Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/1134 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/1134

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 2 маусым

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова,

талап қоюшы А.М.Садырбаевтің, оның өкілі А.Е.Куандыкованың, жауапкер А.Б.Қорабаеваның, оның өкілі Б.Қ.Патейевтің қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы Асхат Муратович Садырбаевтің жауапкер Айғаным Болатқызы Қорабаеваға ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау, моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық істі жауапкердің Алматы қаласының Алатау аудандық сотының 2025 жылғы 4 маусымдағы шешіміне және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

А.М.Садырбаев жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 2025 жылғы 4 маусымдағы шешімімен талап қоюшы А.М.Садырбаевтің жауапкер А.Б.Қорабаеваға арнамысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау, моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкер А.Б.Қорабаеваның «Instagram» әлеуметтік желісіндегі логины «aiganym_bolatkyzyy», «Youtube» желісіндегі логины «@aiganymkorabaeva», «TikTok» желісіндегі «@aiganym_ bolatkyzyy», «Facebook» желісіндегі «Айғаным Қорабаева» парақшаларында жарияланған «Асхат Муратович Садырбаев жауапкер Қорабаева Айғанымның көзін көгертіп, қолын жырып, таяқ жеп, азап көргендігі туралы және балаға таласып сотқа сүйрейді де тұрады, баланы тартып алғысы келеді, көзі көгерген суретті салып, қорлық көргені жайлы» мәліметтер шындыққа жатпайтын, талап қоюшы А.М.Садырбаевтың абыройы мен қадiр-қасиетiне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер деп танылған.

Жауапкер А.Б.Қорабаеваға сот шешімі заңды күшіне енгеннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде «Instagram» әлеуметтік желісіндегі логины «aiganym_bolatkyzyy», «Youtube» желісіндегі логины «@aiganymkorabaeva», «TikTok» желісіндегі «@aiganym_ bolatkyzyy», «Facebook» желісіндегі «Айғаным Қорабаева» парақшаларында талап қоюшы А.М.Садырбаевке қатысты жариялаған мәліметтерді теріске шығару міндеттелген.

Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Талап қоюдың басқа бөліктері қанағаттандырусыз қалдырылган.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысы бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпағанын, тек басынан өткен жағдайларды баяндағанын, оның бұл ақпараттары толығымен тиісті дәлелдемелермен дәлелденетінін, соттардың материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, дауланып отырған сот актілерінің күшін жойып, азаматтық істі бірінші сатыдағы соттың қайта қарауына жолдауды сұраған.

Жауапкер мен оның өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, талап қоюшы мен оның өкілінің кассациялық шағымға қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі -АК) 141бабының 3-тармағына және 143-бабының 3-тармағына сәйкес, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе құқық бұзған адамның кiнәсiне қарамастан, мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар қорғалуға тиiс. Қорғау туралы талап қойған адам өзiнiң мүлiктiк емес өзiндiк құқығының бұзылуын нақты дәлелдеуге тиiс. Азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.

Аталған заң нормаларында азаматтың оның ар-намысы, қадір-қасиетті және іскерлік беделіне кір келтіретін мәліметтерді теріске шығару құқығы ғана емес, сонымен қатар берілген мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп тану туралы талап ету құқығы көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1992 жылғы 18 желтоқсан N 6 «Сот тәжiрибесiнде азаматтардың және заңды тұлғалардың ар-намысы мен абыройын және iскерлiк беделдiлiгiн қорғау жөнiндегi заңдылықты қолдану туралы» (жергілікті соттармен істі қарау кезінде қолданыста болған) нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) 1- тармағына сай, азаматтардың және ұйымдардың ар-намысына және абыройына кір келтіретін мәліметтерді тарату деп мына жағдайлар танылады: баспа жүзінде жарияланған, радиомен, теледидардан, жалпы басқа да бұқаралық құралдарды пайдалану арқылы хабарланған, қызметтік, партиялық және басқа да мінездемелерде, арыздарда, әртүрлі ұйымдарға жолданған хаттарда

көрсетілген, көпшілік алдында сөйлеу кезінде, лауазымды адамдарға, немесе басқада, оның ішінде бір немесе бірнеше адамға ауызша айтылған мәліметтер танылатынын соттардың ескергені жөн.

Заңдарды, қоғамның моральдық қағидаттарын сақтау тұрғысынан қоғамдық пікірде немесе жеке азаматтардың пікірінде азаматтың немесе ұйымның ар-намысы мен қадір-қасиетін кемітетін, шындыққа сай келмейтiн мәліметтер (мысалы, еңбек ұжымында, отбасыда опасыз әрекеттің, лайықсыз қылықтардың жасалғаны туралы мәліметтер; өндірістік-шаруашылық қызметке, беделге нұқсан келтіретін мәліметтер және т.б.) нұқсан келтіретін мәліметтер болып табылады.

Нормативтік қаулының 2-тармағында АК-нің 141, 143-баптарында, АПК-нің 23 және 150-баптарында көзделген тәртіппен және негіздер бойынша қозғалған азаматтық істерді қараған кезде соттарға: теріске шығару туралы талап қойылған мәліметтердің таратылған-таратылмағанын, олар азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, ұйымның беделіне нұқсан келтіретін-келтірмейтінін және осы мәліметтердің шындыққа сай келетiнiн түбегейлі толық анықтау қажет екені көрсетілген.

Ар-намысқа және қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтер шындыққа сай келмейтiнi анықталған жағдайда, жауапкердің осы мәліметтерді таратуда кінәсінің болуы-болмауына қарамастан, оларды теріске шығару міндеті жауапкерге жүктеледі.

Демек, заң талабына сәйкес, ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау санатындағы істер бойынша талап қоюларда ар-намысты, қадірқасиетті және іскерлік беделіне кір келтіретін мәліметтерді теріске шығаруға міндеттеуді, заңнамада көрсетілген әдістермен аталған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және оның ар-намысы мен абыройына, іскерлік беделдігіне нұқсан келтіреді деп тану туралы талаптар болмаған жағдайда істі мәні бойынша қарастыруға және шешім шығаруға болмайды, себебі мәліметтерді теріске шығаруды міндеттеу, сондай-ақ моральдық зиянды өтеу туралы талаптар мәліметтер шынайылыққа сай келмейді деп тану туралы негізгі талаптан шығатын қосымша болып табылады.

Іс құжаттарына қарағанда талап қоюшы А.М.Садырбаев 2015-2020 жылдар аралығында жауапкер А.Б.Қорабаевамен заңды некеде тұрған. Некеден 2016 жылы 22 мамырда З.А.Садырбай атты баласы дүниеге келген. 2020 жылың 11 маусымда сот шешімімен тараптардың арасындағы заңды неке бұзылып, кәмелетке толмаған баласымен қарым-қатынас жасау тәртібі

анықталған.

Жауапкер 2024 жылғы 27 желтоқсандағы «Instagram» әлеуметтік желісіндегі логины «aiganym_bolatkyzyy», «Youtube» желісіндегі логины «@aiganymkorabaeva», «TikTok» желісіндегі «@aiganym_ bolatkyzyy», «Facebook» желісіндегі «Айғаным Қорабаева» парақшаларында «Асхат Муратович Садырбаев жауапкер Қорабаева Айғанымның көзін көгертіп, қолын жырып, таяқ жеп, азап көргендігі туралы және балаға таласып сотқа сүйрейді де тұрады, баланы тартып алғысы келеді, көзі көгерген суретті салып, қорлық көргені жайлы» ақпараттар жария еткен.

Жауапкер әлеуметтік желіде талап қоюшы туралы ақпараттар жария еткенін сотта жоққа шығармаған.

Жауапкермен жариялаған ақпараттар әлеуметтік желілерінде жарияланғандықтан, шектеусіз адамдарға қолжетімді болған және қазіргі кезде де әлеуметтік желілерде әлі де қарауға болады.

Азаматтық істі қарау барысында жауапкер аталған мәліметтермен талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтірмейтінін, өйткені, бұл мәлімдемелер оның жеке пікірі болып табылатынын көрсеткен.

Талап қоюшымен сотқа 2025 жылғы 10 ақпандағы Қазақстан Республикасының сот сарапшылар палатасының сарапшысы С.С.Кәдірханованың №02-2024 психологиялық-филологиялық сараптамасының қорытындысы ұсынылған. Жауапкер тарапы бұл сараптама қорытындысын іс материалдарына енгізуге қарсылығы жоқ екенін жеткізіп, тәуелсіз сараптама жүргізуді талап етпеген.

Осы аталған сараптаманың қорытындысына сай: зерттеуге ұсынылған бейнежазбаларда А.М.Садырбаевке тұрмысқа шыққандығы, жаңадан үйленгенде бақытты болғандығы, Асхаттың жол апатына ұшырағандығы, жол апатына түскеннен кейін түсінбегендігі, отбасылы болған уақытта ұрғандығы, қорлық көргендігі, мазасын алып сотқа сүйрейтіндігі, журналисттерге берген сұхбатты өшіргізіп тастағандығы, бейнежазбаға түсіріп ар-намысын қорлағандығы, аталмыш жағдай денсаулығына әсер еткендігі туралы ақпараттандыруға бағытталған.

Зерттеуге ұсынылған бейнежазбаларда («WhatsApp Video 2024-12-27 at 12.55.09», «WhatsApp Video 2024-12-27 at 12.55.12», «WhatsApp Video 202412-27 at 13.09.10», «Асхат Садырбаймен не үшін ажырасқаныма жауап Бүгінге дейін м») Асхат Садырбаев Муратовичке қатысты жағымсыз ақпарат бар.

Зерттеуге ұсынылған бейнежазбаларда («WhatsApp Video 2024-12-27 at 12.55.09», «WhatsApp Video 2024-12-27 at 12.55.12», «WhatsApp Video 202412-27 at 13.09.10», «Асхат Садырбаймен не үшін ажырасқаныма жауап Бүгінге дейін м») шындыққа сәйкес келмеген жағдайда, А.М.Садырбаевтің ар-намысы мен қадір-қасиетіне және оның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпараттар бар.

Жауапкердің апелляциялық сотқа табыстаған Жамбыл облысы бойынша сот сараптамалары институтының 2025 жылғы 17 шілдедегі №379 қорытындысында да зерттеуге берілген бейнежазбалар мазмұнында шындыққа сәйкес келмеген жағдайда, А.М.Садырбаевтің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтер («көзіме қатты ұрған бір қатты затмен немен ұрды», «балаға таласып, сотқа сүйреді де тұрды», «сол балдағымен ұрған кезі де болды», «балдақпен ұрғаны бар») бар екені көрсетілген болатын.

Істі соттарда қарау кезінде жауапкер жақ «YouTube», «TikTok», «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «aiganym_bolatkyzyy» аккаунттарында өзі таратқан ақпараттың шындыққа сай екендігін, растығы туралы дәлелдейтін нақты дәлелдемелерді ұсынбаған.

Жауапкер талап қоюшы оны кезінде ұрып-соғып, физикалық қысым көрсеткені туралы құқық қорғау органдарына шағымданбаған, немесе осы уақытқа дейін жауапкер көрсеткен фактілер бойынша құқық қорғау органдарымен талап қоюшы қандай да бір жауапкершілікке тартылмаған.

Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттардың жауапкер аталған мәліметтермен талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіргені туралы тұжырымдары негізді болып табылады.

Сондай-ақ кассациялық сот жергілікті соттардың талап қоюшыға оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіру нәтижесінде моральдық зиян келтірілгені және оның мөлшерін анықтау туралы тұжырымдарымен де келіседі.

Кассациялық сот жауапкердің сот филлологиялық сараптамасын тағайындау туралы өтінішін қанағаттандырусыз қалдырды. Өйткені, АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi. Сондықтан кассациялық сатыдағы сотта жаңа дәлелдемлер жинау қарастырылмаған.

Жауапкердің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті

құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында төменгі сатыдағы соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Алматы қаласының Алатау аудандық сотының 2025 жылғы 4 маусымдағы шешімі және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.