Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 03.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2169 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 3 желтоқсан №6003-25-00-2к/2169 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші Г.Бастаубаев,

судьялар А.Даненова, А.Токсанбаев,

талап қоюшының өкілі Т.Кентесбаев, жауапкерлердің өкілдері Ә.Сами, Е.Жангабаев және Г.Тлепбергенованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Жанаөзен қала прокуратурасының жауапкерлер «Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «ANISA company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берген қосымша келісімді жарамсыз деп тану, негізсіз аударылған қаражатты мемлекетке қайтару туралы талап қоюымен қабылданған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысына жауапкер «ANISA company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Жанаөзен қаласының прокуроры сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюымен жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

«Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мемлекеттік мекеме) мен «ANISA company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – серіктестік) арасында жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы №49 шартқа (бұдан әрі – шарт) жасалған 2024 жылы 19 желтоқсандағы № 01 қосымша келісім (бұдан әрі – қасымша шарт) жарамсыз деп танылған.

2024 жылғы 19 желтоқсандағы №01 қосымша келісім бойынша мемлекеттік мекемесімен серіктестікке негізсіз аударылған 15 840 000 теңге мемлекетке қайтарылған.

Мемлекеттік мекеме мен серіктестік арасында жұмыстың орындалғаны туралы № 001 актісі, ESF-180140003200-2024122085359062 электронды шот-фактура жарамсыз деп танылған. Мемлекеттік мекеме мен серіктестігінен ортақ тәртіпте мемлекет пайдасына 5 898 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда серіктестік мемлекеттік сатып алу шарты бойынша жұмыстар 2025 жылғы 28 ақпанда толығымен аяқталғанын, тапсырыс беруші тарапының қояр талабы жоқ екенін көрсетіп, жергілікті соттармен қабылдаған

шешім және қаулының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 157бабының 1-тармағына сәйкес, мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңнамалық актілерде тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады.

Егер мәміленің маңызсыздығы заңнамалық актілерде көзделмесе, ол даулы мәмілеге жатады.

Мәміленің маңызсыздығы туралы дау туындаған жағдайда, оның жарамсыздығын сот белгілейді.

АК-нің 158-бабының 1-тармағына сәйкес, мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» (бұдан әрі - мемлекеттiк сатып алу туралы заңы) 2024 жылғы 1 шілдедегі № 106-VIII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабының 1-тармағының 2) - 4) тармақшарына сәйкес, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мынадай қағидаттарға негізделеді:

  1. мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағасы мен сапасы арақатынасын қамтамасыз ету арқылы оңтайлы және тиімді жұмсау;

  2. осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;

  3. әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік;

  4. мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы;

  5. қазақстандық тауар өндірушілерге, жұмыстарды орындаушылар мен қызметтерді көрсетушілерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін шамада қолдау көрсету;

  6. мемлекеттік сатып алу субъектілерінің жауапкершілігі; 7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына, мүдделер қақтығысына жол бермеу;

  7. орнықты мемлекеттік сатып алуды дамыту.

Іс құжаттарына қарағанда, мемлекеттік мекемемен 2024 жылғы 5 қарашада жергілікті қаражат есебінен Жаңаөзен қаласы «Рауан» шағынауданының №№ 3-5, 10-15 үйлеріне сыртқы жөндеу (фасадтық) жұмыстарына 29 700 000 теңге қарастырылып, ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу жүргізілгені анықталған.

Серіктестік ашық конкурста жеңімпаз атанған.

2024 жылғы 10 желтоқсанда мемлекеттік мекеме және серіктестік арасында №49 шарт жасалған.

Шарттың жалпы сомасы 13 850 000 теңге.

2024 жылғы 12 желтоқсанда мемлекеттік мекеме және серіктестік арасында осы шарт бойынша 13 850 000 теңгеге орындалған жұмыстар туралы №1 акт жасалған.

2024 жылғы 13 және 20 желтоқсанында тапсырыс берушімен ESF180140003200-20241213-8266-1243 электронды шот-фактура негізінде барлығы 13 850 000 теңге серіктестікке аударылған.

Осыдан кейін жауапкерлер арасында 2024 жылғы 19 желтоқсанда шартқа №01 қосымша шарт жасалған.

Қосымша шарт аумақтық қазынашылық органында тіркелген күннен бастап күшіне енеді және 2024 жылғы 31 желтоқсан дейін әрекет етеді.

Шарттың жалпы сомасы 13 850 000 теңгеден 29 690 000 теңгеге өскен.

2024 жылғы 18 желтоқсанда қосымша шарт негізінде жауапкерлер арасында 15 840 000 теңгеге орындалған жұмыстар туралы №001 актісі жасалған.

2024 жылғы 20 желтоқсанда мемлекеттік мекеме ESF-1801400032002024122085359062 электронды шот-фактура негізінде 15 840 000 теңгені серіктестікке аударылған.

Алайда, 2025 жылғы 9 қаңтардағы жағдай бойынша «Рауан» шағын ауданының №№ 3-5, 10-15, үйлеріне сыртқы жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған.

Прокурор талап қоюында заң талаптарына сәйкес келмейтін, құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған қосымша шартты, атқарылған жұмысты қабылдап алу туралы 2024 жылғы 18 желтоқсандағы №001 актісін, 2024 жылғы 20 желтоқсандағы электронды шотфактурасын жарамсыз деп танып, заң талаптары бұзыла отырып аударылған 15 840 000 теңгені серіктістіктен мемлекет пайдасына өндіруді сұраған.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырған.

Сот жергілікті соттардың қосымша шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырған бөлігін негізді деп табады, себебі мемлекеттік мекеме және серіктестік арасында жасалған қосымша шарт бойынша құны 15 840 000 теңге жұмыстарына ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу жүргізілмеген. Осылайша, мемлекеттiк сатып алу туралы заңының 5-бабы 1- тармағы 2) - 4) тармақшаларында көзделген әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру, адал бәсекелестік және мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы қағидаттары бұзылған. Мұндай жағдайда қосымша шарт АК-нің 157, 158–баптары негізінде мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін, құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған.

Сонымен қатар, шарт бойынша жұмыстардың құны 13 850 000 теңге болғанын, 2024 жылғы 18 желтоқсандағы №001 актісімен қабылданған жұмыстардың құны ол сомадан асып кеткенін, яғни 15 840 000 теңге деп жасалғанын, заң талаптарына сәйкес жасалған шарт құны одан төмен екенін, екі шарт бойынша жұмыстарды ажырату мүмкін емес екенін, бұл акті негізінде

жұмыс ақысы төленгенін, қосымша шарт заң талаптарына қайшы екенін жергілікті соттар ескеріп, актіні жарамсыз деп танып, заңсыз аударылған 15 840 000 теңге негізді өндірілген.

Сондықтан сот жергілікті соттардың шарт пен атқарылған жұмыстарды қабылдау актісін жарамсыз деп тану және заңсыз аударылған сомаларды өндіру туралы бөлігіндегі сот актілерін өзгеріссіз қалдыралды.

әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттарымен электронды шот-фактурасын жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қаралған бөлігінде мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Атап айтқанда, сот шешімі және қаулының серіктестіктің 2024 жылғы 20 желтоқсандағы электронды шот-фактурасын жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандыру туралы бөлігін сот, ол құжат АК-нің 7, 9-баптарына сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туындатпайды, сондықтан мұндай құжатты жарамсыз деп тану туралы талап қою азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.

Осыған байланысты, шешім және қаулының прокурордың электронды шот-фактурасын жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылып, АПК-нің 277-бабы 1)-тармағына сәйкес азаматтық іс осы бөлігінде тоқтатылуға жатады.

Серіктестіктің шартта көзделген жұмыстардың орындалғаны туралы уәждері сот актілерінің қосымша шарт және атқарылған жұмыстарды қабылдау актісін жарамсыз деп тану, қаражатты өндіру жайлы бөліктерінің заңдылығына әсер етпейді.

Сот актілері серіктестіктің уәждерімен өзгермегендіктен, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 6), 8) тармақшаларын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысы өзгертілсін. Шешім және қаулының «ANISA company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ESF-180140003200-2024122085359062 электронды шотфактурасын жарамсыз деп тану бөлігінің күші жойылсын.

Бұл бөлігінде іс бойынша іс жүргізу тоқтатылсын.

Шешім және қаулының қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «ANISA company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья Судьялар

Г.Бастаубаев А.Даненова

А.Тоқсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.