ҚАУЛЫ
2026 жылғы 19 ақпан №6003-25-00-4к/2570 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә. Назарова,
судьялар М. Қасымов, Ә. Нұрлыбаева болып,
жауапкер өкілі Ж. Мырзазияның қатысумен ашық сот отырысында
талап қоюшы Руслан Муратович Отарбаевтың жауапкер «Түркістан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне берген 2025 жылғы 18 шілдедегі хат заңсыз тану, «Ақбота» бала-бақшасының меңгерушісі Қ.Қырымбаеваның қызметіне қатысты заңды шешім қабылдауға міндеттеу туралы талабы бойынша
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 23 шілдедегі ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 қазандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Р. Отарбаев жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 23 шілдедегі ұйғарымымен талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен кері қайтарылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Талап қоюшы істі онлайн түрде мобильді бейнеконференц байланыс арқылы қарауды сұрады.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысы осы соттың ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Талап қоюшы сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.
Сотқа қатысушылардың басқа өкілдері сот отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот жауапкердің өкілі Ж. Мырзазияны тындап, кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, төмендегі негіздерге дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс материалдарынан көрінгендей, талап қоюшы 2025 жылғы 18 шілдеде жауапкерге «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Қ.Қ.Қырқымбаеваға қатысты еңбек тәртібін бұзу, ротация мен мерзімдік еңбек шартының заңдылығын тексеру туралы өтінішпен жүгінген.
Жауапкер осы өтінішке 2025 жылғы 18 шілдеде ресми хат түрінде жауап беріп, онда Қ.Қ.Қырқымбаеваға қатысты шешім қабылдау басшылықтың құзыретіне жатпайтынын, балабақша басшыларының ротациясы мен еңбек қатынастары жергілікті білім бөлімдері мен жұмыс берушінің ішкі құзыретіне жататынын түсіндірген.
Осы жауаппен келіспеген талап қоюшы аталған хатты заңсыз деп тануды және жаупкерді заңды шешім қабылдауға міндеттеуді сұрап, әкімшілік сотқа талап арыз берген.
Жергілікті соттар талап қоюды қайтарғанда, даудың жария-құқықтық қатынастардан туындамағанын, сондықтан әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтынын негізге алған.
ӘРПК-нің 5-бабында көрсетілгендей, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті - жария-құқықтық қатынастардағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру болып табылады.
Осы Кодекстің 4-бабының бірінші бөлігінің 33) тармақшасында келтірілген түсіндірмеге сәйкес талап қоюшы ұғымы өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға мағынасында қолданылады.
Жария-құқықтық қатынастар құқық субъектілері арасындағы қатысушылардың бірінің билікті өкілеттерін басқаларға жүргізуіне байланысты туындайтын қатынастар болып табылады. Осы тұрғыдан, талап қоюшы даулап отырған жауап хат әкімшілік акт болып танылмайды, себебі талап қоюшының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды, құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін бұзбайды, сондықтан талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.
Сондықтан, сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Жоғарыда келтірілгендердің негізінде жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 23 шілдедегі ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 қазандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә. Назарова
Судьялар
М. Қасымов
Д. Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.