ҚАУЛЫ
2023 жылғы 18 мамыр 6001-22-00-6ап/1803 (2) Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Бадам» өндірістік кооперативінің жауапкер Түркістан облысы, [...] әкімдігіне 2021 жылғы 31 тамыздағы №454 қаулының «Бадам» өндірістік кооперативінің жер учаскесіне қатысты бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 маусымдағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 15 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Түркістан облысы, [...] әкімінің 2021 жылғы 31 тамыздағы №454 қаулысының «Бадам» өндірістік кооперативінің ауыл шаруашылығы мақсатындағы көлемі 297,46 га, көлемі 110,50 га, көлемі 205,56 га, көлемі 265,93 га жайылымдық жерлерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, істі соттың басқа құрамында жаңадан қарау үшін қайтарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды сұраған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымға қарсы пікірінде дауланып отырған қаулы Түркістан облысы, [...] әкімінің 2022 жылғы 18 қарашадағы №406 қаулысымен күші жойылғанын көрсеткен. Іске қатысушы тұлғалар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Талап қоюшы өндірістік кооперативке тиесілі кадастрлық №[...] ауданы 297,46 гектар, кадастрлық №[...] ауданы 110,50 гектар, кадастрлық №[...] ауданы 205,56 гектар және кадастрлық №[...] ауданы 265,93 гектар жайылымдық жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы Ордабасы ауданы әкімінің 2021 жылғы 31 тамыздағы №454 қаулысын даулап сотқа жүгінген.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қабылдаған шешімінің күшін жойып, істі қайта қарауға жолдағанда талап қою тиісті жауапкерге қойылмағанымен негіздеген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысының 6-тармағына сай "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148-II Заңының 26, 29, 30, 33-баптарына сәйкес, әкім азаматтармен, заңды тұлғалармен және мемлекеттiк органдармен өзара қарым-қатынастарда тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктердің мүдделерiн бiлдiредi. Демек, жер учаскелерін беру және оларды алып қою жөніндегі шешімдер мен әрекеттер дауланған кезде іс бойынша тиісті аумақтық бірліктің әкімі тарап болып табылады.
Яғни, қаралып отырған іс бойынша тиісті жауапкер Ордабасы ауданының әкімі болып табылуы тиіс.
Апелляциялық сатыдағы соттың басқа уәждері мен заң талаптарына сілтемелері сот актісінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Бадам» өндірістік кооперативінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.