№6003-25-00-2к/4426 (2) Қ А У Л Ы
2026 жылғы 16 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып,
прокурор Н.А.Молдахановтың,
талап қоюшы Т.Тлеубаеваның, өкілі Ж.Оспанның,
жауапкер өкілі А.К.Құсаиновтың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Тыныш Тлеубаеваның жауапкер «Жылыой ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарынан мүлкіне келтірілген материалдық шығынын өндіру жөніндегі электрондық азаматтық ісін қарап,
Т.Тлеубаева сотқа талап қоюмен жүгініп, онда Құлсары қаласы, 3-ауыл, Б.Атағозиев көшесі №10 мекенжайында орналасқан тұрғын үйіне орын алған табиғи сипаттағы төтенше жағдай су тасқыны салдарынан келтірілген 15 592 000 теңге материалдық шығынын өндіруді сұраған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Жылыой аудандық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына, соттардың талап қоюшымен жергілікті атқарушы органға белгіленген мерзімде материалдық нұқсанды өтеу жөнінде арыз берілмегені, тұрғын үйінің суға кетпеген аймақта орналасқаны жайлы тұжырымға келуі негіз болған.
Талап қоюшының кассациялық шағымы, соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуына, сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне негізделіп, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру жайлы жаңа шешім шығару сұралған.
Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, талап қоюшының талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасаған мән-жайлары дәлелденбегендіктен, шағым берілген сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V Заңының 58-бабына сәйкес, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлармен жеке тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян (нұқсан) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, зардап шеккендердің ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шекте өтеледі.
Атырау облысы Жылыой ауданы әкімінің 2024 жылғы 4 сәуірдегі №8 шешімімен су алуға байланысты Жылыой ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.
«Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1358 қаулысымен бекітілген Қағидасының 1- тармағының 5, 6 –тармақтарының талабы бойынша, материалдық нұқсан келтірілген зардап шеккендер төтенше жағдай туындаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жергілікті атқарушы органға осы Қағидаларға 1- қосымшаға сәйкес нысан бойынша толтырылған материалдық нұқсанды өтеу туралы өтініш береді.
Жарияланған төтенше жағдайға байланысты, аудан әкімдігінің 2024 жылғы 15 сәуірдегі №100 қаулысымен табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) бағалау және өтеу бойынша аудандық комиссия құрылған.
Осы комиссияның 2024 жылғы 23 сәуірдегі №1 хаттамасының қосымшасымен аудан бойынша су тасқынынан зардап шеккен 13 аймақ белгіленіп, су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың тізімі қалыптастырылған. Т.Тлеубаеваның тұрғын үйі орналасқан аймақ суға кеткен аймақтарға жатқызылмаған.
Комиссиямен тұрғындардан тасқын судан зардап шеккен үйлердің материалдық шығынын бағалау және өтеу үшін құжаттары 2024 жылғы 10 мамырға дейін қабылданған, Т.Тлеубаева бұл өтінішпен алғаш рет тек 2024 жылғы 7 маусымда жүгінген.
Талап қоюшының тұрғын үйді техникалық зерделеу мен бағалаудан өткізуді сұраған өтініші комиссияда 2024 жылғы 25 маусымда қаралып, қорытындысымен суға кетпеген аймақта орналасқан үйлердің техникалық зерделеу мен бағалаудан өткізілуге жатпайтындығы туралы шешім қабылданған.
Одан бөлек, іске тіркелген «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық геология департаментінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі хатында, Құлсары қаласындағы жерасты суларының режимі 1988 жылы орналастырылған 16 гидрогеологиялық байқау ұңғымалары арқылы зерттеліп келген.
Салыстырмалы тұрде 2022 жылғы наурыз, мамыр, тамыз айларындағы, 2023 жылғы наурыз, мамыр, тамыз айларындағы және 2024 жылғы наурыз, мамыр, тамыз айларындағы орташа өлшеу деректері бойынша жер асты суларының орташа жылдық деңгейлері орташа жылдық норма шегінде орналасқан және қаланың су басуына әсері келмеген, жер асты суларының айтарлықтай жоғарлауы байқалмаған және жер асты суларының жер бетіне шығу орын алмағаны көрсетілген.
Осы мән-жайларға байланысты анық, іске қатысты және жол беруге болатын дәлелдемелер жиынтығымен Т.Тлеубаеваның мүлкінің бүлінуі мен су тасқаны арасында себептік байланыс анықталмаған.
Өз кезегінде, «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 11-тармағының талабы бойынша шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес. Кассациялық шағымда қайталап келтірілген уәждерге шағым берілген сот актілерінде тиісті және дұрыс құқықтық баға берілген. Соттардың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.
Сондықтан, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.