6кп-1-21
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 9 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья А.Д.Рахметулин,
судьялар М.Т. Балкен, Ж.Б. Ермағамбетова, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры
Т[...],
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Ақтөбе филиалының (бұдан әрі- уәкілетті орган) өкілі Б[...],
әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға - «ТИК[...]» шаруа қожалығының өкілі К[...] қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы,
Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық сотының 2020 жылғы 17 сәуірдегі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 мамырдағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен келіп түскен,
«ТИК[...]» шаруа қожалығына қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 251бабының 2)-тармақшасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық сотының 2020 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен «ТИК[...]» шаруа қожалығы (бұдан әрі – «ТИК[...]» ШҚ) ӘҚБтК-нің 251-бабының 2) тармақшасы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4 376 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында соттар қабылдаған қаулылар қайта қарауға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы көрсетілген.
Алқа, ұсынуды қолдап, іс жүргізуді тоқтату жөніндегі К[...] және прокурордың, ұсынуға қарсы болған уәкілетті органың өкілінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулылары бұзылуға жатады деп есептейді. Іс материалдарына сәйкес «ТИК[...]» ШҚ-на қатысты әкімшілік істі қозғауға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүргізген құжаттамалық тексерудің нәтижелері негіз болған. Тексеру нәтижелері туралы қорытындымен «ТИК[...]» ШҚ-ы шетел валютасын репатриациялау талабын бұзуға жол берілгені анықталған. Аталған факті бойынша «ТИК[...]» ШҚ-на қатысты ӘҚБтК-нің 251-бабының 2) тармақшасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған.
Сот «ТИК[...]» ШҚ-ты осы бап бойынша әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл жаза салған. Бірақ соттың шешімі келесі негіздер бойынша заңға сәйкес келмейді.
Істі қарау кезінде «ТИК[...]» ШҚ-ның басшысы К[...] ірі қара малды жеткізу жөніндегі міндеттемелерді бұзумен байланысты құқық бұзушылық жасауда кінәсінің жоқтығы және «Торговый дом КамАгро» ЖШҚ-ы жеткізушісіге төлеген соманы қайтару үшін жасалған әрекеттер жөніндегі құжаттарды дәлелдер ретінде сот қабылдамаған. Тексеру материалдарын негізге ала отырып, сот «ТИК[...]» ШҚ-ның құқық бұзушылық жасаудағы кінәсінің дәлелденгені туралы қорытындыға келген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша 2019 жылғы 17 қаңтарда «ТИК[...]» ШҚ-ғы (сатып алушы) мен Татарстан Республикасындағы «Торговый дом КамАгро» ЖШҚ-ы (жеткізуші) арасында Е[...] ірі қара мал сатып-алу шарты жасалған. Шартты орындау мақсатында «ТИК[...]» ШҚ-ы жеткізушінің пайдасына Ресей Федерациясына 4 000 000 ресей рублі мөлшеріндегі соманы төлеген. Репатриациялау мерзімі 255 күнге белгіленіп, мерзімі 2019 жылғы 30 қарашада аяқталған.
Қазақстан Республикасы «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы » Заңының (бұдан әрі-Заң) 9-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес бейрезидент міндеттемелерін орындамаған немесе толық орындамаған жағдайларда, импорт бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін резидент бейрезиденттің пайдасына аударған ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын уәкілетті банктердегі банк шоттарына есептеу бойынша аудару қажет. Осы талаптарды орындамаған үшін ӘҚБтК-нің 251-бабының 2-тармағы бойынша әкімшілік жауапқа тартылады.
Алайда, ӘҚБтК-нің 25-бабының 1-бөлігінде осы Кодексте сол үшін әкiмшiлiк жауаптылық көзделген, жеке тұлғаның құқыққа қарсы, кiнәлi (қасақана немесе абайсызда жасаған) әрекетi не әрекетсiздiгi немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы әрекетi не әрекетсiздiгi әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылады. Бірақ осы заң талаптарына уәкілетті орган және сот назар аудармай шешім қабылдаған. Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру және резиденттердің экспорт және импорт бойынша келісім шарттардың есептік нөмірлерін алу жөніндегі 2012 жылғы 24 ақпанда бекітілген қағидалардың (бұдан әрі-Қағидалар) 10 және 14-тармақтары бойынша экспортер немесе импортер тараптардың келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындау мерзімдері мен талаптарына әсер ететін жағдайлар туындаған жағдайда, растайтын құжаттарды келісімшарт бойынша репатриациялау талабын орындалуын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті банкке немесе Ұлттық Банктің филиалына ұсынады. Филиал ұсынған құжаттар және ақпарат негізінде экспортердің немесе импортердің іс-әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылықтың немесе қылмыстық жазалау іс әрекетінің болуы туралы мәселені қарайды.
Іс бойынша дәлелдемелер ретінде ұсынған құжаттарға сәйкес «ТИК[...]» ШҚ-ның және сонымен бірге 15 Қазақстандық шаруа қожалықтарының Чехия Республикасынан ірі қара малды «Торговый дом КамАгро» ЖШҚ-нан сатып алу фактісін растайды. Сондай-ақ өнім берушінің тауарды уақтылы жеткізу не алынған ақша қаражатын қайтару жөніндегі міндеттемені бұзу фактілері, сондай-ақ, «ТИК[...]» ШҚ-ның уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, өнім беруші тарапынан міндеттемелерді бұзу салдарларын жою жөнінде тиісті шаралар қабылдауы расталады.
«ТИК[...]» ШҚ-ы «КТ[...]» ЖШС-нің, «Аграрная кредитная корпорация» АҚ-ның, «Национальный управляющий холдинг «КАЗАГРО» АҚ-ның, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өнім берушінің шартты бұзу фактісін растайтын хаттарын («Торговый дом КамАгро» ЖШҚ) ұсынды.
Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы, Татарстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрліктері, Чехия Республикасы елшілігі өкілдерінің қатысуымен Қазан қаласында (Ресей Федерациясы) өткізілген 2019 жылғы 8 тамыздағы кеңестің хаттамасымен тауарды жеткізуді қамтамасыз ету немесе төленген ақшалай қаражатты қайтару бойынша ресми шаралар қабылдауы расталады.
Сонымен бірге Мәртөк аудандық аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының Чехиядан ірі қара малға рұқсат беруді тоқтату туралы хаты, сондай-ақ Ресей Федерациясы ІІМ органының «Торговый дом КамАгро» ЖШҚ-ның басшылығына қатысты Қазақстандық шаруа қожалықтарының қаражатын ұрлау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғау туралы қаулысы бар.
ӘҚБтК-нің 737-бабына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзу мiндеттерi: 1) әрбiр iстiң мән-жайларын уақтылы, жан-жақты, толық және объективтi анықтау, оны осы
Кодекске сәйкес шешу; 2) іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің іске асырылуын қамтамасыз ету; 3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау болып табылады.
Бірақ «ТИК[...]» ШҚ-ы Ұлттық Банктің филиалына Қағидалар бойынша көрсетілген растайтын құжаттарды ұсынғанына, репатриация жасауға мүмкіншілігі болмағанына қарамастан, және оларда қасақана іс-әрекетті болмағанына назар аудармай, уәкілетті орган әкімшілік жөнінде хаттама толтырған.
Соттар көрсетілген заң бұзушылықтарға дұрыс баға бермей,
әкімшілік жауапқа тартқан.
Мұндай жағдайда, ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінде көзделген негіздер бойынша жергілікті соттардың қабылданған қаулыларының күші жойылуға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабының 4) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 251-бабының 2)-тармақшасы бойынша «ТИК[...]» шаруа қожалығы қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық сотының 2020 жылғы 17 сәуірдегі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 мамырдағы қаулыларының күші жойылсын.
Әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты «ТИК[...]» шаруа қожалығы жөнінде Қазақстан Республикасы ӘҚБтКнің 251-бабының 2)тармақшасы бойынша іс жүргізу тоқтатылсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Рахметулин М. Балкен Ж. Ермағамбетова
Судьялар
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.