер Нурлы Анламасовна Мырзабаеваға, Жангали Айдарханович Абдухуловқа, Түркістан қаласы әкіміне, «Түркістан қаласы әкімдігінің жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жер учаскесін жалға беру туралы келісім шартын және әкімнің қаулысын жарамсыз деп тану туралы азаматтық істі жауапкер Н.А.Мырзабаеваның Түркістан облысы Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 сәуірдегі шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімі мен Н.А.Мырзабаеваның арасындағы 2022 жылғы 18 наурыздағы №201 жер учаскесінің жалға беру туралы келісім шартты жарамсыз деп танылған.

Түркістан қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 28 қарашадағы №751 Н.А.Мырзабаеваға жер учаскесіне жеке меншік құқығын табыстау туралы қаулысы жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Осы соттың ұйғарымымен Департаменттің Түркістан қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 3 ақпандағы №586 Н.А.Мырзабаеваға қатысты бөлігін, 2022 жылғы 17 наурыздағы №637 қаулыларын жарамсыз деп тану туралы талаптары бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер Н.А.Мырзабаеваны, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі А.О.Ыскакты, шешімді күшінде

қалдыруды сұраған прокурор А.Кадылбековтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына сәйкес, Түркістан қаласы әкімінің 2006 жылғы 3 ақпандағы №586 қаулысымен (бұдан әрі – даулы №586 қаулы) Н.Мырзабаеваға Иассы ауылында 1000 шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер бөлінген.

Түркістан қаласы әкімінің 2022 жылғы 17 наурыздағы №637 қаулысымен (бұдан әрі – даулы №637 қаулы) Н.Мырзабаеваға қатысты Түркістан қаласы, Сейхун көшесі №149 мекенжайда орналасқан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жалпы алаңы 0,10 га жер учаскесі 3 (үш) жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы табысталып, осы қаулының негізінде «Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі-Мекеме) 2022 жылғы 18 наурыздағы №201 жер учаскесінің жалға беру туралы келісім шартты (бұдан әрі-даулы шарт) жасалып, кадастрлық №19-307-167-2189 сәйкестендіру актісі рәсімделген.

Аталған жер учаскесі нысаналы мақсатына сай пайдалануына байланысты Түркістан қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 28 қарашадағы №751 (№KZ42VVX00338948) Н.Мырзабаеваның атына жер учаскесіне жеке меншік құқығын табыстау туралы қаулысы (бұдан әрі-даулы №751 қаулы) шығарылған. 2024 жылғы 9 қыркүйекте Кентау өңірлік мемлекеттік архивінің хаты негізінде 2006 жылғы №586 қаулысына байланысты архивтік құжаттар ұсынылмағаны, қаулының негіздемелік құжаттары (өтініш, жер комиссиясының хаттамасы және сызбасы) жоқ екені анықталған.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 43бабының 2-тармағында, жер учаскесiн беру туралы шешiмдер немесе жер учаскесiн беруден бас тарту жергiлiктi өкiлдi органның депутаттары, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), сәулет және қала құрылысының уәкілетті органдары мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының (олар құрылған болса) өкiлдерi арасынан облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары құратын комиссияның қорытындысы негiзiнде қабылданады.

Осы баптың 7-тармағында, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті

атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің жер учаскелерiне тиiстi құқықтар табыстау туралы шешiмi жерге орналастыру жобасы негiзiнде қабылданып, өтiнiш берушiге шешiм қабылданған кезден бастап жетi күн мерзiмде жер учаскесiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын табыстау туралы шешiмнiң көшiрмесi тапсырылатындығы нақты көрсетілген.

Кодекстің 43-бабының 2-тармағының 2) тармақшасында, жер комиссиясының отырысы аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен міндетті түрде тіркеледі. Жер комиссиясының отырысын аудио-, бейнежазба құралдарымен тіркеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.

«Жер комиссиясы туралы үлгі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 27 тамыздағы №359 бұйрығына сай, Жер комиссиясы туралы үлгі ереженің (бұдан әрі- Ереже) 19-тармағында комиссияның қорытындысы жұмыс органы комиссияға сұралған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуді немесе жер учаскесін алдын ала таңдауды қамтамасыз етуге сәйкес (елді мекен шекарасында объектілер құрылысын қоспағанда, объектілер салу үшін жер учаскесі сұралған кезде) мәлімделген нысаналы мақсатқа сәйкес пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныс енгізген сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде үш данада хаттамалық шешім түрінде ресімделеді. Жұмыс органы ай сайын Комиссияның хаттамалық шешімдерін өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде даулы әкімдік қаулыларына негіз болатын жер комиссиясының отырысы өткізілгені, оған қатысушылардың тізімі, хаттамасы, аудио немесе бейнежазбасы, сондай-ақ қаулының жергілікті интернет-ресурста жарияланғаны туралы мәліметтер ұсынылмағанымен негіздеген. Бұл мән-жайлар жер учаскесін беру тәртібі бұзылғанын көрсетеді деген тұжырымға келген.

Сонымен қатар, жер телімінде орналасқан құрылыс нысандары жауапкерлердің меншігінде емес, және олардың бұл мүлікке құқықтық құжаттармен дәлелденген меншік құқығы жоқ. Құрылыс нысаны тіркелмеген, техникалық төлқұжат немесе қабылдау актісі де ұсынылмаған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 157 және 267баптарына сәйкес, егер мәміле заң талаптарына сәйкес келмесе, ол жарамсыз болып танылады.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың жер учаскесінің жалға беру туралы келісім шартты Түркістан қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 28 қарашадағы №751 Н.А.Мырзабаеваға жер учаскесіне жеке меншік құқығын табыстау туралы

қаулысы жарамсыз деп дұрыс танылған.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Мәні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 сәуірдегі шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Н.А.Мырзабаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

А.О.Тогумбетова

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.