Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2655 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 2 желтоқсан №6003-25-00-2к/2655 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков,

судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева,

талап қоюшының өкілі А.Б.Ахметовтың, жауапкердің өкілі Д.Г.Жантемировтың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы, ашық сот отырысында, талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Қонаев қаласы аудандық пайдалану бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер Бакыткуль Турсуновна Айдароваға қызметтік тұрғын үйден бірге тұратын отбасы мүшелерімен басқа тұрғын үй бермей шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Алматы гарнизонының әскери сотының 2025 жылғы 10 маусымдағы шешіміне және Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Мекеме жауапкердің зейнеткерлік жасқа жетіп, еңбек шартының бұзылуына байланысты оны отбасы мүшелерімен қызметтік тұрғын үйден басқа тұрғын үй бермей шығару туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 10 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Б.Т.Айдарова мен онымен бірге тұратын жұбайы Ә.А.Омаров Алматы облысы, Қонаев қаласы, Жұлдыз ықшамауданы, №1 әскери қалашық, №133 үй, 35 пәтерден басқа тұрғын үйжай берілместен шығарылған. Сот шығындары туралы мәселе шешілген. Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жауапкер өкілі кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың түйіндері істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, дауланып отырған сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық соттың қайта қарауына жолдауды сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс материалдарына қарағанда жауапкер Б.Т.Айдарова Мекемеде Қарулы Күштердің азаматтық персонал қызметін атқарып келген. Оның Мекемеде жұмыс атқарған уақыты бойынша ресми өтілі мерзімі 8 жыл 10 айды құрайды.

Мекеменің 2024 жылғы 5 желтоқсандағы №242 бұйрығы негізінде жауапкер 2025 жылғы 5 қаңтарынан бастап зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты еңбек шарты бұзылып, жұмыстан шығарылған.

Жауапкердің Алматы облысы, Қонаев қаласы, Жұлдыз ықшамауданы, №1 әскери қалашығы №133/35, 2 бөлмеден тұратын, тұрғынжайдың жалпы ауданы 47,9 шаршы метр, тұрып жатқан пәтері мемлекеттік тұрғын үй қорына кіреді. Жауапкер бұл қызметтік пәтерде жұбайы Ә.А.Омаровпен бірге тұрады. Әскери қалашық жабық әскери қалашық санатына жатады.

Аталған қызметтік пәтер Б.Т.Айдароваға Қонаев гарнизоны тұрғын үй комиссиясының 2024 жылғы 29 ақпандағы №4 хаттамалық шешімі негізінде 2024 жылғы 1 наурыздағы тараптар арасында жасалынған №200 жалдау шарты бойынша берілген. Шарттың 21-тармағымен қызметтік пәтерді жалдау мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан 2025 жылғы 1 наурызға дейін анықталған болатын.

Талап қоюшы өз тарапынан сотқа дейінгі дауды шешу мақсатында жауапкерге 2025 жылғы 26 наурыздағы №213 шығыс хатымен қызметтік пәтерді өз еркімен босату қажеттілігі туралы хабарлама жіберген. Жауапкер қызметтік пәтерді босатпағандықтан Мекеме сотқа жүгінген.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 109-бабының талаптарына сәйкес, қызметтік тұрғынжайлар өздерінің еңбек қатынастарының сипатына байланысты жұмыс орны бойынша тұруға тиісті Қазақстан Республикасының азаматтарын жалдау шарты бойынша қоныстандыруға арналады.

Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк мекемелердің жұмыскерлері, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары мен судьялар, егер олар мемлекеттiк қызметте, бюджеттiк ұйымдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда немесе судья лауазымында (мемлекеттiк сайланбалы лауазымда болу мерзiмiн қоса алғанда) кемiнде он жыл (жиынтығында) жұмыс iстесе, сондай-ақ еңбек қатынастары мынадай негіздер бойынша:

  1. ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;

  2. одан әрi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;

  3. зейнеткерлікке шығуына байланысты;

  4. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы лауазымында болу мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылса, жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, өздерi тұрып жатқан қызметтiк тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.

Заңның 110-бабы 1-тармағында Қазақстан Республикасы азаматтарын еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз міндеттерін орындауы кезеңінде, оның ішінде ротациялау тәртібімен лауазымға тағайындалған мемлекеттік қызметшілерді қоныстандыруға арналған қызметтік тұрғынжайды беру және оны пайдалану тәртібін уәкілетті орган айқындатыны көрсетілген. Заңның 111-бабы 1-тармағына сәйкес, осы Заңның 109-бабының 2- тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастарына байланысты қызметтік тұрғынжай берiлiп, ол қатынастарды тоқтатқан жұмыскерлер, оның ішінде лауазымға ротациялау тәртібімен тағайындалған мемлекеттік қызметшілер өздерiмен бiрге тұратын барлық адамдармен қоса басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға жатады деп көрсетілген. Жауапкер өкілінің кассациялық шағымындағы жауапкер Б.Т.Айдарованың мемлекеттiк мекемелерде, бюджеттiк ұйымдарда жалпы жиынтығында 10 жылдам астам уақыт жұмыс iстегені және Мекемеден зейнеткерлікке шыққаны талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруға негіз болып табылады деген уәжі дәйексіз. Істі соттарда қарау барысында жауапкердің жабық әскери қалашықта жекешелендіруге жатпайтын қызметтік пәтермен уақытша қамтамасыз етілгені және бұл пәтерге рәсімделген жауапкерге берілген тұрғынжайды жалдау шартының мерзімі 2025 жылғы 1 наурызында аяқталған анықталған, яғни жауапкерге қызметтік пәтерді одан әрі пайдалауына құқықтық негіз болмаған.

Сондықтан бірінші сатыдағы сот жекешелендіруге жатпайтын жабық әскери гарнизондарда қызметтік тұрғын жаймен қамтамасыз етілген әскери қызметке қатысы жоқ азаматтар қызметтік пәтерді жалға берушіге өткізіп беруі керек деген тұжырым жасап, жауапкерді бірге тұрып жатқан зайыбымен қызметтік пәтерден басқа тұрғынжай берместен заңды, дұрыс шығарған. Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымен келіскен.

Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен заңды негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Аталған негіздерге байланысты кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы гарнизонының әскери сотының 2025 жылғы 10 маусымдағы шешімі және Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер

жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.