Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3546 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 17 желтоқсан №6003-25-00-2к/3546 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков,

судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева,

прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы өкілі Ғ.Ө.Әзімбайдың

қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы, ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі атынан «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Мекеме) жауапкер Александр Михайлович Гордейчукке өтемақы төлеу, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлі түрде иеліктен шығару және жер учаскесінде орналасқан үйден шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істері жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 30 қаңтардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Мекеме жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының азаматтық істері жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 30 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкер А.М.Гордейчукке 18 456 117 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлене отырып Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Қамқалы тұйық көшесі, 8 үй, 1 пәтер мекенжайында орналасқан (кадастрлық №21-324-053-248), ортақ үлестік меншік құқығына тиесілі, ауданы 0,1439 га, оның ішінде үлесі 0,0043 га жер учаскесін және онда орналасқан жылжымайтын мүлік мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.

Ақшалай өтемақы төленгеннен кейін А.М.Гордейчукті Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Қамқалы тұйық көшесі, 8 үй, 1 пәтер мекенжайында орналасқан тұрғын үйден шығаруға шешім етілген.

Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, жауапкерге төленетін өтемақыны 17 371 913 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.

Істің қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген жауапкер кассациялық соттың отырысына келмеді және байлынысқа шықпады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 450-бабының 2-бөлігіне сай, істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген кассациялық шағым берген адамның, прокурордың болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Сондықтан кассациялық сот азаматтық істі жауапкердің қатысуынсыз қарады.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағына сай, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының тармағында меншiк құқығының мерзiмi шексiз екені, мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн екені көрсетілген.

АК-тің 255-бабының 1-тармағына сай мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 84бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының

келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1 бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару - жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3 - тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Азаматтық істің құжаттарына қарағанда Астана қаласы әкімдігінің 2019 жылдың 11 қыркүйегіндегі №510-1240, 2021 жылдың 22 шілдесіндегі №510-2502 және 2024 жылдың 19 шілдесіндегі №510-2413 қаулыларына сәйкес, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, С 189 және С 745 (жобалық атаулары) көшелері мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 6,2503 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін саябақты жобалау жұмыстарын жүргізу үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Алынатын жер учаскесінің шегіне Юрий Михайлович Гордейчукке 2008 жылдың 24 маусымындағы сатып алу - сату шарты негізінде Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Қамқалы тұйық көшесі, 8 үй, 1 пәтер мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-324-053-248, ортақ үлестік меншік құқығына тиесілі, ауданы 0,1439 га, оның ішінде үлесі 0,0043 га және үлесі (бұдан әрі - Объект) жер учаскесі кіреді.

Юрий Михайлович Гордейчуктің қайтыс болуына байланысты, 2021 жылдың 12 наурызындағы заң бойынша мұраға құқық куәлігі негізінде жоғарыда көрсетілген жылжымайтын мүлік Александр Михайлович Гордейчуктің жеке меншік құқығына өткен.

Осыған байланысты талап қоюшының арызы бойынша жауапкер Юрий Михайлович Гордейчук тиісті жауапкер Александр Михайлович Гордейчукке ауыстырылған.

Талап қоюшы иеліктен шығаруға жататын жер учаскесі үшін жауапкерге 2024 жылғы 6 тамыздағы «НОК «Дом оценки» жауапкершілі шектелулі серіктестігінің №0311/24-ASTANA жылжымайтын мүлікті бағалау есебімен анықталған 17 371 913 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақы сомасын ұсынған.

Жауапкер Объектіні мемлекет мұқтажына алуға қарсы болмағанымен ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспеген.

2025 жылғы 22 қаңтардағы №16672 сот құрылыс-тауар сараптамасының қорытындысына сәйкес зерттеу жүргізу кезінде жылжымайтын мүлік объектісінің нарықтық құны 18 456 117 теңгені құраған.

Бірінші сатыдағы сот өтемақыны айқындау кезінде осы сот сараптамасының қорытындысын негізге алған. Өйткені, бұл қорытындыда объектіні зерттеу кезінде онда тұрған жылжымайтын мүлік объектісі мен жер учаскесінің нақты нарықтық құны көрсетіліп, олардың жалпы сомасы 18 456 117 теңгені құраған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Салыстырмалы зерттеу әдістемесін қолданғанда сарапшы жер учаскелерінің ұқсас аналогтарын пайдаланған. Жер учаскесінде орналасқан бүкіл жылжымайтын мүлік объектілері мен көпжылдық жеміс ағаштары назарға алынып, бағаланған.

Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген. Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Касациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Талап қоюшы өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа

алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істері жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 30 қаңтардағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

В.Тохтарбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.