Қ А У Л Ы
2026 жылғы 20 мамыр №6003-26-00-2к/478 (2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Даненова судьялар М.Ибрагимова, А.Токсанбаев, талап қоюшының өкілі Б.У.Тлепбергенов, жауапкер Ж.А.Анишовтің қатысуларымен,
ашық сот отырысында, талап қоюшы жеке кәсіпкер Нурмуханбет Нурдаулетович Садуовтің жауапкер жеке кәсіпкер Жаныбек Анешович Анишовке бережақ соманы өндіру туралы талап қоюы бойынша қабылданған Ақтөбе облысы Қобда аудандық сотының 2025 жылғы 11 маусымдағы шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Н.Садуов жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Ақтөбе облысы Қобда аудандық сотының 2025 жылғы 11 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкер Ж.Анишовтен талап қоюшы Н.Садуовтің пайдасына 18 000 000 теңге және 180 000 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Жауапкер Ж.Анишов кассациялық шағымында, соттармен даудың тараптары жеке кәсіпкерлер екеніне мән бермегенін, іс үшін маңызы бар мәнжайлар дұрыс анықталмағанын, талап қоюшы өзіне тек 6 000 000 теңге төлегенін, қалған сомаларды алмағанын, апелляциялық сатыдағы сотта талап қоюшы бұл мән-жайларды растағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі –АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттар мұндай заң бұзушылыққа жол берген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 272бабына сәйкес мiндеттеме-мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда-iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс.
Аталған Кодекстің 273-бабы бойынша заңдарда немесе шартта көзделгеннен басқа реттерде мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға және оның шарттарын бiржақты өзгертуге жол берiлмейдi.
АК-нің 349-бабының талаптарына сай мiндеттеменi орындамау, не тиiстi дәрежеде орындамау (мезгiлiнде орындамау, тауарлар мен жұмыстарды толық орындамау, мiндеттеме мазмұнында белгiленген басқа жағдайларды бұзып орындау) - тиiсiнше орындамау оның бұзылуы деп түсiнiледi.
АПК-нің 27-бабы 1-бөлігіне сәйкес мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, басқа соттың соттылығына жататындығы заңда айқындалған істерді қоспағанда, тараптары заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар болып табылатын мүлiктiк және мүлiктiк емес даулар бойынша, сондай-ақ корпоративтік даулар бойынша азаматтық iстердi қарайды және шешеді.
АПК-нің 427-бабы 4-бөлігі 1) тармағына сәйкес егер істі соттың заңсыз құрамы немесе соттылық туралы қағидаларды бұзып қараған кез-келген жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.
Осы Кодекстің 451-бабы 2-бөлігі 5) тармағына сәйкес кассациялық сатыдағы сот бөтен адамдардың болуын және кеңес құпиясының жария етілуін болғызбайтын жағдайларда мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды: бірінші сатыдағы сот ұйғарымының, шешімінің, апелляциялық сатыдағы сот ұйғарымы мен қаулысының күшін толық не бір бөлігінде жояды және істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді не, егер іс апелляциялық сатыдағы сотта немесе мәні бойынша қаралмаған болса, бірінші сатыдағы сотқа жібереді.
Н.Садуов сотқа берген талабында Ж.Анишовтен 18 000 000 теңге өндіруді сұраған.
Талап қоюды, 2022 жылы тараптар арасында «Тайбурыл» жеке шаруа қожалығын 25 000 000 теңгеге сатып алу-сату туралы ауызша келіскен. Осы келісімге сәйкес Н.Садуов Ж.Анишовке 18 000 000 теңге мөлшерінде төлем жасаған. Қалған 7 000 000 теңгені толық берген соң Ж.Анишов «Тайбурыл» жеке шаруа қожалығының жетекшісі ретінде тағайындап, қожалыққа тиесілі мүліктерді рәсімдеп беретін болып келіскен. Алайда жауапкер шаруа қожалығының құнын 25 000 000 теңгеден 45 000 000 теңгеге өзгертіп, тараптар келісімдерін толық орындамаған. 2022 жылғы 11 тамыздағы №2
хаттамасымен Н.Садуов «Тайбұрыл» ШҚ-ның мүшесі ретінде қабылданған. Осыдан кейін араларында шаруа қожалығының құнымен келісе алмағанымен негіздеген.
Бұл азаматтық істі Ақтөбе облысы Қобда аудандық соты қарап, 2025 жылғы 11 маусымда талап қоюшы Н.Садуовтың талап қоюын қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған. Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнайы органдарының ақпарат алмасу жүйесі және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің ресми сайтының мәліметіне сәйкес, талап қоюшы Н.Садуов 2021 жылғы 13 қазанда, жауапкер Ж.Анешов 2020 жылғы 12 қарашадан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Демек, тараптар даулы келісім жасадық деген уақытта жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Дау кәсіпкерлікпен байланысты.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар осы істі қараған кезде талап қою жеке кәсіпкерлердің арасында кәсіпкерлікпен байланысты дау екенін, мұндай істер АПК-нің 27-бабы 1-бөлігіне сәйкес мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар қарап, шешетініне мән бермеген.
Осыған байланысты азаматтық іс соттылық ережесі бұзыла отырып қаралғандықтан бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күші жойылып, азаматтық іс Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына бірінші сатыдағы сот тәртібімен жаңадан қарау үшін жіберілуге, кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.
Істі жаңадан қараған кезде, тараптармен ұсынылған дәлелдемелер толық және объективті зерттеп, заңды және негізді шешім қабылдауы тиіс. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 5)-тармағын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Ақтөбе облысы Қобда аудандық сотының 2025 жылғы 11 маусымдағы шешімі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.
Азаматтық іс Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына бірінші сатыдағы сот ісін жүргізу қағидаттары бойынша жаңадан қарауға жіберілсін.
Талап қоюшы Нурмуханбет Нурдаулетович Садуовтан жауапкер Жаныбек Анешович Анишовтің пайдасына 90 000 (тоқсан мың) теңге мемлекеттік бажға төленген сот шығыны өндірілсін.
Астана қаласының Сарыарқа аудандық кірістер басқармасынан Жаныбек Анешович Анишовтің пайдасына мемлекеттік бажға артық төленген 2 162 (екі
мың жүз алпыс екі) теңге өндірілсін. Жауапкердің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші судья А.Даненова Судьялар М.Ибрагимова
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.