ВС РК - Постановление от 05.12.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2667 (Административное)

6001-23-00-6ап/2667

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 5 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Ж.Б.Ермағамбетова, Г.К.Нұрбаев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Бахытжан Музаппарович Алданиязовтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 23 ақпандағы №14 хаттамасын жарамсыз деп танып, күшін жою жəне отбасы мүшелеріне ақшалай өтемақыны төлеуді міндеттеу туралы əкімшілік ісі бойынша,

Шымкент гарнизоны əскери сотының 2023 жылғы 24 сəуірдегі шешіміне, Казақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2023 жылғы 22 тамыздағы қаулысына талап қоюшының өкілі берген кассациялық шағымымен түскен əкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Б.М. Алданиязов сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан əрі – Департамент) жүгінген.

Шымкент гарнизоны əскери сотының 2023 жылғы 24 сəуірдегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Казақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2023 жылғы 22 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші жəне апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып талап қоюды қаңағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан əрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Жауапкер кассациялық шағымды Департамент өкілінің қатысуынсыз қарау жөнінде өтінішхат жолдаған. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сəйкес əкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан əрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Б.М.Алданиязов 2004 жылғы 25 қарашадан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде əскери қызметін атқарады.

2023 жылғы 30 қаңтарда Б.М.Алданиязов өзіне жəне отбасы мүшелеріне ақшалай өтемақы төлеу туралы баянатпен Департаментке жүгінген.

Департаменттің тұрғын үй комиссиясы отырысының 2023 жылғы 23 ақпандағы №14 хаттамалық шешімімен жоғарыда көрсетілген баянат қаралып, қанағаттандырусыз қалдырылған.

Б.М.Алданиязов тұрғын үй комиссиясының шешімімен келіспей

жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, Б.М.Алданиязов бұрын мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйді жекешелендіргендігімен уəждеп, талап қоюды қаңағаттандырудан бас тартқан.

ӘРПК-нің 5 бабының екінші бөлігіне сəйкес əкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау жəне қалпына келтіру мақсатында əкімшілік істерді əділ, бейтарап жəне уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің 7 бабында белгіленген заңдылық қағидатына сəйкес əкімшілік орган, лауазымды адам əкімшілік рəсімдерді өз құзыреті шегінде жəне Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сəйкес жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бқдан əрі – Заң) 101-2 бабының 4-тармағының 2) тармақшасына сəйкес, осы тармақта көзделген өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы, егер əскери қызметшінің не оның зайыбының (жұбайының) тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырса төленбейді.

Заңның 101-3 бабының 3-тармағының 4) тармақшасына сəйкес арнаулы мемлекеттік органдардың, ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уəкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлерін жəне (немесе) əскери қызметшілерді, егер олар не олардың зайыбы (жұбайы) тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжайды жекешелендіру құқығын құқықты іске асыру орны бойынша іске асырса тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тартылады.

Сотта 2002 жылғы 3 қыркүйектегі жекешелендіру келісім-шартына сəйкес Б.М.Алданиязов Алматы қаласы, Медеу ауданы, Достық даңғылы, №966 үй №123 пəтерді өтеусіз жекешелендіргендігі анықталған.

Яғни, талап қоюшы əскери қызметші ретінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын жайды жекешелендіру құқығын іске асырған.

Мұндай жағдайда, Заңның талаптарына сəйкес Б.М.Алданиязовқа ақшалай өтемақы төлеуге құқықтық негіздер жоқ.

Талап қоюшының Заңның 101-2 бабының 4-тармағына сəйкес тұрғынжай құқығы ол некеге тұрғанға дейін іске асырылса, оның зайыбы (жұбайы) есепке алынбай жүзеге асырылатындығы жөніндегі уəждері жергілікті соттардың қаперіне негізді алынбаған, өйткені бұл норма талап қоюшының əйелі некеге тұрғанға дейін жекешелендіру құқығын іске асырған жағдайда есепке алынбай жүзеге асырылатындығын білдіреді.

Жоғарыдағылар негізінде, сот алқасы жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдары заңды əрі негізді деп есептейді.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сəйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сəйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дəлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уəждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уəждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дəлелдер мен негіздемелер келтірілмеген. Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды жəне істің мəнжайларына сəйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын жəне АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент гарнизоны əскери сотының 2023 жылғы 24 сəуірдегі шешімі жəне Казақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2023 жылғы 22 тамыздағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б.Дуйсенбаев

Ж.Б.Ермағамбетова

Судьялар

Г.К.Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс Судья

Г.К.Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.