ВС РК - Постановление от 01.08.2023 по делу 6001-23-00-3гп/327 (Гражданское)

6001-23-00-3гп/327

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 1 тамыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Н.Қ.Сұлтанов судьялар Е.Ж.Айтжанов, М.Ж.Бектұрғанов,

прокурор К[...], талап қоюшы «Атырау қалалық қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мекеме) өкілі – Г[...], жауапкер «ИМ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік) өкілі – Г[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Мекеменің жауапкер Серіктестікке 2021 жылғы 8 сәуірдегі №25302-ЭТП мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру туралы шартты (бұдан әрі - Ш[...]) бұзу туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 қарашадағы қаулысына Серіктестіктің басшысы К[...] келтірген өтінішхаты бойынша азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Мекеме жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, уәждерін Ш[...] талаптарының орындалмағанымен негіздеген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 6 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, даулы Ш[...] бұзылған. Сот шығыстары өндірілген. Серіктестік өтінішхатта іс бойынша қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, дау айтылған сот актіснің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Кассациялық сот алқасы өтінішхат уәждерін қолдаған Серіктестік өкілі Г[...], оны қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған Мекеме өкілі – Г[...] пікірлерін, прокурор К[...] дау айтылған сот актісін күшінде, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат келесі негіздер бойынша қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот жол берген.

Іс құжаттарына қарағанда, 2021 жылғы 8 сәуірде Мекеме (сенімгерлiкпен басқару құрылтайшысы) мен Серіктестіктің (сенімгер басқарушы) арасында Атырау қаласы, Жерұйық ықшам ауданы, Маденов көшесі, 1А мекенжайдағы ғимаратты (бұдан әрі - Нысан) сенімгерлік басқаруға беру туралы Ш[...] жасалған.

Серіктестік Ш[...] бойынша пайдаланушы болатын құрылтайшының мүдделеріне сәйкес Нысанды басқаруды жүзеге асыруға міндеттенген.

Ш[...] 3.2 тармағының 22, 23, 26, 39-тармақтары бойынша Серіктестік бір жыл мерзімде келесі міндеттемелерді орындамаған:

  • «Нұрсая» қосалқы станциясынан коммуналдық базарға дейінгі резервтік электр желісін сенімгерлік басқару туралы шарт жасалған күннен бастап 1 жыл ішінде қалпына келтіру;

  • Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен белгіленген өртке қарсы, санитарлық және өзге де нормаларды сақтау;

  • «СА[...]» ЖШС-нің қарызын өтеу;

  • базар әкімшілігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының белгіленген бағаларын ұстау және реттеу.

Талап қоюшы жауапкердің Ш[...] көзделген міндеттемелерді орындамағаны үшін сотқа аталған талап қоюмен жүгінген. Бірінші сатыдағы сот, талап қоюды бас тарту туралы тұжырымын жауапкер тарапынан Ш[...] талаптарын едәуір дәрежеде бұзушылық орын алмағанына негіздеген.

Атап айтқанда, сот жауапкер шарт бойынша тиісті міндеттерін, мерзімінен тыс болса да, орындағаны туралы дәлелдемелерді ұсынғанын ескерді, оның ішінде «Нұрсая» қосалқы станциясына коммуналдық базарға дейінгі резервтік электр жүйесін қалпына келтіру жұмыстарын 54 200 000 теңгеге, өртке қарсы, санитарлық нормаларын сақтауға 5 518 000 теңгеге, «СА[...]» ЖШС-нің қарызын өтеуге жалпы 132 791 000 теңгеге шығын шығарған. Сонымен қатар, шарт талаптарына сай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының белгіленген бағаларын ұстануына және реттелуіне айына үш рет мониторинг жүргізуге жоспар жасақталған.

Мұндай тұжырыммен келіспеген апелляциялық сот алқасы талап қоюды қанағаттандыру туралы шешімін жауапкермен Ш[...] тармақтары дәлелді себептерсіз мезгілінде орындалмағанымен негіздеген.

Кассациялық сот алқа апелляциялық сатыдағы соттың көрсетілген қорытындыларын материалдық құқық нормаларын қате түсіндірумен негізделіп, іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес келмейді деп табады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 886бабының 1-тармағы бойынша мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты бойынша бiр тарап (сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысы) екiншi тарапқа (сенiмгер басқарушыға) мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруға бередi, ал екiншi тарап құрылтайшы атаған тұлғаның (пайда алушының) мүдделерi үшiн осы мүлiктi басқаруды жүзеге асыруға мiндеттенедi.

АПК-нің 890-бабының 1-тармағына сәйкес мүлiктi тиiсiнше басқармаған жағдайда құрылтайшы немесе пайда алушы сотқа сенiмгерлiкпен басқаруды тоқтату және залалдарды өтеу туралы талап қоя алады. Бұл орайда мiндеттердi тиiсiнше орындау үшiн өзiне қатысты барлық шараларды қолданғанын дәлелдей алмаса, сенiмгер басқарушы мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшiн, кiнәлi деп саналады.

Алайда, Серіктестік Ш[...] көзделген міндеттемелерін уақытында орындамағанымен, өзіне сенімгерлікке берілген мүлікті тиісінше басқармаған деген Мекеменің уәждері негізсіз, өйткені Серіктестік Ш[...] бойынша орындамаған мiндеттемелері сенiмгерлiк басқаруға алынған мүлiкпен тiкелей байланысты емес.

Сонымен қатар, Серіктестік аталған мiндеттемелерін iс жүзiнде кейiннен орындағаны жоғарыда аталған нормаға байланысты көрсетiлген негiзде сенiмгерлiк басқаруды тоқтатуға әкеп соқпайды.

АК-тің 402-бабының 1-тармағында белгiленген шарттарды бұзудың жалпы ережелерi бойынша тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша шарт: 1) екiншi тарап шартты едәуiр бұзған кезде; 2) осы Кодексте, басқа да заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге реттерде тек сот шешiмiмен өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.

Тараптардың бiреуi шартты бұзып, ол екiншi тарап шарт жасасу кезiнде үмiт артуға құқылы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соқса бұл шарттың едәуiр дәрежеде бұзылуы деп танылады.

Серіктестіктің міндеттемені кейіннен орындауы Мекеменің шарт жасасу кезінде үміт артқаннан айрылған деп танылуға жатпайды.

Осы тұрғыда мән-жайлардың жиынтығы бірінші сатыдағы сотпен дұрыс анықталған.

Ал апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы оның тұжырымдары іс бойынша анықталған мән-жайларына сәйкес келмеуіне және материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына байланысты күші жойылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 қарашадағы

қаулысының күші жойылсын, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 6 қыркүйектегі шешімі күшінде қалдырылсын.

«ИМ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мемлекеттік бюджеттен 863 (сегіз жүз алпыс үш) теңге және артық төленген 2 587 (екі мың бес жүз сексен жеті) теңге мемлекеттік баж қайтарылсын.

«ИМ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы К[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н. Сұлтанов

Судьялар

Е. Айтжанов

М. Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.