6001-23-00-6ап/978
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 13 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,
жауапкерлер өкілдері С[...], С[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «АДL[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС, Серіктестік) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - РММ, Басқарма), «Проблемалық кредиттер қоры» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - АҚ, Проблемалық кредиттер қоры) қойған 2022 жылғы 24 тамыздағы электрондық сауда-саттық хаттамасын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 қарашадағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 наурыздағы қаулысына жауапкермен келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жүгінген талап қоюында сауда-саттықтың заңсыз өткізілгенін алға тартып, 2022 жылғы 24 тамыздағы аукцион хаттамасының күшін жоюды сұраған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 қарашадағы сот шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылған.
Проблемалық кредиттер қорының 2022 жылғы 24 тамыздағы №249763 хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Кассациялық шағымда жауапкер қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.
Сот алқасы, сот отырысына қатысушылардың түсіндірмелерін тыңдап, әкімшілік істің материалдарын зерттеп, шағымның дәлелдерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттармен анықталғандай, Басқарма 2021 жылғы 25 қарашада Серіктестіктің 31 548 980 теңге салық берешегіне байланысты №14000125204 салық берешегін өтеу туралы хабарлама қалыптастырып, оны Серіктестікке электронды түрде табыс еткен.
Басқарманың 2021 жылғы 27 қарашадағы №№76874, 419331, 419332 өкімдерінің негізінде Серіктестіктің касса және банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтамға алынған. Осы күнмен №10000040800 мүлікке билік етуін шектеу туралы шешім қалыптастырылып, Серіктестікке электронды түрде табыс етілген. Сонымен қатар 2021 жылғы 7 желтоқсанда Серіктестіктің банктік есеп шоттарына №№140114986, 140114983, 140114984, 140114985 инкассолық өкімдер қойылған.
2022 жылғы 27 сәуірдегі №[...] тізімдеу актісіне сәйкес Серіктестіктің атындағы жылжымайтын мүлік, яғни Қызылорда қаласы, Сол жағалау [...] үй, [...] пәтер, тізімге алынған.
Басқармамен 2022 жылғы 25 сәуірде №16 салық берешегін борышкердің мүлкі есебінен өндіру туралы қаулы қабылданып, жылжымайтын мүлік Проблемалық кредиттер қоры арқылы электрондық аукционға шығарылған.
2022 жылғы 24 тамыздағы аукцион қорытындысы бойынша аталған жылжымайтын мүлік 9 950 000 теңгеге сатылған, ал аукцион жеңімпазы болып А[...] танылған.
Жергілікті соттар Серіктестіктің талап қоюын қанағаттандыра отырып, Басқарма дерекқорға борышкердің мекенжайын: Қызылорда қаласы, [...], деп дұрыс енгізгені, алайда жауапкер хабарламаны бұл мекенжайға жолдамағаны және электрондық сауда-саттыққа қатысқан А[...] пен Т[...], сондай-ақ Б[...] пен А[...] өзара туыстар болып келетіндігі, Б[...] өзінің інісі екенін, электрондық сауда-саттыққа баламалықты қамтамасыз ету үшін қатысқандықтан сауда-саттықтың өткізілуі барысында қағида талаптары сақталмағаны, талап қоюшының құқықтары бұзылғаны жөнінде дұрыс тұжырымдарға келген.
Демек, сот алқасы, жергілікті соттардың сауда-саттықтың өткізілуі барысында қағида талаптары сақталмағаны, талап қоюшының құқықтары бұзылғандығы туралы қорытындыларын заңды әрі негізді деп санайды.
Сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген.
Сондықтан, сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күштерін жоюға не оларды өзгертуге дәлелді негіздер жоқ деп санайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 қарашадағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ның кассациялық
шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г. Дуйсенбаев
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.