ҚАУЛЫ
2024 жылғы 18 қаңтар 6001-23-00-6ап/1749 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Е.Ж. Өміралиев, Ғ.Ө. Әлжанов болып,
жауапкер Хромтау аудандық жер комиссиясының өкілі Ж[...], Хромтау аудандық жер комиссиясының мүшесі Б[...], мүдделі тұлға Хромтау ауданның Ақжар ауылдық округінің әкімі Д[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер «Хромтау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Хромтау аудандық жер комиссиясына хаттамалық шешімді заңсыз деп тану, жер учаскесін беруге міндеттеу туралы талабы бойынша қабылданған,
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылдың 04 қаңтардағы шешіміне, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 18 сәуірдегі қаулысына талап қоюшы Ж[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге аталған талап қоюмен жүгінген. Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 04 қаңтардағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 сәуірдегі қаулысымен шешім өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардын сот актілерімен келіспей, қарау барысында құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерін күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды. Сот алқа отырысында жауапкер өкілдерін, мүдделі тұлғаның кассациялық шағымымен келіспей сұраған уәждерін тыңдай келе, іс материалдарын зерттеп, шағымда келтірілген мән-жайларды тексеріп, сот алқасы келесідей тұжырымдарға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 168-бабының бірінші бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге орын алмаған.
Бірінші сатыдағы соттың анықтағаны, талап қоюшы Ж[...] 2022 жылғы 22 қыркүйекте Хромтау ауданы әкіміне Ақжар ауылдық округінің жерінен жайылымдыққа және шабындыққа 630 гектар жер учаскесін уақытша өтеусіз 4 жыл 11 ай мерзімге беруді сұрап арызданған.
2022 жылғы 19 қазандағы Хромтау аудандық жер комиссиясының хаттамалық шешімімен талап қоюшы Ж[...] арызы қанағаттандырудан бас тартылған. Бұл шешімімен келіспеген Ж[...] аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Хаттамалық шешімге сәйкес комиссия отырысына 9 комиссия мүшелері қатысып, соның ішінде 8 мүшесі талап қоюшының арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы дауыс берген, 1- қалыс қалған. Демек, шешім заң талаптарына сәйкес көпшілік дауыспен қабылданған.
ӘРПК-нің төртінші бабының 6) тармақшасына және он бірінші бабына сәйкес әкімшілік қалау - әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі.
Осы қағидаттар бойынша әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады; әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті; әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді, әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Жер кодекстің (бұдан әріЖер кодекс) 43-бабына сай жер комиссияның құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары қалыптастырады және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жібереді.
Жер комиссиясының мүшелерінің саны тақ болуға және тоғыз адамнан кем болмауға тиіс. Дауланып отырған хаттамалық шешім 2022 жылғы 19 қазандағы жер комиссиясының кезекті отырысы 9 жер комиссиясының мүшелерінің қатысуымен өткізілген.
Жер кодексінің 15- бабының 1, 2 – баптарына сәйкес Хромтау аудандық маслихатының 2021 жылғы 27 шілдедегі № 76 шешімімен Хромтау ауданы бойынша 2021-2022 жылдарға жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар бекітілген.
Аталған жоспарға сілтеме жасалып ауыл халқының малын жаюға жерлердің жетіспейтіні ескеріліп хаттамалық шешім қабылданып, жер комиссиясы тарапынан заңдылық қағидатты бұзылмаған. Әкімшілік акт заң шеңберінде қабылданған.
Кассациялық шағымның уәждері материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, оларды негізсіз деп табады. Бірінші сатыдағы сотпен іс үшін елеулі маңызы бар мән-жайлар жан-жақты зерттеліп, оларға заң тұрғысынан дұрыс баға берілген, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылып, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Жоғарыда көрсеткен негіздер бойынша, жергілікті соттардың актілері заңға сәйкес қабылданған, бұзуға немесе өзгертуге негіз жоқ.
АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасына сай, кассациялық сатыдағы сот бөтен адамдардың болуын және кеңес құпиясының жария етілуін болғызбайтын жағдайларда апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымын, қаулысын – күшінде, ал өтiнiшхатты немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдырады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік Кодексінің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылдың 04 қаңтардағы шешімі және Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 18 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Е. Өміралиев
Ғ. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.