6001-22-00-6ап/302
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 21 маусым
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Баймаханов С.У.,
судьялар Өмірәлиев Е.Ж., Ермағамбетова Ж.Б. болып,
талап қоюшы өкілі Б[...],
жауапкердің өкілі Д[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында қашықтықтан бейне-дыбыс жазу құралдарын қолдану арқылы талап қоюшы Е[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - Департамент) әскери қызметші мәртебесін жоғалтуына байланысты ағымдағы тұрғын үй төлемдерін төлеуден бас тарту туралы іс-әрекеттерді заңсыз деп тану, жауапкерді тұрғын үй төлемдерін төлеуді міндеттеу туралы талап қоюы бойынша әкімшілік ісін
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қазандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 қантардағы қаулысына талап қоюшы өкілінің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы Е[...] сотқа аталған әкімшілік талабымен жүгініп, талап қоюын Департамент өзінің әскери қызметші мәртебесінен айырылуына байланысты оған тұрғын үй төлемдері берілуге жатпайды деп заңсыз бас тартқанымен негіздеген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қазандағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған. Департаменттің әскери қызметші мәртебесінен айырылуына байланысты бұйрық шығарудан бас тарту бойынша 2021 жылғы 15 шілдедегі хатымен расталған әрекеттері заңсыз деп танылған. Талап қоюының қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының материалдық және процессуалдық заң нормаларын бұзуына байланасты іс бойынша қабылданған сот актілерін өзгертіп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырылған бөлігінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсініктерін, жауапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым Қазақстан Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай - АПК) ережелерімен белгіленеді.
АПК-нің 427-бабының 1-бөлімі 1) тармағына сәйкес, апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жоюға не оны өзгертуге материалдық, процессуалдық құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданбауы негіз болып табылады.
Осы іс бойынша жергілікті соттар аталған заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшы Е[...] 2015-2018 жылдар аралығында келісім-шарт негізінде Департаменттің Сарыағаш аудандық басқармасында әскери қызмет атқарған. 2015 жылғы 20 наурызда талап қоюшы тұрғын үйге мұқтаждар есебіне алу туралы баянатпен жүгініп, әскери бөлімнің тұрғын үй бөлу бойынша комиссия отырысының 2015 жылғы 11 сәуірдегі хаттамасымен, Е[...] отбасы мүшелерімен бірге тұрғынжайға мұқтаж деп танылып, кезекке қойылған. 2018 жылдың 5 ақпандағы №29 бұйрығының негізінде талап қоюшы келісім-шарт мерзімінің аяқталуына байланысты әскери қызметтен босатылған.
2021 жылғы 12 шілдесінде Е[...] Департаментке өтініш білдіріп, 2015 жылғы 11 сәуір мен 2018 жылғы 5 ақпан аралығындағы кезеңге ағымдағы тұрғын үй төлемдерін төлеп беруді сұраған.
Департамент 2015 жылғы 15 шілдесінде талап қоюшының әскери қызметші мәртебесінен айырылуына байланысты тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы бұйрық шығарудан бас тартқан.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 101-2-бабының 5-тармағына сәйкес, тұрғынжайға мұқтаж деп танылған, бірақ 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілер әскери қызметтен шығарылған кезде (теріс себептермен қызметтен шығару жағдайларын қоспағанда) арнаулы мемлекеттік органдарда, Қ[...], басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтің барлық кезеңіне бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдерінің сомасы шегеріле отырып, тұрғын үй төлемдерін алады.
2018 жылғы 1 қаңтарға дейін жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық объектілердің аумағындағы және (немесе) жатақханадағы қызметтік тұрғынжайда тұрған әскери қызметшілерге әскери қызметтен шығарылған кезде (теріс себептермен қызметтен шығару жағдайларын қоспағанда) тұрғын үй төлемдері көрсетілген тұрғынжайда тұрған барлық кезеңге осы тарауға сәйкес айқындалған тұрғын үй төлемдері мөлшерінің елу пайызы мөлшерінде жүзеге асырылады.
Дауды шеше отырып және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асырудан бас тартудың заңсыз деп тану туралы талабын қанағаттандыра отырып, жергілікті соттар жауапкердің 2021 жылғы 15 шілдедегі хатында көрсетілген бас тарту негізі Заң талаптарына қайшы келеді деген дұрыс қорытындыға келді. Атап айтқанда, азаматтың әскери қызметші мәртебесін жоғалту фактісі ағымдағы тұрғын үй төлемдерін жүзеге асырудан бас тартуға негіз бола алмайды. Тұрғын үй төлемдері әскери қызметтен босатылған кезеңде де, одан кейін де берілуі мүмкін.
Сот актісінің аталған бөлігіне тараптармен шағым жасалмаған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 178-бабының 1-тармағына сәйкес талап қоюдың жалпы мерзімі үш жыл болып белгіленеді.
Талап қою мерзiмiн сот шешiм шығарғанға дейiн дауда тарап жасаған мәлiмдеме бойынша ғана сот қолданады.
Талап қойылғанға дейін талап қою мерзімінің өтуі соттың талап қоюдан бас тарту туралы шешім шығаруына негіз болып табылады (АК 179-бабының 2,3-тармақтары).
Талап қою мерзімін қолдану туралы өтініш жауапкермен 2021 жылғы 17 мамырда берілген.
Соттар жауапкердің талап қоюшыға ағымдағы тұрғын үй төлемдерін жүргізу міндетін жүктеу бөлігінде талап қоюын қанағаттандырудан бас тарта отырып, АК-нің 178-бабының 1-бөлігін басшылыққа ала отырып, 2018 жылғы 5 ақпаннан бастап есептелетін үш жылдық талап қою мерзімін тұрғын үй төлемдерін алу құқығы туындағаннан бастап (запасқа шығарылған сәттен) сотқа талап қою берілгенге дейін қолданды, яғни 2021 жылдың 28 тамызында.
Жергілікті соттардың көрсетілген тұжырымдарымен келісе отырып, алқа мынаны атап өтеді. Әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыруды көздейтін Заңның ережелері 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады және бұрын туындаған құқықтық қатынастарға қолданылмайды.
Осыған байланысты 2015 жылғы 11 сәуір мен 2018 жылғы 1 қаңтар аралығындағы кезеңде талап қоюшы тұрғын үй төлемдерін талап етуге құқығы жоқ.
2018 жылғы 1 қаңтардан 5 ақпанға дейінгі кезеңге ағымдағы тұрғын үй төлемін есептеу үшін талап қою мерзімі аяқталды, бұл талап қоюшының кассациялық шағымын қанағаттандыру мүмкіндігін жоққа шығарады.
Жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс анықтағандықтан, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, сот актілерінің күшін жою үшін негіздер таппайды, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қазандағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы өкілі Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Е. Өмірәлиев
Судьялар
Ж.Ермағамбетова
Көшірмесі дұрыс Судья
Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.