6001-21-00-3ПП/46
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 28 қазан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Жармұхамбетова С.А.,
судьялар Даниярова Ш.Т., Қайыпжан Н.Ү.,
прокурор Д[...], талап қоюшының өкілі Р[...], жауапкер Н[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы «Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) жауапкер Н[...] оқу кезінде жұмсалған бюджет қаражатын қайтару туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт аудандық сотының 2017 жылғы 10 қарашадағы шешімін қайта қарау туралы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Департамент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгініп, Н[...] Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясын (бұдан әрі – Академия) оқып бітіргеннен кейін, ішкі істер органдарында 5 жылдан кем емес мерзімді міндетті түрде қызмет атқаруы тиіс екенін, алайда жауапкер 1 жыл 3 ай ғана қызмет атқарып, «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес жұмыстан босатылғанымен уәждеген.
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт аудандық сотының 2017 жылғы 10 қарашадағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылып, жауапкер Н[...] 984 715, 57 теңге және сот шығысы өндірілген.
Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымында бірінші сатыдағы сотпен құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар орын алғанына назар аударып, сот актісін қайта қарауды сұраған.
Сот алқасы жауапкер Н[...] ұсынымды қолдағаны, талап қоюшының өкілі Р[...] шешімді өзгеріссіз қалдыру туралы түсініктерін, прокурордың ұсынымды қанағаттандыру туралы қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен өтінішхат уәждерін зерделеп, сот алқасы келесі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік
құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарына қарағанда, Н[...] 2012-2016 жылдары аралығында Академияда оқыған.
Оқуды бітіргеннен кейін 2016 жылғы ақпаннан бастап Департаментте анықтаушы болып қызмет атқарған.
2017 жылғы 8 қыркүйекте Н[...] қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмыстан босатылған.
Бірінші сатыдағы сот істі қарау барысында Н[...] сот отырысы болатын күні мен уақыты туралы тиісті түрде хабарландырылса да сот отырысына келмегенін, өзінің қандай себептермен келмегені туралы сотқа хабарламағанына, істі кейінге қалдыру жөнінде сотқа өтініш түсірмегеніне сүйеніп, азаматтық істі жауапкердің қатысуынсыз қараған.
АПК-нің 127-бабы 4-бөлігінің 4) – 6) тармақшаларына сай жеткізгіште жіберілген хабарлама тараптың тиісінше хабарландырылуы болып табылады: - жеткізілгенін растайтын есепті алған кезде жеке өзі сотқа ұсынған ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша;
егер мұндай хабарламаның келіп түспегені не кешірек түскені дәлелденбесе, хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де электрондық байланыс құралдары пайдаланыла отырып;
белгілі болған соңғы тұрғылықты жері немесе тұрған жері бойынша қағаз жеткізгіште жіберілген хабарлама тараптың тиісінше хабарландырылуы болып табылады.
Іс материалдарымен анықталғандай, бірінші сатыдағы сот істі бір сот отырысында қараған, алайда жауапкерге іс бойынша сот отырысы болатын күні бойынша тиісті хабарлама жолдағаны туралы қандай да мәліметтер іске тіркемеген.
Аталған мән-жайлар Н[...] бірінші сатыдағы сотта істің қаралатын уақыты мен орны туралы хабарланбағандықтан, қорғалу құқығы мен заңда көзделген процестік құқықтарды пайдаланбағанын, шағым жасалып отырған сот актісінің мән-жайына ықпал ете алатын өз дәлелдемелерін келтіру мүмкіндігінен айырылғанын көрсетеді.
АПК-нің 427-бабы 4-бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес егер сот істі сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылмаған іске қатысатын адамдардың қайсыбіреуі болмағанда қараған жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.
Бірінші сатыдағы соттың процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бергені елеулі болып табылады, өйткені ол дау бойынша дұрыс шешім
қабылданбауына әкеп соққан, осыған орай, дауланып отырған сот актісінің күші жойылуға, азаматтық іс жаңадан қарауға жіберілуге жатады. Мұндай жағдайда, сот алқасы ұсынымның негізділігі туралы қорытындыға келеді.
Істі жаңадан қарау кезінде жоғарыда көрсетілген бұзушылықтарды жойып, объективтілік пен бейтараптылықты сақтай отырып, тараптардың дәлелдерін мұқият зерттеп, істі толық көлемде қарап, оларға тиісті құқықтық баға бере отырып, істің мән-жайларын дұрыс анықтап, материалдық, процестік құқық нормаларына сәйкес заңды және негізді шешім шығару қажет.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт аудандық сотының 2017 жылғы 10 қарашадағы шешімінің күші жойылсын.
Азаматтық іс Түркістан облысы Қазығұрт аудандық сотына басқа құрамында жаңадан қарауға жіберілсін.
Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С. Жармұхамбетова Судьялар Ш. Даниярова Н. Қайыпжан Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.