6001-25-00-3г/1260
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 17-наурыз
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Р. Ералиева,
талап қоюшы «Жосалы кенті әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мекеме, Тапсырыс беруші) жауапкер «Энергиянұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік, Орындаушы, ЖШС), даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін, талап қоюшы жағындағы үшінші тұлғалар, техникалық қадағалаушы «Premium Tech - control» ЖШС-нің, авторлық қадағалаушы «Estimate Project» ЖШС-нің, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24-қазандағы қаулысын қайта қарау туралы Серіктестіктің келтірген өтінішхатын электрондық істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
Мекеме сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 23-тамыздағы шешімімен Мекеменің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24-қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, Мекеменің талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.
Серіктестіктен мемлекет пайдасына 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Өтінішхатта арызданушы істі қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмағанын және анықталмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген. «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі: өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.
«Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21-сәуірдегі № 4 Нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы өнім берушілермен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қоюларды қарау кезінде соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 359-бабына сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негізі ретінде өнім берушінің кінәсін және АПК-нің 6-бабының бесінші бөлігіне сәйкес әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып, тапсырыс беруші үшін туындаған жағымсыз салдарларды назарға алуы қажет. Мекеме мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талабын Серіктестіктің шарт бойынша міндеттемесін толық орындамауына негіздеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2024 жылғы 28-наурызда тараптардың арасында құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі – Шарт) жасалған.
Серіктестік аталған Шартқа сәйкес Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Рысқұлов көшесін абаттандыру жұмыстарын орындауға міндеттенген. Шарттың құны 31 360 000 теңгені құраған.
Шарттың 9.1 бөлігіне сай, ол Тапсырыс беруші оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық органында тіркегеннен кейін күшіне еніп, 2024 жылдың 31-желтоқсанына дейін қолданылады.
Шарттың орындалу мерзімі ол күшіне енгеннен кейін 2 ай ішінде орындалуға тиісті болған. Шарт қазынашылықтың аумақтық органында 2024 жылдың 28-наурызында тіркелген. Демек, Серіктестік Шарт бойынша жұмысты 2024 жылдың 28-мамырына дейін аяқтауға міндеттенген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруын Мекеме сотқа жүгінген кезде Серіктестік өзіне жүктелген міндеттемелердің 95 пайызын орындағанын, яғни Мекемеге жағымсыз салдарлар туындамағанын, сол себепті әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттары басшылыққа алынуға жататынын көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, жаңа шешім қабылдап, Шарттың дер кезінде орындалуына ешқандай
кедергілердің болмағанын, міндеттердің кеш орындалуының өзі жағымсыз жағдайға жататынын, мерзім 130 күнге кешіктірілгенін тілге тиек еткен.
Апелляциялық сатыдағы соттың түйіндерімен өтінішхат иесі келіспей, төмендегі мән-жайларды көрсеткен.
Орындаушының Шарт бойынша міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындай алмауының себебі:
жаз мезгілінде бетон өнімдерін өндіруші мекемелерде тапсырыстың көп болып, материалдардың объектіге кеш жеткізілуі;
сметалык құжаттамада көрсетілмеген артық жұмыстар орындалғаны (құм төсеу жұмыстары жасалғаны және құны 1 миллион теңге тұратын Жосалы жазуымен 10 дана жарықшам орнатылғаны);
жауын-шашын салдарынан орындалған жұмыстар қайта қалпына келтірілгені.
Істі бірінші сатыдағы сотта қараған кезде Орындаушы Шарт бойынша міндеттемелерін 95,2 пайызға орындағанын, ол жұмыстарды қабылдау актілерімен, тараптар өкілдерімен бекуін тапқанын көрсеткен.
Орындаушының Шарт бойынша міндеттемелерін кешіктіріп орындауынан Тапсырыс берушіге нақты нұқсан түрінде немесе айырылып қалған пайда түрінде ешқандай залал келмегенін, яғни, жағымсыз салдарлар туындамағанын ескермеген.
Апелляциялық сатыдағы соттың Шарт бойынша жұмыстардың мерзімінен кеш орындалуының өзі жағымсыз салдарға жатады деген пікірі ешқандай құқық нормаларына негізделмеген.
Серіктестік сотта 2023-2024 жылдары қаралған даулар бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы ретінде танылмаған.
Шарт бойынша жұмыстар 2024 жылдың қыркүйек айында толық аяқталып, тараптар арасында орындалған жұмыстар туралы актілер жасалған.
Сол себепті Мекемеге ешқандай залал, жағымсыз салдарлар келмеген. Серіктестік 2024 жылы бюджетке 10 511 439 теңге салық төлеген.
Бұл ретте, Серіктестік тапсырыс беруші Мекеменің талап қоюын заңсыз және негізсіз деп есептейді.
Жоғарыдағылардың негізінде, апелляциялық сатыдағы соттың түйіні іс құжаттарымен сәйкес келмейді.
Судья, өтінішхат берушінің көрсетілген уәждері сот актісін қайта қарауға негіз болатынын басшылыққа алып, азаматтық істі алқа отырысында қарау үшін беру қажет деп санайды.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
«Энергиянұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24-қазандағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан
Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья Ералиева Б.Р.
Көшірмесі дұрыс: Судья
Ералиева Б.Р.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.