№6003-25-00-2к/5157
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 10 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып,
талап қоюшылар өкілі Т.Э.Саитталиевтың,
жауапкер өкілі Б.Ж.Суесиновтың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 11 тамыздағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қарашадағы қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшылар Ерлан Абужанович Абужанов пен Әжіғали Мұратұлы Мырзағалиевтың жауапкер «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Қоғам) тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтардың күшін жою жөніндегі электрондық азаматтық ісін қарап,
Е.А.Абужанов пен Ә.М.Мырзағалиев сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 11 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшылардың кассациялық шағымдары, соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуына, тәртіптік жаза қолдану мерзімінің дұрыс есептелмеуіне негізделіп, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығару сұралған.
Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, сілтеме жасаған мән-жайлары іс құжаттарымен жоққа шығарылғандықтан, шағым берілген сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi тұрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 63бабының талаптары бойынша, еңбек тәртіптемесінің қағидаларын жұмыс беруші бекітеді.
Кодекстің 1-бабының 1-тармағының 30) тармақшасына сәйкес еңбек тәртібі – жұмыс беруші мен жұмыскерлердің Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде, сондай-ақ келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде, құрылтай құжаттарында белгіленген міндеттемелерді тиісінше орындауы болып табылады.
Е.А.Абужанов Қоғамның құқықтық қамтамасыз ету департаментінің дауларды шешу бөлімінің бастығы, Ә.М.Мырзағалиев Қоғамның құқықтық қамтамасыз ету департаментінің келісім-шарт бөлімінің бастығы қызметін атқарады.
Е.А.Абужановқа әкімшілік соттың 2024 жылғы 24 желтоқсандағы ұйғарымымен істі қарау кезінде сотпен белгіленген уақытта талап қоюға байланысты жазбаша пікір ұсынбағаны үшін 73 840 теңге ақшалай өндіріп алу салынған.
Осы факті бойынша Қоғамның 2025 жылғы 20 наурыздағы №013-К/Д бұйрығымен оған «сөгіс» жарияланып, 2025 жылғы наурыз айының жұмыс қорытындысы нәтижесі бойынша сыйақысы 50% азайтылған. Маңғыстау облысы прокуратурасының Қоғамның 2018-2024 жылдар аралығындағы қызметіне жүргізілген тексерудің қорытындысымен, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акцинерлік қоғамына 2024 жылғы 28 қарашада №2-11-24-09873 заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынысы жолданған.
Ұсынысқа байланысты онда көрсетілген бұзушылықтарға қатысты комплаенсты тексеру тағайындалып, 2025 жылғы 3 наурыздағы №10/7599 қорытындысымен жауапты тұлғалармен қызметтік міндеттері тиісінше атқарылмағаны анықталған.
Себебі, Қоғамның «Techno Trading LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен шарт бойынша келтірілген 191 889 676 теңге зиянды өндіру туралы талап қоюы, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 30 қаңтардағы шешімімен қанағаттандырудан бас тартылған.
Аталған іс бойынша зиянды өтеу жұмыстарының атқарылуы Е.А.Абужанов пен Ә.М.Мырзағалиев жүктелген, алайда олармен осы шешімге апелляциялық шағым берілуі қамтамасыз етілмегені немесе осы күнге дейін келген залалды өндіруге бағытталған басқа іс әрекеттердің жасалмағаны анықталған.
Жұмыс берушімен талап қоюшылардың бұл әрекетсіздіктері еңбек тәртібін бұзу болып бағаланған.
Осыған байланысты Қоғамның 2025 жылғы 26 наурыздағы №015-К/Д бұйрығымен Ә.М.Мырзағалиевке, №017-К/Д бұйрығымен Е.А.Абужановқа «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазалары қолданылған.
Өз кезегінде, Кодекстің 1-бабының 1-тармағының 76) тармақшасына, 23бабының 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес тәртіптік теріс қылық – жұмыскердің өз еңбек міндеттерін құқыққа қарсы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, сондай-ақ еңбек тәртібін бұзуы болып табылады. Жұмыс беруші жұмыскерлерден еңбек, ұжымдық шарттар талаптарының, еңбек тәртіптемесі қағидаларының және жұмыс берушінің басқа да актілерінің орындалуын талап етуге құқылы. «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 1 нормативтік қаулысының 24-тармағында, соттар жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасауына қатысты дауды қараған кезде жұмыскердің жасаған тәртіптік теріс қылығына байланысты тәртіптік жаза түрін (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, еңбек шартын бұзу) таңдау жұмыс берушінің құқығы болып табылатынын және ол жұмыскер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушінің құзыретіне жататынын ескеруі керектігі көрсетілген.
Бұл тұрғыда, жұмыскерлермен тәртіптік теріс қылық жасалғаны расталғандықтан, оның түрін таңдау жұмыс берушінің құқығы болып табылғандықтан, соттармен жұмыс берушінің даулы бұйрықтарын заңсыз деп танудан негізді бас тартылған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2024 жылғы 24 желтоқсандағы сот ұйғарымы Е.А.Абужановпен 2025 жылғы 8 қаңтарда орындалған, біріқ сот ұйғарымы Қоғамға тек 2025 жылғы 4 наурызда кірістелгендіктен, жұмыс берушіге оның бұл тәртіптік теріс қылығы жайлы сол кезден бастап белгілі болған. Бұл факті бойынша тәртіптік жаза 20 наурызда қолданылған.
Комплаенс қызметімен жүргізілген тексерудің қорытындысымен талап қоюшылардың тәртіптік теріс қылықтары жұмыс берушіге 2025 жылғы 3 наурызда белгілі болып, оларға тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтары 26 наурызда шығарылған.
Сондықтан талап қоюшыларға тәртіптік жаза қолдануда Кодекстің 66бабының талаптары сақталған.
Кассациялық шағымда қайталап келтірілген уәждерге шағым берілген сот актілерінде тиісті және дұрыс құқықтық баға берілген. Соттардың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.
Осы мән-жайларға байланысты кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылуға, іс бойынша шығарылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 11 тамыздағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қарашадағы қаулысы күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.