ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 ақпан №6001-24-00-6ап/903 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар –Ж.Б.Ермағамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, жауапкер өкілдерінің Д.Б.Аманжанова, А.А.Назымбекұлы, мүдделі тұлғаның өкілі А.Е.Аубакированың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі Басқарма) жауапкер «Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Астана қаласы бойынша Департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі Департамент) №38-НҚ бұйрығын заңсыз деп тану және күшін жою туралы туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 ақпандағы қаулысына жауапкердің «Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Астана қаласы бойынша Департаменті» ММ-сі берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер «Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Астана қаласы бойынша Департаменті» ММ-сі кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшы сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Жауапкер өкілінің кассациялық шағым уәждерімен келіскен пікірін және мүдделі тұлғаның өкілінің қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Істің мән-жайларына қарағанда «Астананың тұрақ кеңістігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі Серіктестік) Басқармамен бірлесіп мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері негізінде бизнесті тарта отырып, негізгі қалалық орындарды заманауи тұрақтармен және паркоматтармен жайластыру бойынша «Астананың тұрақ кеңістігін басқару» жобасын іске асырады.
Астана қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының (бұдан әрі МЖӘ) жобасы бойынша жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстық комиссия құрылған.
2018 жылғы 3 мамырда жобаны Серіктестік «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тікелей келіссөздерге қатысуға өтінімді Басқармаға енгізу жолымен тікелей келіссөздер шеңберінде бастамашылық жасаған. 2018 жылғы 11 мамырда Басқарма Серіктестіктің өтінімін қарау бойынша қорытынды берген, онда МЖӘ жобасын іске асыру қажеттілігі, жеке әріптесті айқындау тәсілінің негізділігі, қағидаларға сәйкес МЖӘ критерийлеріне сәйкестігі айқындалған. 2018 жылғы 14 мамырда Басқарма Серіктестіктің біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды берген.
2018 жылы 29 мамырда МЖӘ жобасын іске асыруды бастау туралы хабарлама, мерзімді баспа басылымында және әкімдіктің МЖӘ дамыту орталығының ғаламтор-ресурстарында хабарландыру орналастырылған.
Сонымен қатар «Комсомольская правда Казахстан» газетінде «Астана қаласының ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару» МЖӘ жобасына бастамашылық жасау туралы хабарлама жарияланған.
2018 жылғы 28 маусымда конкурстық комиссия Серіктестікті әлеуетті жекеше әріптесін біліктілік іріктеуден өткен деп айқындаған және оны тікелей келіссөздерге қатысушы деп таныған. МЖӘ жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларына (бұдан әрі Қағида) сәйкес әлеуетті жеке әріптестердің балама ұсыныстары, хабарлама жарияланған күннен бастап, күнтізбелік 30 күн ішінде ұсынылуы тиіс. Тиісінше, осы МЖӘ жобасы бойынша балама ұсыныстар 2018 жылдың 27 маусымына дейін ұсынылуы мүмкін. 2018 жылдың 27 маусымдағы жағдай бойынша Басқармаға балама ұсыныстар түспеген.
2018 жылғы 24 қазанда дауыс беру және тікелей келіссөздер жүргізу қорытындылары бойынша конкурстық комиссия Серіктестікпен мемлекеттікжекешелік әріптестік шартын жасасу туралы шешім қабылдаған. Департамент тарапынан Басқармаға қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзған белгілері бойынша тергеу жүргізген.
Басқарма тарапынан 2023 жылғы 25 сәуірдегі №5 хабарламаны орындамағаны үшін тергеп-тексеруді жүргізуге негіз болған. Тексерілген кезең 2018 жылғы 12 қаңтардан бастап 2023 жылғы 25 мамырға дейін. 2023 жылдың 28 тамызында Басқармаға қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындыны бекіту туралы Департаментің №38-НҚ бұйрығы қабылданған.
Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша талап қоюшының әрекеттерінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 194-баптың 2-бөлігінің 8), 9) тармақшаларының талаптары бұзылғандығы байқалады деп есептелген.
Талап қоюшы сотқа жолдаған талап қоюында Басқарманың іс-әрекетінде Астана қаласында тұрақ қызметтерін көрсету нарығында бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасының бұзушылықтары жоқ деп есептеп, бұйрықты заңсыз деп танып күшін жоюды сұраған.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырғанда анықталған бұзушылықтардың негіздемесінде ақылы тұрақтардың демонстрациялық аймағының талаптары және МЖӘ шартын жасасу Астана қаласының мәслихаты жобаны бекіткенге дейін жүргізілгенін негізге алған.
Сонымен қатар, жобада әлеуетті жекеше әріптес ақылы тұрақ орындарын орналастыру бойынша іске асыру тәжірибесіне ие болуы тиіс және ақылы тұрақтардың ұйымдастырылған демонстрациялық аймағы (Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында) болуы тиіс екендігі көрсетілгенін негіздеген.
Соттардың бұл тұжырымдары қате болып табылады.
Сот алқасы соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді.
Осы талап қоюды қарағанда соттар мына мән-жайларды ескермеген. – «Мемлекеттік жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 32 бабының 3 тармағына сәйкес, конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы әлеуетті жекеше әріптеске осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген біліктілік талаптарын қоюға құқылы емес.
Демонстрациялық аймақтың болуы туралы біліктілік талап Серіктестік тұлғасында әлеуетті жекеше әріптесті таңдау кезінде нысаналы бағытты растайтын, яғни демонстрациялық аймағы жоқ басқада әлеуетті әріптестер тең емес жағдайда болғандығын және қатыса алмағандығы ескерілмеген. Осымен Басқарма, біліктілік талаптарында демонстрациялық аймақтың болуын белгілеу арқылы Серіктестікке басқа тұлғаларға қарағанда артықшылық берілген.
Сонымен қатар, 2015 жылғы 25 қарашадағы №725 Мемлекеттік – жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау, жекеше әріптесті айқындау жөнінде конкурс (аукцион) және тікелей келіссөздер жүргізу, мемлекеттік – жекешелік әріптестік шарттарының мониторингін жүргізу, мемлекеттікжекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу мониторингін жүргізу және бағалау мәселелерін қамтитын мемлекеттік –жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларының 18 тармағына сәйкес, МЖӘ жобасын жоспарлауға кәсіпкерлік субъектілерін тарту, жоспарлау процесінің ашықтығын арттыру мақсатында, уәкілетті тұлғалардың жоспарланған МЖӘ жобасы туралы қызығушылық танытқан сұрау салуды өздерінің ресми интернет-ресурстарында және МЖӘ веб-порталында орналастыруына жол беріледі. Ақпартты өзге де интернет-ресурстарда және мерзімді баспасөз басылымдарында орналастыруға қосымша жол беріледі.
Атап айтқанда Басқарма тарапынан өз ресми интернет-ресурсында және МЖӘ веб-порталында тиісті хабарлама берілмей, хабарлама берудің қосымша жолын ғана пайдаланғаны анықталған.
Осылайша, «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС-нің жеке серіктесін таңдау кезінде заңсыз артылықшылықтар беруді растайды, жоспарланған тізбені мәслихат бекіткенге дейін МЖӘ жобасын келісімшарт жасап, жобаны жүзеге асыра бастады.
Басқарма жобаны іскер асыру кезінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылғаны анықталған.
Сондықтан талап қоюшының бұл жөніндегі негіздемелері заңсыз болып табылады.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Істің бұл тұрғысында сот актілерінің күші жойылып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға және жауапкер «Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Астана қаласы бойынша Департаменті» мемлекеттік мекемесінің шағымы қанағаттандыруға жатады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы шешімінің, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 ақпандағы қаулысының күштері жойылсын.
Талап қоюшы «Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
Жауапкер «Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Астана қаласы бойынша Департаменті» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Ғ.Әлжанов
Ж.Ермағамбетова
Судьялар
Б.Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.