6001-23-00-3гп/391
2023 жылғы 27 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья М.Ж. Бектұрғановтың
судьялар Т.А.Молдахметованың, А.С.Савинованың,
талапкер Н[...], жауапкерлердің өкілдері Ә[...], Т[...], Н[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Н[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қызылорда облысының Әділет департаменті» РММ-ге, жауапкер жағындағы даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» РММ-ге тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрыңғы жұмысына қайта орналастыру және жалақы айырмасын өндіру туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 02 наурыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қызылорда облысының Әділет департаменті» РММ-нің өтінішхаты бойынша келіп түскен электрондық азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Н[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қызылорда облысының Әділет департаменті» РММ-ге (бұдан әрі - Әділет департаменті), жауапкер жағындағы даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» РММ-ге тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру және жалақы айырмасын өндіру туралы талаптарымен сотқа жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 30 қарашадағы шешімімен Н[...] талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 02 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім шығарылған:
Әділет департаментінің 2022 жылғы 23 тамыздағы № 25ж тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, оның күші жойылған;
Н[...] бұрыңғы жұмыс орны Әділет департаментінің филиалы «Қызылорда қаласының № 1 сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімі» басшысы - аға сот орындаушысы қызметіне қайта орналастырылған; - Әділет департаментінен Н[...] пайдасына жалақысының айырмасы 658 692 теңге өндірілген.
Әділет департаменті өтінішхатында Қызылорда облыстық сотының сот алқасының тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық заң нормаларына қайшы екенін көрсетіп, апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жоюды сұраған.
Сот алқасы жауапкердің өтінішхатты қолдаған пікірін, талап қоюшының қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сот алқасымен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарымен анықталғандай, Н[...] 2022 жылғы 23 тамызға дейін Әділет департаментінің филиалы «Қызылорда қаласының № 1 сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің» басшысы - аға сот орындаушысы қызметін атқарған.
Әділет департаментінің 2022 жылғы 01 сәуірдегі № 11-Ж бұйрығымен Н[...] «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазасы қолданылған.
Қызылорда облысының прокуратурасының 2022 жылғы 24 маусымдағы № 2-10-22-06232 бұзушылықтарды жою туралы келіп түскен ұсынуында Н[...] «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы заңының талаптары сақталмағаны, атқарушылық құжаттардың орындау мерзімдерінің бұзылуына жол берілгені көрсетілген.
Н[...] 2022 жылғы 29 маусымда берген түсініктемелерінде, борышкер «А0[...]» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 61 260 теңге өндіру және борышкер «СПБ[...]» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 58 340 теңге өндіру туралы атқарушылық өндірістер бойынша орындау мерзімдері бұзылғанымен, атқару құжаттары толық орындалып, заң бұзушылықтың жойылғандығы көрсетілген.
Әділет департаментінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № 130-Н бұйрығымен қызметтік тергеп-тексеру тағайындалып, ол бұйрықпен Н[...] таныстырылған.
2022 жылғы 14 шілдеде қызметтік тергеп-тексеру қорытындысы жасалып, Әділет департаментінің тәртіптік комиссиясының қарауына
ұсынылған, талап қоюшы Н[...] тексеру қорытындысымен таныстырылған.
2022 жылғы 20 шілдеде тәртіптік комиссиясының отырысы Н[...] қатысуымен өткізіліп, шешімімен оған «мемлекеттік лауазымынан төмендету» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылып, Әділет департаментінің 2022 жылғы 23 тамыздағы № 23-ж бұйрығымен жұмыскерге «мемлекеттік лауазымын төмендету» түріндегі тәртіптік жаза қолданылып, Ж.Н[...] департаментінің «тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің» бас маманы бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына төмендетілген. Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырусыз қалдыра отырып, тәртіптік жазаны қолдану мерзімі бұзылмағандығын, теріс қылықтың орын алғандығын тәртіптік комиссия шешімімен анықталғанын, Әділет департаменті басшысына тәртіптік жаза қолдану туралы ұсынысымен Н[...] еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінен жұмысқа шыққаннан кейін 2022 жылғы 23 тамызда тәртіптік комиссия хаттамасымен және сол күні шығарылған тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен талап қоюшы таныстырылғанымен негіздеген. Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің жалпы саны Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану Қағдаларының (бұдан әрі - Қағида) 60тармағына сәйкес қатысқанымен көрсетілген.
Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшы Н[...] атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті атқарушылық әрекеттер жасалып, атқару құжаттары толық орындалғанын, сот актісінің заңда белгіленген мерзімде борышкермен орындалмауына талап қоюшы жауапты емес екенін, сол себепті еңбек тәртібі, қызметтік міндеттері бұзылмағанын көрсеткен.
Жоғарғы Соттың сот алқасы келесі негіздер бойынша апелляциялық алқаның тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот шешімі материалдық құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» № 416-V заңының (бұдан әрі - № 416-V Заң) 44-бабының 1-тармағына сай, мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы - мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерін құқыққа қайшы түрде, кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы.
№ 416-V Заңның 44-бабының 3, 4-тармақтарында тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге қолданылатын жаза түрлері
айқындалған. Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза уақытша бос мемлекеттік лауазымды қоспағанда, кез келген төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған және мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады.
Қағиданың 27-тармағына сәйкес алып тасталмаған ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түрiнде қолданылған жаза болған кезде мемлекеттік әкімшілік қызметші жасаған теріс қылық елеулі теріс қылық болып табылады, ол үшін қызметшіге қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту немесе лауазымын төмендету түрiндегi жаза қолданылады.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңының 39 - бабының 1 - бөлігіне сәйкес, мерзімді өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілермен орындаудың өзгеше мерзімдері белгiленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс. Заңның 132 - бабына сай, мемлекеттік сот орындаушысының өзiне жүктелген мiндеттердi және лауазымдық өкiлеттiктердi орындамауы не тиiсiнше орындамауы заңдарда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Іс құжаттарына сәйкес, Қызылорда облыстық прокуратурасының 2022 жылғы 24 маусымдағы № 2-10-22-06232 ұсынуында, мемлекеттік сот орындаушысы Н[...] Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» заңының талаптары бұзылуына жол берілгендігі көрсетілген.
Талап қоюшы Н[...] өз қызметін атқарған кезде, өзіне жүктелген міндеттер мен лауазымдық өкілеттіктерін уақытылы орындамауы салдарынан, заң бұзушылықтарға жол беріп, атқарушылық құжаттарды тиісінше заң талаптарына сай рәсімдемегені анықталған.
Көрсетілген мән-жайлар салдарынан, талап қоюшы Н[...] алдынғы алынбаған тәртіптік жазасы ескеріле отырып, оған 2022 жылғы 23 тамыздағы №23-Ж бұйрығымен «мемлекеттік лауазымын төмендету» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.
Бірінші сатыдағы сотпен 2022 жылғы 23 тамыздағы №23-Ж бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жоюға құқықтық негіз жоқ деген заңды қорытындыға келген.
Бұл тұрғыда, апелляциялық сот алқасының талап қоюшымен атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті атқарушылық әрекеттер жасалып, атқару құжаттары толық орындалған, сот актісінің заңда белгіленген мерзім ішінде борышкермен орындалмауына, талап қоюшы жауапты болуға тиісті емес деген уәжін алқа негізсіз деп санайды.
Осы дәлелдемелер жиынтығын бағалап, түйіндей келе сот алқасы бірінші сатыдағы сот жұмыс берушімен Н[...] қатысты қолданылған тәртіптік жаза заңды деген дұрыс тұжырымға келген деп санайды.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы Әділет департаментінің өтінішхатын қанағаттандырып, апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыру қажет деп табады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 02 наурыздағы қаулысының күші жойылсын. Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 30 қарашадағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Әділет департаментінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
М. Бектұрғанов
Судьялар
Т. Молдахметова
А. Савинова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.