ВС РК - Постановление от 02.04.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3067 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 2 сәуір 6001-23-00-6ап/3067 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Ш.Т. Даниярова болып,

жауапкер өкілі С[...],

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «S[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) жауапкер «Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне қорытындылар туралы хаттаманың бөлігін заңсыз деп тану туралы, мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 маусымдағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі қаулысына Шымкент қалалық прокурорының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 маусымдағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.

2023 жылғы 11 сәуірдегі №9384342-ОК1 қорытындылар туралы хаттамасының №58394947-ОК2, №58394979-ОК2, №58394964-ОК2, №58394928-ОК2, №59833582-ОК2, №59833565-ОК2, №59833577-ОК2, №59833593-ОК2, №59833595-ОК2, №59833574-ОК2, №58395912-ОК2, №58395891-ОК2, №58395866-ОК2, №59833589-ОК2, №58395961-ОК2 лоттары бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

«Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің «А[...]» ЖШС-мен жасалған 2023 жылғы 24 мамырдағы №78 санды, 2023 жылғы 30 мамырдағы №№79, 77, 76 санды, «SS[...]» ЖШС-мен жасалған 2023 жылғы 30 мамырдағы №106 санды, 2023 жылғы 31 мамырдағы № 103 санды, жеке кәсіпкер Б[...] жасалған 2023 жылғы 30 мамырдағы №№ 98, 99, 100, 104, 105, 108,109 санды, «ASP[...]» ЖШС-мен жасалған 2023 жылғы 30 мамырдағы №107 санды, 2023 жылғы 31 мамырдағы №102 санды мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жарамсыз деп танылған.

Істі қарау барысында анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімінің атына жеке ұйғарым шығарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі қаулысымен және ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Шымкент қалалық прокуроры кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшының өкілі істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Талап қоюшы өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Мүделлі тұлға «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамы өкілі істі оның қатысуынсыз қарауды сұраған.

Басқа тараптар сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған

жоқ.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағым уәждерімен келіскен пікірін тындап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық

сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Істің мән-жайларына қарағанда жауапкердің тапсырысы бойынша әрі ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы көпқабатты үйлердің алдын «Жаттығу және ойын элементтерімен жабдықтау жұмыстары» бойынша 39 лоттан тұратын №9384342-1 электронды ашық конкурс өткізілген.

«S[...]» ЖШС-гі 15 лот бойынша конкурсқа қатысуға өтінім берген.

2023 жылғы 11 сәуірдегі қорытындылар туралы хаттамасына сәйкес «S[...]» ЖШС-нің өтінімі материалдық және еңбек ресурстарына ие болу бөлігінде біліктілік талаптарына сәйкес келмегендіктен аталған лоттар бойынша конкурсқа жіберуге рұқсат берілмеген.

«S[...]» ЖШС-гі конкурс нәтижесімен келіспеген шағымы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – Департамент) қанағаттандырусыз қалдырылған.

Конкурс жеңімпаздары «А[...]» ЖШС-гі, «SS[...]» ЖШС-гі, «ASP[...]» ЖШС-гі, жеке кәсіпкер Б[...] мемлекеттік сатып алу туралы шарттары жасалған.

Конкурс нәтижесімен келіспеген «S[...]» ЖШС-гі сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырғанда «S[...]» ЖШС-гі біліктілік талаптарында сұратылған техника мен маман жайлы толық құжаттар болмағанын жоққа шығармай, конкурс бойынша материалдық және еңбек ресурстарына ие екенін растайтындығы лицензиясының бар екендігін негізге алған. Ал «S[...]» ЖШС-нің Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 22-бабының талаптарына сай конкурстық құжаттама жобасына ескертулер бермегендігі талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуға құқықтық негіз бола алмайды.

Соттардың бұл тұжырымдары қате болып табылады.

Сот алқасы соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді.

«S[...]» ЖШС-гі өзінің талап қоюын жауапкер мемлекеттік сатып алудың нысанын « Жаттығу және ойын элементтерімен жабдықтау жұмыстары » деп дұрыс жарияламағанын, себебі бұл жұмыс «Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыруға» жатқызылуы тиіс болғандығын. Бұл жағдайда 2021 жылғы 16 наурыздағы №21012462 3-санаттағы құрылысмонтаждау жұмыстары бойынша лицензиясы материалдық және еңбек ресурстарына ие екендігін растайдығымен негіздеген.

Осы талап қоюды қарағанда соттар мына мән-жайларды ескермеген.

Жоғарыда айтылғандай талап қоюшы өзінің талап қоюын конкурстық құжаттамамен келіспеушілігімен негіздеген.

Заңның 22-бабының 1 және 2 тармақтарына сәйкес конкурстық құжаттаманы бекітудің міндетті талабы әлеуетті өнім берушілердің конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылауы болып табылады. Конкурстық құжаттаманың жобасына ескертулер, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сұрау салулар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей тапсырыс берушіге, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушыға жіберілуі мүмкін.

Конкурстық құжаттаманың жобасына ескертулер, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сұрау салулар болмаған кезде, конкурстық құжаттаманы бекіту туралы шешім қабылданады.

Конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау нәтижелері бойынша тапсырыс берушінің шешіміне осы Заңда айқындалған тәртіппен шағымдануға болады.

Осы Заңның 47-бабының 1 тармағына сай әлеуетті өнім берушілердің конкурстық құжаттама (аукциондық құжаттама) жобасына осы Заңның 22-бабында айқындалған тәртіппен ескертулер берілмеген конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына, оның ішінде оларда көрсетілген біліктілік талаптарына жасаған шағымдары қаралуға жатпайды.

«S[...]» ЖШС-гі болса конкурстық құжаттама жобасына ескертулер бермеген немесе шағым келтірмеген.

Сондықтан талап қоюшының бұл жөніндегі негіздемелері заңсыз болып табылады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 58-тармағына сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиісті рұқсаты (хабарламасы) бар және құрылыспен байланысты емес жұмыстарды (бар объектілерді ағымдағы немесе орташа жөндеу, реставрациялау, қолданыстағы объектілерді реэкспозициялау, абаттандыру, жайластыру) мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілер Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес берілген тиісті рұқсатпен (лицензиямен) материалдық және еңбек ресурстарына ие екендігін растайды.

Бұл ретте құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиісті рұқсаттың (лицензияның) түрлері мен кіші түрлері өткізілетін мемлекеттік сатып алу нысанасына ұқсас (сол сияқты) болады. Егер мемлекеттік сатып алу нысанасы құрылыспен байланысты емес жұмыстар (бар объектілерді ағымдағы немесе орташа жөндеумен, реставрациялау, қолданыстағы объектілерді реэкспозициялау, абаттандырумен, жайластырумен байланысты емес жұмыстар) болып табылған жағдайда, әлеуетті өнім беруші осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен материалдық және еңбек ресурстарына ие екендігін растайды. «S[...]» ЖШС-нің ұсынған 2021 жылғы 16 наурыздағы №21012462 3-санаттағы құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша лицензиясының екі қосымшасындағы да тізбелерде құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиісті рұқсаттың (лицензияның) түрлері мен кіші түрлері өткізілетін мемлекеттік сатып алу нысанасына ұқсас (сол сияқты) рұқсаты бар екендігі көрсетілмеген.

Жоғарыда аталып өткендей, конкурстық құжаттама бойынша мемлекеттік сатып алудың нысанасы «Жаттығу және ойын элементтерімен жабдықтау жұмыстары» болып белгіленіп, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық, еңбек ресурстарының болуы жайлы біліктілік талаптары қойылған.

Сондықтан талап қоюшы конкурстық құжаттамада айқындалған тәртіппен материалдық және еңбек ресурстарына ие екендігін растауы тиіс болатын.

«S[...]» ЖШС-гі біліктілік талаптарында сұратылған техника мен маман жайлы толық құжаттары болмағанын теріске шығармаған.

Істің бұл тұрғысында, дауланып отырған конкурс қорытындысын заңсыз деп бағалауға негіздер болмаған. Сондықтан сот актілерінің күші жойылып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.

Шешім мен қаулының күші жойылуына байланысты тиісінше жеке ұйғарым мен ол жөнінде қабылданған апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымының да күші жойылуға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 маусымдағы шешімі мен жеке ұйғарымының, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі қаулысы мен ұйғарымының күштері жойылсын. Талап қоюшы «S[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

Шымкент қаласы прокурорының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар

Ғ. Әлжанов

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.