Қ А У Л Ы
2025 жылғы 12 қараша №6003-25-00-2к/2239 Астана қаласы Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев,
судьялар А.А.Бақытжанова, Ч.И. Майшибаев,
талап қоюшының өкілі А[...],
жауапкер К[...] өкілі Р[...],
жауапкер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның өкілі А[...], жауапкер жеке нотариус А[...] өкілі М[...], бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Р[...] жауапкерлер «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамына, жеке кәсіпкер «К[...]» - К[...], Шымкент қаласының жеке нотариусы А[...] берген, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға Ө[...], кепілдік шартын және кепіл шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысына талап қоюшының өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
2023 жылғы 26 қыркүйектегі №759-ТРК-АБ қарыз шартына сәйкес «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – К[...]) жеке кәсіпкер К[...] (қарыз алушы) нысаналы мақсаты 125 бас аналық бас жылқы малын сатып алу үшін, жылдық пайызы 22% құрайтын, 60 000 000 теңге мөлшерінде, 2033 жылғы 26 қыркүйекке дейін мерзімділік, қайтарымдылық, ақылылық, қамтамасыз етілу және нысаналы пайдалану шарттарында несие берген.
Осы несие бойынша 2023 жылғы 26 қыркүйектегі №759-ТРК-АБ-9 кепілдік шартына сәйкес ЖК К[...] несиесін өтеу бойынша Р[...] толықтай ынтымақтастық жауапкершілігі ұсынылған.
Оған қоса, ЖК К[...] міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылғы 30 қазандағы №759-ТРК-АБ-8 кепіл шартына сәйкес, Р[...] тиесілі Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Жаңаталап тұрғын алабы, №308 мекенжайында орналасқан жылжымайтын мүлік кепілге (бұдан әрі – кепіл мүлкі) ұсынылған.
Р[...] талап қоюында кепілдік етуге және мүлікті кепілге қоюға ниеті болмағаны және кепілдік шарты мен кепіл шартына қол қоймағанымен негіздеп аталған шарттарды жарамсыз деп тануды сұраған.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 25 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы мен Р[...] және жеке кәсіпкер «К[...]» К[...] арасында жасалған 2023 жылғы 26 қыркүйектегі №759-ТРК-АБ-9 кепілдік шарты жарамсыз деп танылған.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы мен Р[...] және жеке кәсіпкер «К[...]» К[...] арасында жасалған 2023 жылы 30 қазандағы №759-ТРК-АБ-8 кепіл шарты жарамсыз деп танылған.
Жауапкерлерден талап қоюшының пайдасына үлестік тәртіппен әрқайсысынан 368 226 теңгеден өндірілген.
Талаптың К[...] филиалына қойылған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 25 ақпандағы шешімі өзгертілген.
Сот шешімі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы мен Р[...] және жеке кәсіпкер «К[...]» К[...] арасында жасалған 2023 жылғы 26 қыркүйектегі №759-ТРК-АБ-9 кепілдік шартын және 2023 жылы 30 қазандағы №759-ТРК-АБ-8 кепіл шартын жарамсыз деп тану туралы бөлігінде күші жойылып, талап қоюдың бұл бөліктерін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымында талап қоюшының өкілі апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бергенін көрсетіп, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін қалпына келтіруді сұрайды.
Талап қоюшының өкілінің және жауапкер К[...] өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкерлер К[...] мен жеке нотариустың өкілдерінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438 бабының 5 бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Қаралып отырған іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотпен осындай заң бұзушылыққа жол берілген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 157бабының 1,2 тармақтарына сәйкес мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңнамалық актілерде тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады.
Мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады.
АК-нің 299-бабының 1-тармағына сай мiндеттемеге сәйкес несие берушiнiң (кепiл ұстаушының) борышқор кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған ретте кепiлге салынған мүлiк құнынан осы Кодексте белгiленген алып тасталатындарды қоспай, осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа несие берушiлердiң алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар мiндеттеменi атқаруының осындай әдiсi кепiл деп танылады.
АК-нің 329-бабының 1-тармағында кепiлдiк бойынша кепiлдiк берушi, заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа жақтың (борышқордың) несие берушiсi алдында осы жақтың мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе борышқормен ортақтасып iшiнара жауап беруге мiндеттенетіні ескерілген.
Іс бойынша бірінші сатыдағы сот 2025 жылғы 5 қаңтардағы ұйғарымымен сот-қолтаңба сараптамасын тағайындаған.
Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтының сарапшысының 2025 жылғы 3 ақпандағы №170 қорытындысына сай, Р[...] атынан кепілдік шартына және кепіл шартына қойылған қолдар оның өзімен емес, басқа тұлғамен орындалғаны көрсетілген.
Бірінші сатыдағы сот сараптама қорытындысымен даулы шарттарға талап қоюшының олардың бар екенін білмегені, оларға қол қоймағаны туралы уәждері дәлелденгенін, бұл мән-жай оның мәміле жасау еркі болмағанын анықтайтынын негізге алып, талап қоюды қанағаттандырған.
Апелляциялық сатыдағы сот К[...] несие шартына және даулы шарттарға қатысты К[...] қауіпсіздік департаментінің қызметкерлерімен қызметтік тексеру жүргізіліп, тексерудің барысында талап қоюшы Р[...] даулы шарттарға ұлы Ә[...] (қәзіргі кезде қайтыс болған) өтініші бойынша қол қойғанын көрсеткенін, бұл туралы К[...] қызметкерімен ауызша сауалнама нәтижелері бойынша анықтама жасалғанын, сонымен қатар, азамат К[...] пен ЖК К[...] несие рәсімдеу бойынша талап қоюшының ұлы Ә[...] айналысқанын көрсеткенін, осылайша, аталған шарттарды рәсімдеуге талап қоюшының ұлы Ә[...] қатысы бар екені анықталғанын негізге алып, талап қоюшы өзінің ұлы Ә[...] несие рәсімдеп жүргенін және осы несиеге қатысты даулы шарттардың жасалғанын білмеуі мүмкін емес деген болжам жасап, бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Осы мән-жайларға орай, апелляциялық сот сот-қолтаңба сараптамасы қорытындысын негізге алуға болмайды деген тұжырым жасаған.
АПК-тің 92-бабының 7-тармағына сай, сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайды, бірақ онымен келіспеген жағдайда, бұл туралы сот шешімінде көрсетілуге тиіс.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 нормативтік қаулысының 11 пунктіне сай сот шешiмі iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес. Сот шешімде сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасауға құқылы емес. Сот шешімді әрбір тараптың дәлелдемелерді зерттеуге тең негіздерде қатысуы қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді.
Кассациялық сот апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында осы жайттарды ескермеген деген қорытындыға келеді.
АПК-нің 63-бабының 1 бөлігіне сәйкес сот солардың негізінде тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың, сондай-ақ істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар өзге де мәнжайлардың бар немесе жоқ екендігін анықтайтын заңды тәсілмен алынған фактілер туралы мәліметтер іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
АПК-нің 67-бабына сай егер тексеру нәтижесінде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетіні анықталса, дәлелдеме анық деп есептеледі.
АПК-нің 68-бабының 1 бөлігінде әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс екені бекітілген.
Кассациялық сот апелляциялық сот алқасының тұжырымдары анық дәлелдер жиынтығымен бекітілмеген деп санайды.
К[...] қауіпсіздік департаментінің қызметкерінің жауабы ешқандай басқа дәлелмен (құжатпен) бекітілмеген, талап қоюшы оны теріске шығарған, демек, бұл қызметкердің жауабы анық дәлелге жатпайды. ЖК К[...] пен куә К[...] несие рәсімдеу бойынша талап қоюшының ұлы Ә[...] айналысқаны жөніндегі жауаптары даулы шарттарды талап қоюшының жасағанын анықтамайды. Талап қоюшының өзінің туған ұлы Ә[...] несие рәсімдеп жүргенін және осы несие бойынша даулы шарттардың жасалғанын білмеуі мүмкін емес болғаны туралы тұжырымы болжамдарға негiзделген және бұл да даулы шарттарды талап қоюшының жасағанын анықтамайды.
Керісінше бірінші саты сотының шешімі тікелей анық дәлел - сараптама қорытындысына негізделген.
Сараптама қорытындысы талап қоюшының бұрынғы және еркін қойылған қолдарын зерттеу арқылы заң талаптарына сай жасалған, сараптама қорытындысын жарамсыз дәлел ретінде тануға негіз жоқ.
Осы сараптама қорытындысымен жеке нотариустің даулы шарттарға талап қоюшының өзі қолын қойғаны жөніндегі жауаптары терістеледі.
Осы мән-жайлар негізінде кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың осы іс бойынша қабылданған сот актісін заңды және негізді деп тануға болмайды деп санайды, апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында АПК-нің 224-бабының талаптарын сақтамауы, оның іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.
Кассациялық сот іс бойынша дәлелдемелерді жинау және қосымша тексеру талап етілмейтінін ескере отырып, даудың мән-жайы толық анықталғанын, алайда апелляциялық сатыдағы сот материалдық құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануда қателік жібергенін анықтап, оның қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыру туралы тұжырымға келеді.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандыруға жатады.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 610 бабының 1 бөлігіне сай сотқа берiлетiн мүліктік сипаттағы талап қоюлардан: жеке тұлғалар үшiн – талап қою сомасының 1 пайызы, 10 000 АЕК-тен аспайтын мөлшерде; мүлiктiк емес сипаттағы немесе бағалауға жатпайтын басқа да талап қою арыздарынан – 0,5 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж алымы төленеді.
Осы баптың 2 бөлігіне сай, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттардан мемлекеттік баж жолданым субъектісі үшін осы баптың 1-тармағында белгіленген мемлекеттік баждың тиісті мөлшерлемесінің 50 пайызы мөлшерінде алынады.
Салық кодексінің 108 бабының 1 бөлігіне сәйкес, мемлекеттiк баждың артық төленген сомасы талап қоюшы сотқа талап арыздар және өзге де өтініштер (шағымдар) берген кезде өз талаптарын азайтатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк баж осы Кодекс бойынша талап етiлгеннен көп мөлшерде енгiзiлген жағдайда қайтаруға жатады.
Талап қоюшының екі талап қоюы да мүліктік емес, сондықтан кассациялық шағым бойынша әр талап қою үшін 983 теңгеден екі талап қою үшін 1966 теңге төленуі тиіс (983 х 2 = 1966 теңге).
Кассациялық сот кассациялық шағымды қанағаттандыра отырып АПКтің 109-бабы 1-бөлігіне сәйкес жауапкерлер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан, К[...], жеке нотариус А[...] талап қоюшының пайдасына үлестік тәртіппен, әрқайсысынан 655 теңгеден мемлекеттік баж өндіреді.
Талап қоюшымен кассациялық шағым бойынша 2025 жылғы 21 тамыздағы төлем құжатымен 70 192 теңге баж алымы төленген, сондықтан артық төленген 68 226 теңге баж алымы талап қоюшыға қайтарылады (70 192 – 1966 = 68 226 теңге).
АПК-нің 451-бабы 2 бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот,
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысының күші жойылсын.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 25 ақпандағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Талап қоюшы Р[...] пайдасына жауапкерлер «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан, К[...], жеке нотариус А[...] үлестік тәртіппен, әрқайсысынан 655 (алты жүз елу бес) теңгеден өндірілсін.
Талап қоюшы Р[...] пайдасына мемлекеттік бюджеттен артық төленген 68 226 (алпыс сегіз мың екі жүз жиырма алты) теңге баж алымы қайтарылсын.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
А.Бақытжанова
Ч.Майшибаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.