КСАД РК - Постановление от 19.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/474 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 19 желтоқсан №6003-25-00-4к/474 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші судья Ә. Назарова,

судьялар М. Қасымов, Ә. Нұрлыбаева болып,

талап қоюшы А.Ш. Хазипановтың қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Абат Шакирович Хазипановтың жауапкер Атырау қаласы әкімінің 2024 жылғы 13 маусымдағы №1322 қаулысын заңсыз деп танып күшін жою, Атырау қаласы, Белинский көшесі, 1- үй, 2-пәтер мекен жайында орналасқан 2001 жылы берілген көлемі 0,0437 гектар жер учаскесіне қосымша көлемі 0,0186 гектар жер учаскесін меншігіне рәсімдеуді міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 қазандағы шешіміне, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 30 қазандағы шешімімен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылған.

Атырау қаласы әкімінің 2024 жылғы 13 маусымдағы №1322 қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Талап қоюшышының қосымша жер учаскесін беру туралы өтінішін Қазақстан Республикасы Жер кодексінің және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) талаптарын сақтай отырып, қайта қарау арқылы талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру міндеттелген.

Талаптың Атырау қаласы, Белинский көшесі, №1 үй, №2 пәтер мекенжайында орналасқан 2001 жылы берілген көлемі 0,0437 гектар жер учаскесіне қосымша көлемі 0,0186 гектар жер учаскесін меншігіне рәсімдеуді міндеттеуге қатысты бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылып, шешімнің қарар бөлігіне жауапкер Атырау қаласы әкіміне соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, тиісті әкімшілік актіні қабылдауға міндеттеу туралы толықтыру енгізілді.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың талап қоюдың қанағаттандырудан бас тартуға қатысты бөлігімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды толықтай қанағаттандыруды сұраған.

Талап қоюшы сотқа істі онлайн түрде мобильді бейнеконференц байланыс арқылы қарау туралы өтінішхат берді. Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысы осы соттың ғимаратында қарауға тағайындалған болатын.

Алайда талап қоюшы зейнеткер болғандықтан, сот талап қоюшының істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарау туралы өтінішхатын уәжді деп санап, қанағаттандырды.

Жауапкер істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұрап, өтінішхат жіберді. ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі – АПК) көзделген қағидалармен айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сот анықтағандай, талап қоюшы және оның отбасы мүшелері 1994 жылғы 18 қаңтардағы тұрғын үйді жекешелендіру шартына сәйкес Атырау қаласы, Белинский көшесі, №1 үй, №2 пәтерді жекешелендіріп алған.

Жекешелендіру шарты мемлекеттік тіркеу органында 1994 жылғы 21 қыркүйекте тіркелген.

Атырау қаласы әкімінің 2001 жылғы 2 мамырдағы №3108 шешімімен 0,437 гектар, кадастрлық нөмірі 04-066-019-408 жер учаскесі талап қоюшы А.Ш. Хазипановтың жеке меншігіне берілген.

Талап қоюшы Атырау қаласы, Белинский көшесі, №1 үй мекен-жайында 1949 жылы салынған тұрғын үйі тозуына байланысты Атырау қаласы әкімінің шешімімен үйін құлатып, жаңадан үй салған.

Аталған жаңадан салынған үйді құзырлы мекемеге тіркеу кезінде өзінің мемлекеттік актідегі 0,0437 гектар жер көлемі нақты жер көлемімен сәйкес келмейтіні, өзінің қоршалған жер учаскесіне 0,0217 гектар жер учаскесі жетіспейтіні анықталған.

Талап қоюшы 2023 жылғы 19 қыркүйекте қала әкіміне кадастрлық нөмірі 04-066-019-408, көлемі 0,0437 гектар болатын жер учаскесінің көлемін жанында бос жатқан жердің есебінен 0,0217 гектар жер учаскесін жазғы сарай және гараж салу үшін кеңейту туралы арыз берген.

2023 жылғы 22 қыркүйекте №628 жер учаскесін алдын - ала таңдау актісі жасақталған.

Осыған байланысты аталған өтініш бойынша тиісті коммуналдық мекемелерден келісімдер алынған.

Атырау қаласы аумағындағы жер мәселелері жөніндегі жер комиссиясының 2023 жылғы 28 қарашадағы №45 хаттамалық шешімі негізінде, аталған жер учаскесінде бас жоспар бойынша көп пәтерлі орта қабатты тұрғын үйлер аумағы ретінде қарастырылғандықтан, қосымша жер учаскесін беруден бас тартылған.

Соттың 2024 жылғы 28 ақпандағы шешімімен Атырау қаласы аумағындағы жер мәселелері жөніндегі жер комиссиясының 2023 жылғы 28 қарашадағы №45 хаттамалық шешімі заңсыз деп танылған.

А.Ш.Хазипановтың қосымша жер учаскесін беру туралы арызын Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) және ӘРПК-нің талаптарын сақтай отырып қайта қарау арқылы талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру міндеттелген.

2024 жылғы 6 маусымда «Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ талап қоюшының арызын қайта қарап, Атырау қаласының бас жоспарына сәйкес сұратылып отырған аумақтың жер телімі көп қабатты тұрғын үй құрылысын салу үшін қарастырылуына байланысты жер учаскесін кеңейтуден бас тартылғаны жөнінде қорытынды берген.

2024 жылғы 13 маусымда Атырау қаласы әкімінің №1322 қаулысымен А.Ш. Хазипановқа жеке тұрғын үй құрылысын салу және пайдалану үшін берілген Атырау қаласы, Белинский көшесі, №1 үй, №2 пәтер мекен-жайында орналасқан көлемі 0,0437 гектар жер учаскесіне қосымша көлемі 0,0186 гектар жер учаскесін беруден бас тартылған.

2024 жылғы 10 шілдеде талап қоюшы әкімнің қаулысымен келіспей, Атырау облысының әкіміне шағымданған.

Атырау қаласы әкімі орынбасарының 2024 жылғы 7 тамыздағы жауап хатымен талап қоюшының шағымын қанағаттандырудан бас тартылған.

Кассациялық сот істі кассациялық шағым шегінде қарайды.

Талап қоюшы сот актілерінің Атырау қаласы, Белинский көшесі, №1 үй, №2 пәтер мекен- жайында орналасқан 2001 жылы берілген, көлемі 0,0437 гектар жер учаскесіне қосымша көлемі 0,0186 гектар жер учаскесін өз меншігіне рәсімдеуді міндеттеу туралы қойылған талапты қанағаттандырудан бас тартуға қатысты бөлігін даулап отыр.

Кассациялық соттың пікірінше, жергілікті соттар талаптың даулы жер учаскесін талап қоюшының меншігіне рәсімдеуді міндеттеуге қатысты бөлігін қанағаттандырудан бас тартқаны заң талаптарына сәйкес келеді.

Жер учаскесіне меншік құқығын ресімдеуді Жер кодексінің 44-2 бабына сәйкес жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.

Соттар жергілікті атқарушы органға қандай да бір нақты шешім қабылдауды міндеттеуге құқылы емес, мұндай мәжбүрлеу әкімшілік іс жүргізудің міндеттері мен қағидаттарына қайшы келеді, себебі сот әкімшілік органды алмастырмауы тиіс, тек қабылданған шешімнің немесе жасалған әрекеттің заңдылығын тексереді.

Қарастырылып отырған құқықтық жағдайда оң шешім (қолайлы акті) қабылдауға тікелей нұсқау беру жауапкердің әкімшілік қалауын алдын ала анықтайды және кемсітеді, сот бақылауының шеңберінен шығады және жергілікті атқарушы органның құзыретін алмастыру элементтерін қамтиды.

Бұл жағдайда жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігіндегі шешімі заңды және негізді болып табылады. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне шағым берілген сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа уәждер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын, АПК-нің 451 бабы 2 бөлігінің 1) тармақшасын, басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 қазандағы шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ә. Назарова

Судьялар

М. Қасымов

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.